ҚАЗАҚ ПЕН ӨЗБЕК АРАСЫНДА АРБА ДА, ДОРБА ДА ЖҮРЕДІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға екі күндік ресми сапары 14 сәуір күні басталды. Және өте жемісті аяқталды. Әсіресе Өзбек билігінің Қазақстан Президентін ерекше риясыз көңілмен қарсы алғанын әлемдік ақпарат жарыса жазды. Бұл — ел Президенті үшін үлкен мәртебе!

Қазақстан Президенті Ташкентте өзбек көшбасшысымен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, маңызды келісімдерге қол қойды. Сондай-ақ Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанатына да қатысып, ел мерейін үстем етті.
Қазақ — Өзбек қатынасы тәуелсіздік алған жылдардан бері жанданып келеді. Бауырлас екі елдің арасында арба да, дорба да жүр. Сыйластықтың жарқын үлгісі, екі елдің Тұңғыш Президенттерінің кезінде орнығып, бүгіндері шырқау биігіне көтерілгені байқалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев та, Шавкат Мирзиёев те өз елдерінде екінші Президент. Екеуі де саяси жағынан толысқан тұлғалар.
Айта кетейік, бұл — Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде сырт елдерге жасаған екінші сапары. Бұған дейін сәуірдің басында Ресейге барған болатын. Ол жайында әлемдік ақпарат «орыс ағайындар қазақ президентін салқынқанды қарсы алды» деген сыңайда сынға алды. Сырт көз сыншы десек те, Ресей тарапын Қазақстан Президентіне шама-шарықтарынша сый-сияпатын көрсетуге тырысып бақты…
Сонымен Қазақстан мен Өзбекстанды діл мен дін, әрі ортақ тарих біріктіреді. Екеуі де Орталық Азиядағы жетекші күшке ие мемлекет. Халық саны жағынан Өзбекстан көш басында, әрине.

«Өсер мал түстес келеді» деген мақал қазақ пен өзбекке де ортақ. Осыдан-ақ, екі елдің бауырластығын, түркінің бір тамырынан тарағанын пайымдай беріңіз. Ұқсастық демекші, екі елдің Президенттері де дарақылықты ұнатпайды.
Бұхара облысына іссапармен барған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев шенеуніктерге қол шапалақтап, мадақ айтуды доғаруды бұйырғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіні шарлап жүр. Құр босқа ода айтқанша нақты жұмыспен айналысуды тапсырыпты басшыларға. «Шенеуніктердің қызметі халықтың мүддесіне еңбек ету. Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесін әрбір көше, әрбір отбасы сезінуі тиіс. Қол соғып, құрмет көрсетуді, мақтау сөздерді қою керек. Жұмысты дұрыс жоспарлап істеу қажет», — депті Өзбек президенті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Маңғыстауға сапары барысында жұртшылықпен кездесіп, әкімдер тарапынан өзіне көрсетілген құрметтің шектен шыққанына ренжігені белгілі.
«Ақтауда менің суретім бейнеленген 14 билборд ілініп тұрғанын естідім. Менің ойымша, бұл — мүлде орынсыз, мен мұндай насихатқа мұқтаж емеспін. Мұндай әкімшілік ыждаһаттылық неменеге керек?» — деп, дарақылықтан бойды ары ұстауға шақырды әкімдерді.
Екі президенттің тағы бір ұқсастығы әлеуметтік желіге тіркеліп, өздерінің ой-пікірлерін жазып отыратыны.
Мысалы, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Facebook, Twitter, Instagram, Youtube желілерінде аккаунты және Telegram-каналы бар екен. Президенттің Facebook-тегі парақшасында оның басқа әлеуметтік желілердегі аккаунттарының ресми парақшаларына сілтемесі бар.
Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та желіні белсенді қолданушылардың бірі. Оқырмандарының саны 110 мыңнан асады. Бұл — өте белсенді қолданушыларға тән көрсеткіш. Көбіне твиттерді пайдаланады.
Бұл жерде біз қос елдің екінші Президенттерінің жаңашылдыққа іңкәрліктерін айтқымыз келді. Себебі қазір әлем жаңарып жатыр. Оның көшіне ілесу үшін, жаһандық жаңаруға бейімделу уақыт талабы.

 

ӨЗБЕКСТАН САПАРЫ ТАБЫСТЫ АЯҚТАЛДЫ

Ақорданың хабарлауынша Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бірлескен мәлімдемесі.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы келісім.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
4. Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім аясында Қазақстан Республикасының мен Өзбекстан Республикасының уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталармен алмасу түріндегі келісім.
5. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.
6. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
7. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы Әскери ұшақтарды қабылдау, аэродром-техникалық қамтамасыз ету және әскери аэродромдарда әскери әуе кемелерін күзету туралы келісім.
8. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы “Орталық Азия” халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
9. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі комитет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.