Азамат азаматтығын танытты, біздің шоумендер неге үнсіз?
Ресейде тұратын бауырымыз Азамат Мұсағалиев 8 күні Қазақстандағы жағдайға алаңдап, мынадай пост жазыпты:
«Соңғы уақытта үрей мен шарасыз күйде Қазақстанды бақылап отырмын. Ешкім нақты ештеңе демесе де, болған жағдай – үлкен трагедия. Өртеу, жару, бұзақылық. Ең сорақысы адам өлімі. Қандайда бір баға беріп, оң-солын айта алмаймын. Менде қазір «Барлығы тезірек бітсе екен» деген ниет қана бар.
Мен қазақпын. Ешқашан Қазақстанда тұрған емеспін. Бірақ менің жүрегіме Қазақстан терең орнаған екен. Бүгін осы жағдайдан кейін осыны анық сезіндім.
Қазақстан, мен сенімен біргемін», – деп жазыпты әзілкеш.
Сондай-ақ Өскемен қаласының тумасы, қазір Ресейде танымал әзілкеш Евгений Чебатков та қанды қырғынға байланысты өз ойын жазған:
«Қазір Қазақстандамын. Балалық шағым өткен үйдемін. Интернет енді қосыла бастады. Елдің ішінде болсам да, болып жатқан жағдайға баға беру қиын. Басқа қаладағы достарыммен үнемі хабарласып, бір-бірімізді арқадан қағып, жақсылыққа сеніп отырмыз. Елдегі жағдайға баға беріп, сараптама жасай алмаймын. Сарапшы емеспін. Тек қазақстандықтармен бірге қатты жаным аурып тұр. Бар қалауым қан төгіс тоқтап, билік пен халық ортақ шешімге келсе екен. Аңғалдық па? Аңғалдық болса бола берсін. «Рождествода ғажайыптар болады» деуші еді ғой. Бір бірімізді сақтайық», – деп жазыпты.
Шыны керек Азамат Мұсағалиев пен Евгений Чебатковтың жазбасы көзге жаз үйірді. Қиын сәтте өз ойын білдірген ғажап азаматтар екен. Осы кезде есіме «Еліміздегі ең танымал шоумендер Тұрсынбек Қабатов пен Нұрлан Қоянбаевтар неге үнсіз?» деген сұрақ түсті.
Серік Жолдасбайдың «Фейсбук» парақшасынан