Азамат пен қазанат

Май ауданының Қаратерек ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Хасен Сейітқазинді еске түсіруге арналған ұлттық ат спорты ойындарынан облыстық чемпионат өткізілді. Дәстүрлі дода биыл 4-ші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Көкпар, аударыспақ, теңге ілу бәсекелерінің барлығы да тартысты өтті. Көкпар ойыны бойынша Май ауданынан «Қаратерек», «Саты Ата», «Қазан», «Ақшиман» командалары, сондай-ақ Баянауыл ауданынан «Қызылтау», Екібастұздан «Ақкөл», Павлодар қаласынан «Павлодар» командалары қатысып, шеберліктерін сынға салды.

Жарыстың қорытындысы бойынша Май ауданының «Саты Ата» командасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Екібастұздың «Ақкөліне», Үшінші орын баянауылдық «Қызылтау» көкпаршыларына бұйырды. Аударыспақтан 5 салмақ дәрежесі бойынша өткен сайысқа барлығы 30-ға жуық спортшы қатысты. 60 келіде Май ауданы, Саты ауылының спортшысы Бағлан Темірлан қарсылас шыдатпады. 70 келіде Бауыржан Ахметов (Павлодар қаласы), 80 келіде Ақжан Мұрат (Баянауыл ауданы), 90 келіде Жасұлан Рүстемов (Май ауданы, Саты ауылы), 90 келіде Баян Қилыбай (Май ауданы, Саты ауылының спортшысы) жүлделі 1-орынға ие болды. Теңге ілуден өткен жарыста Май ауданы, Саты ауылының үміткері Арлан Қабиден өзгелерден епті екендігін байқатып, жеңімпаз атанды. II орынды павлодарлық Бауыржан Ахметов иеленсе, үздік үштікті Май ауданы, жұмыскер ауылының спортшысы Жексенбай Құмарбек түйіндеді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Облыстық чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы уақытта өтетін республикалық додаларға қатысуға жолдама алды.

Өз тілшіміз.