«Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарма төрайымының орынбасары тағайындалды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымының орынбасары болып Біржан Жүнісов тағайындалды. Бұған дейін ол мемлекеттік корпорацияның Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі орталық филиалдың директоры қызметін атқарған. Жаңа басшыны корпорация ұжымына ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш вице-министрі А. Оспанов таныстырды.

Уәлиев Біржан Жүнісұлы 1995 жылы Жезқазған педагогика институтын (қазақ тілі және әдебиеті мамандығы), 2005 жылы Қарағанды қаржы институтын (есеп және аудит мамандығы) тәмамдаған. Еңбек жолын Жезқазған облыстық тілдер басқармасында мемлекеттік тіл бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 1996 жылы Жезқазған облыстық халықты әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының Зейнетақы қорының жетекші маманы болған. 1999-2002 жылдар аралығында Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының (ЗТМО) Жезқазған қалалық филиалында бас маман, операциялық бөлім бастығы, төлемдер бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарған. 2004-2016 жж. зейнетақы төлеу саласы бойынша түрлі қызметтер атқарып, Сатбаев, Алматы қалаларындағы филиалда басшылық лауазымдарында болды.  2016-2017 жж. ЗТМО-ның «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрамына өткеннен кейін әлеуметтік төлемдер дирекциясының директоры болды. 2017 жылы мемлекеттік корпорациясының өндірісті үйлестіру жөніндегі басқарушы директоры, 2018 жылдың мамыр айынан бастап корпорацияға қарасты Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі орталық филиалының директоры қызметтерін атқарды.

Біржан Уәлиев мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымының орынбасары ретінде мекеменің әлеуметтік қамсыздандыру, коммерциялық сервис және активтерді басқару бағыттарына жетекшілік етеді.

Бұл ретте, мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымының орынбасары болған Қайрат Абсаттаров басқарма төрайымының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл лауазымда Қайрат Бектайұлы стратегиялық даму, қызметкерлердің біліктілігін дамыту, мемлекеттік қызметтер мониторингі, фронт-офис қызметін үйлестіру бойынша аймақтық даму жұмыстарына жауап береді.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған