«Азаматтарға арналған үкімет» биометриялық мәліметтерді жинау жобасын іске қосты
«Elektrondyq qyzmet ortalyǵynda» биометриялық параметрлер негізінде мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Енді қызмет алушылар ХҚО-лар мен электрондық үкімет порталында төлқұжат пен ЭЦҚ-ны пайдаланбай-ақ, саусақ ізі және бет-бейнесін сканерлеу арқылы тұлғасын растай алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспановтың айтуынша, биометриялық сәйкестендіру әдісін енгізу – бөтен адамдардың құжаты негізінде сәйкестендіру қауіпін жоя отырып, қазақстандықтардың мемлекеттік қызметті сапалы алуларына жол ашады. «Биометриялық мәліметтер базасы арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету механизмі – қызмет алушылардың ХҚО және Электрондық үкімет порталында төлқұжат пен электрондық цифрлық қолтаңбасыз, азаматтардың саусақ ізі мен бет-әлпетінің скан бейнесі деректерін пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынуға саяды.Қызмет алушыларды биометриялық мәліметтер базасында тіркеу – ерікті түрде жүргізіледі. Азаматтар тиісті рәсімдерден кейін ғана саусақ пен бет-жүзі деректері негізінде мемлекеттік қызметтерді ала алады»,– деп қосып өтті Аблайхан Оспанов.
Әзірге саусақ ізі мен бет-бейне деректерін Астана бойынша – EXPO аумағындағы Электрондық қызмет орталығында, Мәңгілік ел даңғылы, 30 мекенжайындағы №1 бөлімде, Сауран, 7 ғимаратында орналасқан цифрлық ХҚО-да, сондай-ақ Алматы қаласындағы Бостандық ауданының ХҚО-да қалдыруға болады. Болашақта жоба республиканың өзге де аймақтарын қамтиды.
Бүгінде биометриялық деректер арқылы мекенжай, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің болу/болмауы жөніндегі анықтамаларды алуға болады. Таяу арада «Elektrondyq qyzmet ortalyǵy» қоғамдық қолжетімділік пункттері арқылы биометриялық мәліметтер негізінде ақпараттық анықтамалардың тағы 42 түрі қолжетімді болады.
«Азаматтарға арналған үкімет»
Коммерциялық емес
Акционерлік қоғамының
Баспасөз қызметі