Азаматтық неке – ашыналық!

Кейінгі жылдары қоғам ішінде қызу пікірталасқа түсіп жүрген «азаматтық неке» мәселесін жақтаушылардың асығы алшысынан түсіп тұрғаны рас. Өйткені, бұрын тек кинодан көретін және көбінесе басқа ұлт өкілдері арасында болатын азаматтық неке бойынша өмір сүру құбылысынан бүгінде өзіміздің қарадомалақтар да айналып өтіп жатқан жоқ. Заң жүзінде мүлдем қарастырылмаған азаматтық некені халық арасында «еркін махаббат» немесе «іс жүзіндегі неке» деп те атайды. Бұл сөздердің астарынан «ойнастық», «ашыналық» ұғымдарын көру қиын емес. Ислам да, өзге діндер де тыйым салған бұл құбылыс жер қайысқан жаһандастыру толқынымен «жабайы батыстан» келген еді.

«Азаматтық некенің» алғашқы шығу төркініне тоқталып өтер болсақ, оның бастапқы негізі 1580 жылы Нидерланды елінде қалыптасқан көрінеді. Кейін 1791 жылы Францияға, 1836 жылы Англияға, 1875 жылы Германияға және 1917 жылы Ресейге тарап, қанат жайды. Міне, сол жылдардан бері дін қызметкерлерінің қарсылығына тап болғанмен, ол елдерде шіркеу некесіне балама неке ретінде дамып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.

Әңгімемізге арқау болған “азаматтық неке” – дiни некенi мойындамайды, мемлекеттiк органның тiркеуiнен де өтпейдi, әрi Қазақстан Республикасының “Неке және Отбасы туралы” Заңында ол туралы ешқандай түсiнiктеме берiлмеген, сондықтан заң өкiлдерi мұны “бейресми некелесу” деп қана атайды.

Қазақтың діліне де, дініне де жат «азаматтық неке» жағдайында қаншама қандас бауырларымыздың өмір сүріп жатқанын дөп басып айту мүмкін емес шығар. Оның бәрін ресми санаған ешкім жоқ. Дегенмен, жастар арасында «азаматтық некеге» деген «оң» көзқарастың туындап келе жатқаны айдан анық. Мұның сыры болмысымызға тән жылтырағанға қызығушылықта жатыр деп топшылауға болады. Қазақ қоғамында батысқа деген елеңдеушілік, «дамыған» өркениетке талпынушылық бар. Ал тіпті еркек пен еркектің қосылуына, әйел мен әйелдің заңды неке құруына «жасыл шам» жағып отырған «жабайы батыс» үшін азаматтық неке дегенің не болыпты? Бүгінде соның әсерінен бе Ресей телеарналарының көбі бұл некені тек жақсы етіп қана насихаттауға құмар-ақ.

Ислам дінінің қөз-қарасы

«Азаматтық неке» деп айдар тағып, екі жастың жасырын бір шаңырақ астында өмір сүруі деген мағынада қолданып жүрген бұл тіркестің этимологиясы мен оның дұрыс қолданылу-қолданылмауын тіл мамандарының үлесіне қалдырып, асыл дініміздің қөз-қарасын сөйлетіп көрейік. Исламда бұған қандай тосқауылдар қойылған? Рухани мәселе төңірегінде сөз қозғасақ, мұсылмандық пікірге тоқталмай кетуге болмасы анық.

Алла Тағала Адам ата (Оған Алланың сәлемі болсын) мен Хауа анамызды жаратып, адамзат баласын екеуінен таратып, өрбітті. Бұл жайында Ниса сүресінің алғашқы аятында:«Ей адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген еркектер мен әйелдерді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» десе, Зәрият сүресінің 49 аятында: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» – делінген. Демек, Раббымыз Алла Тағала әу бастан-ақ мақлұқ атаулының бәрін, соның ішінде адамды жұбымен жаратқан. Олай етпеске де болмайды. Себебі, жалғыздық Жаратқанға ғана жарасады және бұлай жұп-жұбымен жаратылудың астарында пенделік, кемшілікпен одан туындайтын біреуге мұқтаждық жатуда.

Ислам діні жастардың отбасылы болуларына айрықша мән беретін дін. Өйткені, отбасы әрбір қоғамның негізін қалайды. Егер қоғамды бір ғимарат десек, отбасы сол ғимараттың кірпіші саналмақ. Ұл-қыздарымыздың отбасы болып өмір сүрулері еліміз, ұлтымыз үшін қажет-ақ. Ислам діні мен салт дәстүріміз тұжырымы бойынша ер адам отағасы, ал әйел үйдің бикесі мен берекесі боп саналады. Сондықтан жастарымыз отбасы құрмай бақытты өмір сүруге қол жеткізе алмайды. Ислам діні шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік отбасы құруды ерлі-зайыптының ортақ міндеті етіп бекіткен. Сол себепті дініміз отбасылық өмірді, неке қидырып бастауды үндейді. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Неке менің сүннетім, кім менің сүннетімнен бет бұрса, ол менің үмметім емес»,– деген. Неке қидыру дегеніміз – екі жастың адал жолмен қосылып, перзентті болып, киелі шаңырақ көтеруі деген ұғымды білдіреді. Некесіз екі жастың қосылуын ислам қатаң қаралайды, мұны харам деп үлкен күнәлар қатарына жатқызады. Міне осы неке мәселесі төңірегінде жағымсыз, негізсіз әдеттер біздің қазіргі қоғамда қалыптасып жатыр. Жастардың алдымен төсектес болып, заңды некелесуге асықпай некеге немқұрайлы қарауы алаңдайтын жағдай. Міне, осындай арсыз қылыққа жастардың етін үйретіп, ниетін бұзып жүрген «Азаматтық неке».

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  хадис-шәріпінде: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмметтің алдында мақтаныш етемін»,-делінген. Шаңырақ көтерген жас жұбайлардың бірінші ақ некесін қиып, оларға ізгі тілек, құттықтау айту мұсылмандардың бір міндеті, әдет-ғұрпы саналады. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрқашан отау құрғандардың некесін көпшілікті куәлік етумен қиып, жақсы дұғалар жасаған. Үмметтеріне де солай етуге бұйырған. Некесі қиылмай олардың жеке отауда қалуы былай тұрсын бір-бірінің қолынан ұстауына тиым салады. Сондықтан әрбір ата-ана қыз ұзатып, келін түсірген кезде жас-жұбайлар жеке отауға шықпай тұрып, яғни салтанатты той думанға дейін созбай, некелерін қиғызуды ескерулерін қаперлеріне саламыз.

Ислам шариғатының тұжырымы бойынша некесіз отбасы, отбасынсыз неке болмайды. Отбасы адамзат жаратылғаннан бері, яғни тарихтың барлық кезеңінде қоғамның негізі болып саналған. Сондықтан отбасы берік, пәк, адал болса, қоғам да сондай болады. Сол себепті адамзатты тыныштыққа, адалдық пен тазалыққа үндейтін Ислам діні отбасының келешегі мен кемелдігіне ерекше мән береді. Алла алдындағы ақ некесін қиғызу Ислам дініміздің талабы болса, жергілікті АХАЖ бөліміне тіркеліп, неке куәлігін алу заңымыздың талабы.

Үйлен де, некеңді жария ет

Адамзаттың қадір-қасиетін арттырып, екі жақты қосатын, отбасының екі дүниелік құжаты болған ақ некеден көзделген ең ізгі мақсат адамзат ұрпағын адал жолмен сақтап, көбейту. Сондықтан неке Алла Тағаланың әмірімен, пайғамбардың сара жолымен, мұсылмандардың куәлігімен қиылады. Неке сөзінің тағы бір мағынасы – жариялық. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Әбдуррахман ибн Ауф есімді сахабаға: «Бір қой сойып болса да той жаса» десе, басқа бір хадисте: «Некені кепшік қағып болсын жария етіңдер» деген. Халқымыздың салт-дәстүрінің басым бөлігі шариғаттан алынғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Баласы үйленген қазақ қашанда ағайын-туысы мен көрші-колаңының басын қосып, марқасын сойып, неке тойы мен беташар жасайды. Осы салт-дәстүріміз еліміздің кез келген өңірінде орындалады. Келін түсіру салтын беташарсыз елестете алмайсыз. Мұндағы мақсат жаңадан түскен жас келінді барша жұртшылыққа таныстыру, жария ету. Ал азаматтық некеде осы дәстүр орындала ма? Әрине, жоқ. Демек, бұл өзінің «неке» деген атының шартын бұзып отыр. Бұл «неке» түріне жатпайды. Мұны «неке» деп атаудың өзі әбестік. Тіпті, ата-анасы хабардар болған күннің өзінде бұл «неке» ерлі-зайыптылық жауапкершіліктен жұрдай, ақ некесіз амалға асуда. Қазақ тілінің сөздік қорында кездесетін «адал неке», «ақ неке», «адал жар» және т.б. сөз тіркестері атам қазақтың неке мәселесіне өте ұқыптылықпен қарағанын айғақтай түссе керек.

Бұл – сыпайы «ойнастық»

Ал, мұны дініміз некелесу емес, «зинақорлық», «ойнастық» деп санайды. Зинақорлық дінімізде үлкен күнә. Бұл Ислам дінінде ғана емес, өзге діндерде де шектетілген. Өйткені зинақорлық адам үшін, қоғам үшін, ұлт үшін де зиянды. Қасиетті Құранда:«Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық пен жаман жол» деп ескерткен. (Исра сүресі, 32 аят).

Мұсылман үшін отбасылық өмір ақ некемен басталады. Хадистерден белгілі болғандай кейбір адамдар тозаққа тілінен не некесіз зинақорлығы үшін түседі. Сондай-ақ, бұлардан өзін тыя білген адамның рухани дәрежесі асқақтай түспек. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім тілі мен жыныс мүшесін тыюға кепілдік берсе, мен де оның жұмаққа кіруіне кепілдік беремін» деген. Қазіргі таңда шариғат яки заң бойынша неке қиғызбай ер мен әйелдің бір шаңырақта көңіл қосып тұруы үрдіске айналып, тіпті біздің қоғамда бұл үйреншікті әдетке айналып бара жатыр. Жезөкшелікті заңдастыру қажет деп жаһанға жар салып жүрген бауырларымыз осы азаматтық некені қолдау керек деп санайды. Мұны «азаматтық неке» деп емес, «жезөкшелік», «ойнастық» деп айту әлдеқайда дұрыс.

Алла елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ибн Аббас (Оған Алла разы болсын)риуаят еткен хадисінде: «Алла Тағала мына үш адамға міндетті түрде қамқорлық етеді. Ол: Алла Тағала жолында күресуші, келісімде жазылғанның орындалуын қалаған хатшы және тазалығын сақтағысы келген бойдақ» деген. (Имам Термизи). «тазалығын сақтағысы келген бойдақ», яғни өзін зинадан тыйған үйленбеген жігіт және тұрмысқа шықпаған бойжеткен. Демек, бұл тек ер азаматтарға ғана емес, қыз-келіншектерге де қатысты айтылған. Азаматтық некенің мұсылманшылықта харам болып есептелетіндігінен иісі мұсылман әр адамның хабары бар. Сондай-ақ азаматтық некемен жүргендердің ішінде ерлі-зайыпты адамдар да кездесіп жатады. Яғни өзінің некелі отбасы бола тұрып, жұбайлық жылуды басқа жаннан іздейді. Бұдан келіп туындайтын нәтиже айтпаса да түсінікті. Азаматтық некенің кесірінен адал некенің негізінде құрылған қанша ма отбасының түтінің қисайғанын кім білсін?

Некесіз ұрпаққа кім жауапты?

«Азаматтық неке» құбылысының қоғамға демографиялық, рухани және басқа да зардаптары жайында еліміздегі белгілі тұлғалар аузынан айтылып, бірқатар жетекші басылымдар тарапынан жазылып та келеді. Мамандардың есептеуінше, азаматтық некемен өмір сүрген жастардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, айырылысады екен. Тек бестен бірінің ғана дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанатын көрінеді. Еліміздегі Дағдарыс орталықтары одағының мәліметіне сүйенсек, онда жыл сайын «азаматтық некеге» тұрып, алданып қалған 15-20 әйел көмек сұрап келеді екен. Оның үстіне, бүгінгі таңда кәмелетке толмаған балалардың 22 пайызы некесіз туған деген дерек бар. Мұның бәрі еліміздің демографиялық жағдайына оразан зор кесірін тигізері айдан анық.

Бір-бірімен тек ашыналық қатынаста болуды көздеген немесе жұмыс карьерасын ғана ойлап, бала табуды кейінге ысырған жастар көбіне «азаматтық некеге» тұруды құп көреді. Өйткені, бұл кез келген уақытта қосылып, кез келген сәтте айырыла салатын ең «оңай» неке екені рас.

Рухани тұрғыдан қарар болсақ, некеге тұрмай тән қарым-қатынасында болу – адамды ар-абырой кемістігіне шалдырады. Психологтардың пiкiрiнше, “азаматтық некедегi” нәзiк жандылар көбiнесе күйеуiм бар деп сенедi, ал ер адамдар оларға тек көңiлдесiм деп қана қарайды екен. Осындай қарым-қатынастағы ер мен әйелдi отбасы деп те атауға қалай ауыз барады?

Әрине, “азаматтық неке” жағдайында балалы болып жататын жұптар бар.

Бірақ осы кезде дүниеге келген баланың әкесi екенiн мойындаудан ер адамдар бас тартып, яки керісінше бойжеткендер өз ішінен шыққан шаранасынан үркіп, ат тонын ала қашады. Осындай келеңсiз жағдайлардың кесiрiнен қаншама сәбидiң тағдырына “некесiз туылған” деген жаман атақ жамалса, ал қаншама сәби жарық дүниені көрместен жатыр iшiнде тұншығып өледi. Мұның обалы кімге? Бұл үшін сол қоғамдағы әрбір азамат жауапты. Өйткені Әбу Саид әл-Худри (Оған Алла разы болсын):“Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Сендерден кім сұрқиялық бір іс көрсе, оны қолымен өзгертсін. Қолынан келмесе, тілімен тоқтатсын. Бұған да құдіреті жетпесе, онда жүрегімен қарсы болсын. Бұл иманының әлсіздігінен”,-дегенін естіді (Муслим)

Қалыңдыққа кеңес, келінге де артық емес

«Малым арымның садақасы, арым жанымның садақа» деп санаған қазақ халқы үшін ар-намысы қашанда жоғары тұрған. Ар-намыстың бір бөлігі пәктік. Иә, бұл қыз пәктігі мен тазалығы. Мәпелеп өсірген қызы теңін тауып, тұрмыс құрғанға дейін ата-анасы әрдайым, «Босағаңды адал атта» деп қызына ақылын айтудан жалықпаған. Бірақ, бүгінде арулар осы бір нәзік мәселеге мән беріп, абыройларын сары майдай сақтап жүргені шамалы-ақ. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен бұл шымбайға батса да шындық. Он екіде бір гүлі ашылмаған «қызжібек», аяқ асты «жібек» болып шыға келеді. Бойжеткен қыз болашақ ана, болашақ сүйікті жар емес пе? Тіпті мектеп оқушыларының арасында мұндай жағдай көптеп ұшырасып жүр. Ата-ана баласы үшін екі дүниедегі ең басты жауапты адам. Бала тәрбиесінің нашар болып қалыптасуын ортасына, заманның ағымына аудара салу дұрыс емес. Бағбан бақшасын уақтылы суғарып, түбін отап, арам шөбін жұлып, қысқасы бабын жасаған соң барып жемісін күтеді. Ұл-қызымыздың қайда барып, немен айналысып жүргенінен хабардар болып, түрлі алдамшы жарнамаларға еліктеп қалмауына көңіл бөлейік. Мұсылман баласы пәктікке қатты назар аударатыны белгілі. Өйткені оның артында ұрпақ тәрбиесі деген ұлы аманат тұр. Бойжеткен «пәктігі» батыс елдерінде керісінше сипат алып, мектеп бітірген түлектер өздерінің ержеткендіктерін көрсету деп бағаланатыны белгілі. Бірақ, бұл мұсылман баласына жат қылық. Ұлы сөзде ұят жоқ дей келе Жеренше шешен тілімен айтсақ, «қыздай алмай, қатын болмас» деп сөзімізді түйіндейміз.

Сөз реті келгенде айта кетейік, мұсылман әйел өзге дін өкіліне тұрмысқа шығуына қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ шетелден келген өзге ұлт өкілдерімен тұрмыс құрып жатқан қыздарымыз қаншама? Әрине дініміз тілі басқа мұсылман баласына үйленуге тиым салмайды. Бірақ, сол елімізге түрлі қызмет бабымен келген шетел азаматтарының басым бөлігінің өз елдерінде отбасылары бар. Жоқ болған күннің өзінде олар бұл некеге немқұрайлы қарап, кез келген уақытта тастап кете барады. Тілі басқа, салт-дәстүрі бөлек екі кісінің тілтабысып, бірін-бірі түсінісіп кетуі де аса қиын. «Айран ішкен құтылар, жалағаны тұтылар» демекші, екі ортада мұның зардабын қаракөз қарындастарымыз тартып, аты қазақ, заты дүбара жиендерді өсіріп-бағып келеді. Мұндай жағдайлардың куәсі болып та жүрміз. Мұны біздің неке мәселесінде опық жеп отырған тұсымыздың бірі деуге болады.

Отбасылық жауапкершілік

Некелескен ерлі-зайыптыларға көптеген жауапкершіліктер жүктеледі. Ер азаматқа отбасын адал табыспен асырап-бағу, оларға қомқор болу секілді міндеттер жүктелсе, ұл-қыздың тәрбиесіне көңіл бөліп, үй шаруашылығымен айналысу келіншектің еншісінде. Олар қалай болғанда да өздерінің ерлі-зайыпты екенін сезінулері керек. Ал, «азаматтық некеде» мұндай жауапкершіліктер атымен жоқ. Олар бір-бірін сынау мақсатымен бір шаңырақтың астында есеппен өмір сүреді. Сосын дәм-тұзы жарасып жатса, асықпай үйлену тойының қамына кіріседі. Ал, бір-бірінің ойынан шықпай жатса, «біз бір-бірімізге сай емес екенбіз, мен іздеген адам басқа екен» деп күнделікті теледидардан көретін батыс киноларындағы көріністі қайталайды. Мұнымен қоса азаматтық некеде әйел мен еркектің әрмен қарай тұрмыс құрып кетулері екі талай нәрсе. Мұндай отбасында дүниеге келген сәби әкесі мен шешесі ажырасқан жағдайда бала көбінше анасының қолында қалып, әкелік тәрбиеден, мейірімнен жырақта болу қаупі бар. Балаға ананың мейірімі қандай қажет болса, әкенің де мейірімі мен тәрбиесі соғұрлым қажет. Ардақты Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  немерелері Хасан мен Хүсейінді құшақтап аймалап отырғанын көрген Ақра ибн Хабиз: «Менің он балам бар. Осы уақытта дейін ешқайсысын сүйіп аймалаған емеспін» деді. Сонда пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мейірім көрсетпегенге мейірім жоқ» деп жауап берді. Исламда бала тәрбиесі әке мен шешеге тең дәрежеде жүктелген. Яғни бала тәрбиесі әке шешеге ортақ міндет. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді қазақ атамыз. Баланың психологиялық ерекшеліктерінің қалыптасуында баланың қос қанаты – әке мен шешенің үлкен рөлі барын ешкім жоққа шығармас. Бір қанаты сынық балапанға өмірдің сындарлы белестерінен асу қашан да қиынға соғары анық.

Түйін

Дүниежүзінде мұндай адамзат санасын улайтын жалған пікірдің нәтижесінен миллиондаған адамдар азап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасы бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық көбейіп, СПИД секілді қауіп төндірген, қисапсыз бәлекет алып келген әртүрлі аурулар пайда болуда. Сондықтан, кейбір елдер секілді еліміздің БАҚ-ы некесіз, отбасынсыз өмір сүруді уағыздайтын тақырыптарға жол бермеуі тиіс. Өкінішке орай қазіргі таңда ата дініміз бен ділімізге мүлдем қайшы келетін бейне клиптер мен кинолардан аяқ алып жүре алмайсыз. Қолдан жасалған мұндай азғындықты қайта түзету басқалар сияқты миллиондап қаржыны ысырап етумен қатар өмірден өз бармағымызды тістеп өтеріміз хақ. Егер бір адам күнә істі құпия жасайтын болса, Алла Тағаланың азабы сол күнә жасаған адамға келеді. Егер бір адам күнә істі жария жасайтын болса, Алла Тағаланың азабы сол жерде тұрып жатқан барша халыққа түсетіні хадис-шәріпте баян етілген. Сол себепті осындай азғындықтың кесірінен Алла Тағала баршамызды екі дүние азабына ұшыраудан сақтасын!

 

Төлеби ОСПАН.