АЗАН ДАУСЫН АЗАЙТУ – ДІНИ РӘМІЗГЕ ҚАРСЫЛЫҚ, ДІН МИНИСТРІ мырза!

Қалетаев қасиетті діни қағидамызға қарсы шығып, мұсылманның күнәсін көбейтпек пе?

Атам заманнан қалыптасқан АЗАН шақыру – яғни намазға, иманға шақыру Ислам дініміздің игі символы, қасиетті қағидалардың бірі, діни аса ізгі амал. Азанның дініміздегі орны ерекше, өйткені Азан – негізгі ислам рәміздерінің бірі. Мұсылман баласы азан шақырылғанда оны ықыласпен тыңдап, азан сөздерін қайталауы керек. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Азанның дауысын естігенде азаншының сөздерін қайталаңдар…» деген.

Алланың Елшісі (ﷺ) айтады: «Азаншының дауысы жеткен жерге дейінгі күнәсі кешіріледі. Оған берілетін сауап онымен бірге намаз оқығандардың сауабымен теңеседі».

Ал Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев министр бола салысымен осы қасиетті діни қағидамызға қарсы шықты. Министрлік мешіттердегі азанның даусын азайтуға шешім шығарды.

Азан даусы – намазға шақыру, яғни имандылыққа шақыру. Азан шақырғанда шайтандар құйрығын бұтына қысып қаша жөнеледі дейді. Шайтанмен бірге барлық жамандық, бәле-жалалар бірге қашады. Яғни, АЗАН ДАУЫСЫ КІМГЕ ҰНАМАЙДЫ? — ШАЙТАНДАРҒА!.. Ал министрлік Азан даусын азайтып, шайтандарды көбейтіп отырғанын, яғни, жамандық шақырып отырғанын түсінеді ме? Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, Азан шақырушының дауысы жеткен жерге дейін күнәсі кешірілсе, министр Қалетаев азанның дауысын азайту арқылы мұсылманның күнәсін көбейтіп отырғанын түсіне ме?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа төрағасы Серікбай қажы Ораздың да бас мүфти болғаны кеше ғана. Еліміздің Діни басқармасы бұндай кесепаттыққа қарсылық білдірудің орнына министрдің алдына түсіп алып шауып, барлық облыстағы діни басқармалар министрлік бұйрығын орындауға кірісіп кетті…

Яғни, жаңа министр Дархан Қалетаев пен жаңа бас мүфти Серікбай қажы Ораздың аттары діни дәстүрімізге қарсы шығуларымен қалайын деп отыр…

Исламдағы ең қасиетті ізгі амалдардың бірі Азан шақыру бізге күніне бес мезгіл намаз уақытының кіргенін хабарлап, ғибадатымызды өз уақытында орындауға үндейді. Азан шақырғанда бізге бес уақыт парызымызды орындауды еске түсірген Раббымыздың шақыртуы екенін ұғынамыз да, намазға асығамыз. Яғни, Азаншы Алла тағаланың шақыртуын жеткізуші. Ал шариғат бекіткен Алла тағаланың шақыртуына шамданып, қарсы шығушылардың талабын орындау арқылы Дін министрі мен мен хазірет мүфти Аллаға, Ислам дінінің негізгі рәмізіне қарсы шығып, өздерінің негізгі міндеттеріне қарсы жұмыс істеп отырған жоқ па?

Бұл еліміздегі мұсылман қауымның қарсылығын айтпағанда, кезінде Ислам ынтымақтастық ұйымын басқарған Қазақстанның атына әлемдегі өзге мұсылман елдері айтар сын емес пе? Көрші туысқан түркі мемлекеттерінің алдында намыс емес пе?

Дін министрі Діни қағидаға қарсы шығып, Азан дауысымен алысқанша, түнгі клубтардың –жын ойнақтардың шуына қарсы шықпай ма?

Кеңес заманын айтпағанда, Тәуелсіз Қазақ Елінде 27 жыл бойы «азанға қарсылар» қалай ұйықтап келгенін кім айтып бере алады? Министр ме, мүфти ме?

Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ассалату хайрум минән наум» (Намаз ұйқыдан артық) тек таң намазында ғана айтылады», ­– деген.

Министрлік өтініш түссе болды, бәрін орындағыш болса, Азан дауысының азаюына біз де қарсымыз. Азан дауысына кімдер қарсы, қанша адам екен, жариялаңыздар! Олардың Азан даусын азайтуына қарсы жүз есе, мың есе көп адам қарсы болатынына бәс тігемін.

Бұндай болса, көңілге шіркеу түсіретін шіркеу қоңырауына да қарсылығын айтып шығатындар аз емес…

Қазыбек Иса фб парақшасынан