Азанның дауысы тым қатты бола ма?
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мешіттерді азан дауысын реттеуді сұрады.
Соңғы кездері министрлікке азан дауысының қаттылығын реттеуге байланысты біршама шағым түскен. Осыған байланысты министрлік пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы азан дауысын ретке келтіру жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Азан дауысы тұрғын үй және ғимараттарды пайдалану нормаларына сәйкес реттеледі.
Ол нормаларға сәйкес, 7:00 мен 23:00 аралығында тұрғын үйге кіретін дыбыстың деңгейі 55-70 дб (децибел), ал 23:00 мен 7:00 аралығында 45-60 дб болуы тиіс.
ҚМДБ барлық мешіттерді осы нормаларды ұстануға шақырды.
Көрші Өзбекстанда динамиктер арқылы азан шақыруға осы жылы ғана рұқсат берген, бірақ төмен дыбыс деңгейінде. Ал Қырғызстанда азан дауысына байланысты ережелер әзірше реттелмеген.
Салыстыру үшін:
50 дб – жай сөйлеу дыбысы
60 дб – офистегі шу
70 дБ – қатты дауыспен сөйлеу дыбысы
80 дБ – айқай, мотоциклдің дыбысы
90 дБ – теміржол вагондарының дыбысы
100 дБ — оркестр, метро вагоны, найзағай дыбысы. Бұл еуропалық стандарттар бойынша құлаққапта рұқсат етілген ең жоғары дыбыс деңгейі.
Дереккөз: ҚазАқпарат