Азат Перуашев Хубэй провинциясынан келген Қытай делегациясымен кездесті  

Азат Перуашев Хубэй провинциясының Халық өкілдері жиналысы төрағасының бірінші орынбасары – Ван Лин бастап келген Қытай делегациясымен кездесті. Делегация құрамында провинцияны дамыту департаментінің, сауда-саттық басқармасының басшылары, достастық қоғамының, сондай-ақ Жиналыс аппаратының, сыртқы істер Кеңсесінің өкілдері болды.

Басқосуға Қазақстан тарапынан партия төрағасының орынбасары, депутат Берік Дүйсембинов, ревизиялық комиссияның төрағасы Болат Өтепбаев, Ұлттық индустриялық палатасының, Қазақстан-Қытай сауда-саттыққа жәрдемдесу қауымдастығының басшылары қатысты.

Кездесу экономикадағы өзара ынтымақтастық, инвестицияларды қорғау мәселелеріне арналды.

Әңгімелесу барысында ҚХР мен АҚШ арасындағы екіжақты сауда санкциялары аясында қазақстандық бизнестің нарықтағы өнімдерді өткізу, әсіресе ауыл шаруашылық тауарларын сату әлеуеті күрт өсіп келе жатқаны аталып өтті.

Бұдан басқа, тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты және заңсыз шетелге шығарылған қаражатты елге қайтаруды, осы саладағы қытайлық бай тәжірибені зерделеуді талқылады.

Азат Перуашев Қытай еліне қазақстандық тауарларды жеткізудегі тосқауылдарды азайту, Хубэй провинциясы мен Ухань қаласы ерекше жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырған цифрландыру және IT-технологиялар дамытуға деген қызығушылық жөнінде бірқатар мәселелерді айтып өтті.

Тараптар іскерлік делегациялармен жүйелі түрде алмасып, алдағы уақытта да кездесулер өткізу туралы уағдаласты.

 

2018 жылғы 20 шілде, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі