Азаттық туын алғаш көтерген…
Азамат жетім болмайды — халықтан болса панасы, халық жетім болмайды — басшы болса данасы.
Сырым Датұлы
Еліміздің егемендігі, жұртымыздың тәуелсіздігі жолында арыстанша арпалысып өткен ерлер бізде баршылық. Солардың ішінде, әсіресе орыстың озбыр отаршылдығына қарсы күрестің түу ту байлар жерінде тұрған Сырым Датұлының есімі тіпті ерекше аталуға тиіс. Ол әйгілі тұлғалармен қатар тұратын, солармен терезесі тең қайраткер. Сырым Датұлының азамат болып, ат жалын тартып мінген заманы Ресей патшалығының барлық жағынан бірдей күш-қуаты толысып, енді жан-жағындағы елдерге ауыз сала бастаған кезеңмен тұстас келді. Империя әсіресе өзінің экономикалық және әскери артықшылықтарын пайдалана отырып, бодан елдерге шеңгелін батыра түсті. Сөйтіп, олардың мойнына құлдық қамытын мәңгілік кигізіп, кіріптар қылып қою үшін жанжақтарынан әскери шептермен тас қоршауға ала бастады. Осы мақсатпен, тек 1755-1772 жылдар аралығында ғана, Кіші жүз бен Орта жүз жерінде, Жайықтан Өскеменге дейінгі 3,5 мың шақырым шеп бойына бекіністер салынды.
Әрбір жаңадан салынған бекініске сырттан казак-орыстарды көшіріп әкеліп, оларға жер бөліп беріп, қазақтардың мал жайылымдарын тарылтқан үстіне тарылта түсті және бекініске жақын отырған қазақ ауылдарына әлсін-әлсін шабуыл жасап, малдарын айдап, адамдарын байлап әкетіп отырған. Шабуылдар тіпті ойдан шығарылған сылтаулар арқылы да жасалынған. 1783-1797 жылдары Кіші жүзде Сырым Датұлы бастаған қазақ халқының ұлттық езгіге, отаршылдыққа қарсы күресінің шығуы, міне, осындай жағдайларға тікелей байланысты еді. XVIII ғасырдың 80 жылдарында Қазақстанның батыс өлкесін жайлаған жұртшылықтың жерден таршылық көруі күннен-күнге күшейе түседі. Өйткені жылдар өткен сайын елдің малы мен басы қабат өсіп, қоныс пен өріс мәселесі ең актуальды проблемаға айналады. Мұны шешу үшін қазақ білікті кісілерінің алдынан екі түрлі кедергі кездеседі. Оның бірі қазақтардың ертеден жайлап, көшіп-қонып жүрген жерлері, Жайықтың оң жақ бетіндегі шүйгін жайылымдарға олардың шекара әскерлерінің жібермеуі. Екінші — ешқандай тыйым салынбағанына қарамастан, тіпті Жайықтың өз бойына да қазақтарды жақындатпай, жергілікті әкімшіліктің қақпайлай беруі. Шындығына келгенде, XVIII ғасырдағы патша жарлықтарының ешбірінде Жайық өзенінің сол жақ бетінде қазақтардың көшіп-қонып жүруіне заң жүзінде тыйым салынбаған («Жайыққа 15 шақырым жақындамасын» деген жарлық XIX ғасырдың бас кезінде ғана шыққан). Соған қарамастан, жергілікті әкімшілік зорлық жасап, қазақ ел билеушілеріне үнемі үстемдік көрсете беруі күннен-күнге елдің зығырданын қайната бастайды.
Екінші мәселе — Ресей протекциясына өздерінің ханы арқылы бодан болған ерікті ел сияқтанғанмен, Ресейдің тағы бір бодан жұрты башқұрттар мен Жайық бойындағы казак-орыстардың үздіксіз шапқыншылығынан елдің көз аша алмауы еді. Ал мұндай жағдайда күннен-күнге өршіп келе жатқан ел нарзылығын қайткен күнде де біреу басқаруы керек болады да, елдің еркі сол тұста санаттағы билердің бірі болған, әрі батыр, әрі шешен Сырым Датұлына беріледі. Сөйтіп, ғасырлар бойы халқы үшін отқа түсіп, кеудесін отқа төсеп келген хандарымыздың ендігі ұрпағы өз халқының еркіне қарсы шығып, озбыр отаршылдармен ауыз жаласады да, ел тізгіні қарадан шыққан қазақ білікті кісілерінің қолына өтеді.
Бұл мүлде жаңа бір дәуірдің басталғаны еді. Бұл Нұралы ханның ғана әлсіздігі мен жеңілісі емес, бұл жалпы хандық биліктің, хан өкіметінің күні өткендігінің белгісі болатын. Хандық биліктің бөлшекбөлшек болып ыдырап, әр жүздің басына бір-бір, кейде тіпті екі хан отырып, ел билеудің бұл үрдісі әбден азып-тозған шақ еді. Сырым Датұлының өз замандастарының көбінен мойны озық екені осы жерден көрінеді. Ол тек озбыр отаршылдыққа қарсы күресіп қана қоймай, ендігі жерде патшаның қазақ даласындағы тыңшыларына, әрі оған қызмет қылатын шенеуніктеріне айналып бара жатқан бұл әулеттен біржола безінеді. Ол өз халқының еркіне қарсы әрекетке көшкен бұл билікті түп-түбірімен қопарып тастауға бет бұрады. Өзі болып 1786 жылдары Сырым Датұлы бұл ойын жүзеге асырады да. Сырым Датұлының өз замандастарынан мойны озық тұрғандығының тағы бір дәлелі — оның тек қана ханды тақтан тайғызғандығына емес, сонымен бірге тақтан түсірілген сол ханның да, хандық биліктің де орнына ел билеудің мүлде жаңа үрдісін дүниеге әкелгендігінде.
Ол — мемлекеттік үлкен масштабта ойлай алатын басшы, ірі қайраткер болғандығы. Оған дәлел — өзіне дейінгі жұрт естімеген ел билеудің жаңа формасы «Халық кеңесін» Сырым Датұлының өмірге әкелгендігі. Сол кездің өзінде өркениетті елдердің өзінде де жүзеге асырыла қоймаған демократиялық ел басқару идеясының, өзі біреудің боданында отырған қазақ елінің бір пұшпағында өмірге енуі еді. Сырым Датұлы монархиялық билікті де, монархты да құлатып, «елді бұқараның өз ортасынан шыққан халық өкілдері басқарсын» деген жаңа идеясы еді. Бұл Еуропаны таңқалдырған жаңа идея болды және Париждегі 1789-1794 жылдардағы Француз революциясының нәтижесінде өзін-өзі басқару органы «Париж коммунасының» дүниеге келуі Сырым Датұлы көтерілісінің нәтижесінде қоғамдық өмірге үлкен жаңалық әкелгенін тереңірек ұғынуға болады. Хандық биліктің орнына ел басқарудың мүлдем жаңа жүйесін — «Халық кеңесі» деген демократиялық үрдісті енгізген, малына өріс, жанына қоныс таппай қиналған елінің қолын Жайықтан арғы шүйгін жайылымдарға жеткізген, жер мәселесін шешіп берген, отаршылдардың тынымсыз шапқыншылықтарына қарсы бірде қолына қару алып шайқасса, енді бірде қарсыластарына мәмілегерлікпен, саясатпен, ақылмен тоқтау салып, ақыры елін тыныштыққа жеткізе алған, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр, әрі мемлекеттік ауқымдағы тәуелсіз Қазақ елінің қалай мақтануға да тұрарлық тұлғалы азаматтарының бірі, үлкен қайраткер. Сырым Датұлының көтерілісі жеңіліс тапқан жоқ, оны күрестің басшысы Сырым Датұлының өзі тоқтатқан екен. Оған дәлел «Қазақ ССР тарихы» (3 том, 130- бетінде) авторының өзі: «1797 жылдың тамыз айындағы Хан Кеңесіне Сырым мыңнан аса жолдастарымен келіп, мәжіліске қатысып, сол жерде: «халықтың ауыр жағдайына және Хан кеңесінің құрылуына байланысты өзінің күресті тоқтататынын, жеңілгенін емес, тоқтататынын» мәлімдеген» екен.
Тереңірек ұғынып отырсақ, біріншіден, көтеріліс жеңілген болса, 1785 жылдан 1790 жылға дейін үздіксіз, одан соң реті келгенде Сырым Датұлы құрған «Халық Кеңесі» үнемі жиналып тұрар ма еді?
Екіншіден, көтеріліс жеңілген болса, оның басшысы Сырым Датұлы «дәйексіз» біреу болса, қырық жыл ел билеген Нұралы ханды тақтан кетірер ме еді?
Үшіншіден, көтеріліс мақсатына жетпеген болса, елдің алдында тұрған ең үлкен қиыншылық — жер мәселесі шешімін тауып, Жайықтан жайылымдарға шығуға 70 мың 300 үйге рұқсат берілер ме еді?
Төртіншіден, көтеріліс мақсатына жетпей, жеңілген болса, қазақтың тыныштығын кетіріп, тынымсыз шапқыншылық жасаумен айналысқан озбыр отаршылдарының зорлықтары тыйылар ма еді? Осының бәрін көтеріліс көсемі Сырым батыр жүзеге асырды емес пе! Сырым батыр отаршылдық саясаттың соққан ызғарлы боранына тұншықты, аязынан үсінді, өртіне шарпылып, оны сөндіруге жанталасты.
Орыстың зиялы, белгілі тарихшылары А.П. Рязанов: «Эта была выдающаяся и талантливая личность, имеющая огромное влияние на массу казах-киргизского народа», — деп еңбектерінде баға берсе, ал М.П. Вяткин: «Сырымның өз халқына білдірген асқан сүйіспеншілігі — өз халқын сатқан ел басшыларымен ешқашан ымыраласпайтындығы. Өз Отанының бостандығы үшін, оның мемлекеттігі нығайып, дамуы үшін жанын аямай күрескені… Қазақтар халық қамы үшін күрескен осы бір батырды ешқашан есінен шығармақ емес», — деп жазып қалдырған. Бұл — ақиқат сөз. Ал ақиқат ешқашан ескірмейді!
Сейтқазиева Айгүл Жұмабекқызы,
Рудный қаласы «№19 орта мектеп» КММ тарих пәні мұғалімі