«Әзербайжан экономикасының әкесі»
ХХ ғасырдың басында қазақтың тәуелсіздігі үшін күреске, Қазақстанның ұлттық тұңғыш газетіне ірі қаржылай көмекті Әзербайжан азаматы берген. Бұ жөнінде құрбан айт пен баспасөз қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жариялаудың орайы келіп тұр. Қазақ баспасөзінің бастауындағы газет тарихына қатысты ақпаратты таратып, бөліссеңіздер құба-құп.
Қазақ халқына қиын-қыстау кезеңде үлкен көмек берген, саналы ғұмырында барша мұсылманға өлшеусіз қызмет еткен тұлғаға Орал қаласынан көше атауын берсе әбден лайық деп санаймын!
1911-1913 жылдары тұңғыш, тұрақты, жүйелі жарық көрген, өз баспаханасы болған «Қазақстан» газеті алдымен Астраханда, содан соң Орал қаласында басылған. Бұл газетті елдің қамын ойлаған жекелеген тұлғалар қаржылай қаражат жинап шығарған. Қазақ халқына оң бағыт-бағдар беріп, білім, ғылым, кәсіпті дамытуды насихаттаған, тәуелсіздік үшін күресуге үндеген ұлттық газет. Тұрақты шығаруға қаражат жетпегенде шығарушылар ақылдаса келе Әзербайжандағы ірі кәсіпкер, генерал, қажы Зейнелғабиден Тағиевтен көмек сұрауды жөн көреді. Осы шешімге сай газет редакторы Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараш Бакуге арнайы барған. Әзербайжан сапары жөнінде Ғұмар Қараштың мақаласы жарық көрген. Сол мақалада: …»Қазақстанға» мың сом қаржы берді. … Амандасып, айыралар сәтте «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милләттікі» деген сөзін айтып, көзіне жас алды» деп жазған. Зейнелғабиден Тағиевтің қаржылай көмегі қайтарымсыз, әрі шынайы көңілмен, қазақ халқына деген жанашырлықпен жасалғанына осы сөздер анық дәлел. Бұндай көлемдегі қаржылай көмекті қазақтың арасынан бір адамда жасай алмаған. Оны «Қазақстан» газетіндегі Бақытжан Қаратаевтың мақаласынан білдік. «»Қазақстанның» шығуына себеп болған Баку шаһарының мұсылманы генерал Зейнелғабиден Тағиев һәм Жаһангир ханның немересі сұлтан Шәңгерей деген мұсылман болады. Тағиев 1000 сом берді, сұлтан Шәңгерей 500 сом берді» деп жазған. Жалпы газетке ұйымдастырушы топ мүмкіндіктеріне қарай қаражат жинаған, бірақ негізгі ірі көлемде көмектескен Зейнелғабиден Тағиев, сосын Шәңгерей Бөкей.
1000 сом шамамен қазіргі 12 000 000 теңге, 500 сом 6 000 000 теңге!
«Қазақстан» газетінде сол кездегі үлкен қойдың нарықтық бағасы 5 сом деп көрсетілген, яғни 1000 сом шамамен 200 қойдың құны. Қазіргі үлкен қой шамамен 60 000 теңге деп алсақ. 200×60 000=12 000 000 теңге болады.
«Қазақстан» газетінің тарихи маңызы зор! Қазақтың тәуелсіздік жолында күресу үшін жаңа технологияға негізделген, халықты оятып, бас біріктіртетін құралы еді! Бұның аса маңыздылығын түсінгендер ғана қолынан келген көмегін жасаған. Ғасыр бұрын қазақтың байлары жасамаған жақсылықты әзербайжанның азаматы шынайы жанашырлықпен жасағанын біз ұмытпау керекпіз. Әрі тәуелсіздікке қол жеткізгенде осы жолда қолдау білдіргендерді ұлықтау парызымыз.
Зейнелғабиден Тағиев қарапайым етікші отбасынан шыққан, қажырлы еңбегімен ірі кәсіпкер болған. Саналы ғұмырында қолынан келгенше айналасындағыларға көп көмек жасаған. Қазаққа Абай қалай қадірлі болса, барша әзербайжандықтарға Зейнелғабиден Тағиев кемі сондай дәрежеде қадірлі. «Әзербайжан экономикасының әкесі» деп те атайды. Өмірі өнегеге толы, толық таныссаң қазіргі мотивациялық кітаптардан артық.
Адамзат үшін көп қайырлы іс жасаған, бауырлас Әзербайжан елінің ұлы тұлғасы Зейнелғабиден Тағиевке Орал қаласының көрнекі көшелерінің біріне есімін берсе әділетті болар еді.
2017 жылы «Дана» журналының мұқабасына суретін салып, арнайы мақала жарияладық. Кеңірек танысу үшін сілтемесін постқа алғашқы пікір етіп орналастырдым. Осы ақпаратты тарату арқылы қазаққа қиыншылықта қол ұшын созған адамды білуге, әрі құрметтеуге қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Бакуге бара қалсаңыз Зейнелғабиден Тағиевтің музейіне барып алғыстарыңызды білдірсеңіздер құба-құп!