АЖАЛДАН АМАН ҚАЛҒАН БАЛА…

Біздің елде болған оқиға.
Ашаршылық, жоқшылық елді әбден титықтатып, ақырында аш адамдар құрт-құмырысқа, бақа-шаян, зорман-тышқан жеп кетіпті. Тамақтан өтетіннің бәрін жей берген ғой. Қайтеді енді, аштан өле ме!
Сол зобалаңды көзбен көрген қариялардан естідік, аштық уақытында өріп жүрген судағы балық ауға түспей зарықтырған екен! Аштықтан көзі тұманданған пенделер балықты қолымен ұстап алмақ болып суға қойып кетіп, тұншығып өлген жайттар да кездесіпті. Талайлар қармағының құрығына сүйеніп отырып қатып қалыпты дәрмені құрып.
Аштыққа шыдай алмай көзі қанталаған кей адамдар хайуаннан асып түсіпті. Топтасып алып жас балаларды азық етіпті.
Мұндай әңгімелер төбе құйқаңды шымырлатады тыңдап отырғанда.
Тағы бір сорақысы, қасқырлар ауылға емін — еркін кіріп, есігі аңқиып ашық жатқан үйлердегі шалажансар адамдарды шыңғыртып талап жейтіні. Тіпті адам етіне дәнігіп алғандары заман түзелгенде де адамға шабуыл жасауын қоймапты. Кейбір қаншықтары адам етіне жерік болыпты-мыс.
Осылайша қолдан жасалған аштықтан қынадай қырылды қайран қазақ!
Неткен дәрменсіздік, неткен әлсіздік еді өзегі талсада ауылынан шықпай ажалды тосып алу деген, ә?…
Ел арасында әлі күнге айтылады бұл әңгіме. ….Аштықтан екі көзі тұманданып, әл – қуаты біткен бір кісі емшектегі баласын әйелінің қолынан тартып алып «аш өзегін жалғамаққа» бекініпті. Сөйтіп әйеліне тап береді.
Қайран ана сәбиін бауырына қысып алып зар-еңіреп күйеуіне жалынып, жалбарынады. Өзі жел соқса құлап қалатын жағдайда болса да, сәбиін көтеретін күш — қуатты сорлы ана қайдан алды екен?.
Ақыл-есі ауа бастаған күйеуі ештеңеге қарар емес, есіл дерті баланы азық ету…
Екеуі де аштықтан әбден діңкелеген міскіндер ғой, тіресіп-тіресіп бір кезде әл-дәрмендері құрып отыра кетеді. Сол кезде байғұс әйел етегі жасқа толып күйеуіне: «Бір тілегімді орындашы, баланы жеуге асықпайық. Мен мына қырдың астына барып келейінші, мүмкін бір азық табылып қалар» деп сәбиін бауырына қысып далаға шыға жөнеледі.
Алланың құдіретіне шек бар ма, аяғын сүйрете басып бір қырдан асқан әйелдің алдынан мүйіздері айқасып, өздері әбден қалжыраған екі киіктің текесі кездесе кетіпті. «Өлмегенге өлі балық» деген осы емес пе! «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген тағы бар. Осылайша бала ажалдан аман қалыпты.
Егер ана жүрегі бала деп езілмесе, бір жақсылықты сезінбесе не болатын еді?
Бүгінде сол нәрестеден тараған ұрпақ – бір қауым ел…
Айтайын дегенім, ашаршылық бар қазаққа ортақ – қасірет! Бәлкім менің де, сіздің де ата-әжеңіз түрлі себеппен ажал аузынан аман қалған болар? Кім біледі, бұл күнге жете алмай кеткен миллиондардың аманатын біз арқалап жүрген шығармыз?! Олай болса жарық дүниедегі жарқ еткен қызыққа алданбай, жоқтан бар етіп жаратқан Алланың құдіретіне басымызды иіп жүрейік!
Нағашыбай Қабылбек