Аждаһа елі әлемді өз бақылауында ұстағысы келеді…

Қытай елінің әрбір қадамына дейін бақылап отырған батыстық басылымдар, «Си Циньпинның «Ғылым мен технологияға сүйеніп мемлекетті басқару» атты «маңызды сөзі» азаматтарды қатаң бақылауға алу шараларына дем беріп отыр» деген тұжырымдарын айтып жатыр. Олардың уәждеріне құлақ тұрсек, келісетін де, ойланатын да тұстары жоқ емес секілді… Қазіргі күнде Қытайдың әрбір қалаларынан бастап шағын ауылдарына дейінгі барлық елді мекендер түгелдей бейнебақылау жабдықтарымен қамтамасыз етілгендігі айтылып жатыр. Мұның барлығы «қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адамдардың өмірін сақтандыруға арналған» дегенмен де «сырткөз сыншылар» халықты қатаң бақылауға алудың өзгеше саяси мақсаты бар дегенді алға тартуда. Яғни бір партияның билік жүргізуі мен бір ғана адамның пәрмені өмір сүретін дара билеуші жүйені жалғастыра берудің кепілі ретінде, қоғамды, азаматтарды қатаң бақылауда ұстау керек болаған сияқты…

Қазіргі Қытай еліндегі әуежайлардан тартып, хайуанаттар паркі, әлеуметтік әжетханаларға дейінгі адамдар жиі қатынайтын орындардың барлығы бейнебақылау камераларымен жабдықталудан бөлек, патрульдық полицияның бақылауындағы тексеру пункіттері де қатаң режимде жұмыс істеп жатыр. Олар азаматтардың жеке куәліктері арқылы барлық мәліметтерді біле алады. Яғни, әрбір адамның жеке басына қажетті мағлұматтар, биологиялық картасымен қоса цифрлық жүйеге енгізіліп қойылған.
Еуропалық басылымдардың жазуынша, 2017 жылға келгенде Қытай елі мөлшермен 170 миллион бейнебақылау құрылғыларын іске қоса отырып, әлемнің алдыңғы қатарына шыққан екен. Мұның ішінде 20 миллионы тікелей қоғамдық қауіпсіздікті бақылаушы органдарға тиесілі. Англияның «Comparitech» сайты «Қытайда қазіргі күнде 200 миллионнан астам бейнебақылау камералары жұмыс істеп жатқандығын, 2020 жылға барғанда бұл көрсеткіш 626 миллионға жетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде Қытайдағы әрбір екі адамға бір бақылау камерасы тура келеді дегенді көрсетеді» депті. Аталмыш сайттың зерттеуіне қарағанда дүниежүзіндегі бейнебақылау камералары ең көп орнатылған 50 қаланың ішінде Қытайдың Үрімжі қаласының 11 мегаполисі алдыңғы орынды иеленген.
Қытайдың бақылау жүйесіне деген құлшынысының артқандығы соншалық, қазіргі күнде «Бет пішінді парықтайтын программамен» қамтамасыз етілген «ақылды камералар» да қолданысқа еніпті. Олар көзіне көрінген адамды 3 секунд ішінде анықтап, ол туралы барлық ақпаратты алдыға жайып салатын көрінеді. Әрі ол адамның соңғы бір аптадағы барлық жүріс-тұрысы туралы мәліметтерді де жылдам топтастырып, көрсете алады екен. Қытай үкіметі бұл технологияларды дамытумен айналысатын компанияларды барынша қолдап-қуаттап, мол қаржымен қамтамасыз етіп жатыр. Қазіргі таңда полицейлерге арналған көзілдірік те ресми түрде қолданысқа енгізілді. Оны тағып алған сақшы, қарсы алдынан «қара тізімде» тұрған күдікті кездескен заман, қысқа уақыттың ішінде сигнал беріп үлгіреді екен. Қытайдың қауіпсіздік күштері бұл көзілдіріктің көмегімен ең алғаш рет 2017 жылдың соңында күдіктіні қолға түсірген. «Бет пішінді парықтайтын программаны» дамыту жағында Қытай елі әлемде АҚШ-ты артқа тастап, алдыңғы қатарға өткен.
Қытайдың тыңшылық құралдары мен технологиялары туралы көп айтумен қоса, кейбір компания-ларына санкция салып келе жатқан АҚШ елі соңғы жылдары қатаң шараларға көше бастағаны белгілі. АҚШ сенаторлары былтырғы қараша айында, Бейжіңнің «Byte Dance» компаниясының меншігі болып саналатын «TikTok» программасына күдік келтіріп, оны ел аумағында қолдануға тиым салу туралы мәселе көтерді. Олардың пайымдауынша «бұл ұрлықшы жүйе» екен. Яғни, «TikTok» программасын өзін қолданушының компютері немесе смартфонындағы ақпараттарды арт жақтағы қожайындарына жеткізіп тұратын көрінеді… Бұдан бөлек Қытайда кең көлемде қолданылатын «Вичат» желісі мен «Baidu», «Alibaba» қатарлы алпауыттары да тыңшылықпен айналысатын көрінеді.

 

Қытайдың құжынаған халқын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған мұндай құрылғылар мен технологияларына қызығушылық танытып жатқан мемлекеттер де аз емес. Солардың бірі Эквадор мемлекеті. Олар 2011 жылдан бері қарай Қытай компанияларының көмегімен, ел аумағында бақылау камераларын көптеп орната бастаған. Қазіргі таңда Эквадорда жұмыс істеп тұрған жабдықтарды технологиямен қамтамасыз ететін «ECU-911» жүйесін «Қытай электорника экспорт, импорт компаниясы» мен әлемге аты шығып жүрген «Hua wei» корпорациясы бақылауда ұстайды екен.Әлемде демократияны ілгерлетуді мақсат ететін «Freedom House» ұйымы 2019 жылы қазан айында «Халықты бақылауда ұстау» мәселесі төңірегінде заерттеулерін жариялаған. Қытайда жасалған бақылау жабдықтары және оның шетелдерде қолданысқа енуі туралы мысалдар келтірілген жазбада «Зимбабуе, Өзбекстан, Пәкістан, Кения, Араб біріккен әмірліктері қатарлы 36 мемлекеттің Қытайда жасалған бейнебақылау жабдықтары мен технологияларды енгізуге ықылас білдіріп отырғандығы» сөз етіліпті. Аталған жайттарды мысалға келтіре отырып жасалған қортындыға көз жүгіртсек, ойланатын тұстары да бар сияқты. Қытайдың мұндай технологиясы өз кезегінде сол мемлекеттердің қоғам амандығы мен орнықтылығын қамтамасыз етуге көмек берумен қоса, мемлекетті уысында ұстап отырған билікке таптырмас құрал болған. Онан да маңыздысы бұл құрылғылар өз нысанасына іліккен ақпараттардың маңызды дегендерін «әлдекімдерге» жеткізіп беріп отырады екен. Ал, мұндай жабдықтарды сатып алу мен қолдануды қалтасы көтермейтін елдерге Қытай үкіметі қаржылық қолдау көрсеткен.
Өткен қарашаның басында «Америка дауысы» агенттігінің қытай тілді сайтында елімізге қатысты бір мақала жарияланды. Онда«Нұр-Сұлтан қаласында, екі көше бойынша автобустағы адамның бет жүзін парықтай алатын «FacePay» деп аталатын қосымшаның көмегімен төлем жасайтын құрылғы орнатылғандығы» туралы айтылыпты. Мақала авторы АҚШ-ның санкциясына іліккен Қытайлық«Hikvision» компаниясының бақылау апараты мен «Бет пішінді парықтайтын» технологиясының, Қазақстанда алғаш рет сынақ ретінде қолданыла бастағандығын айтыпты. Автор бұл мақалада «Сергек» камералары туралы ештеңе демеген екен…
Қытаймен көрші әрі стратегиялық әріптес ретінде қарым-қатынас жасап отырған қазақ елінің алдында аса күрделі сын-қатерлердің бар екені баршаға аян болса керек. Олардан келетін инвестициялардың да түрі көп. Соның бірі хабарласу және байланыс саласына қажетті құрал-жабдықтар болып табылады. Күнделікті қолданып жүрген ұялы телефондардан тартып байланыс жүйесіндегі «темір-терсектердің» көпшілігі Қытайдың өнімдері екендігі шындық. Алайда оларды қолданудың артықшылығы мен мемлекеттік қауіпсіздігімізге келтіретін қатері туралы ойлану біздің ел үшін «қазірше басы артық шаруа» сияқты…

Ерұлан Жансарин

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.