Аждаһамен айқасқан ару ана

Сайрагүлдың сотына тікелей қатысқан тілшіміздің ой-тұжырымдары

 

«Сүрінгенде, бүлінгенде бір қазақ…»

Иә, бірнеше ай бойы өлім мен өмір арасында арпалысқан ана жүрек Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында өткен екінші сот Үкімнен кейін ғана тыншыған сыңайлы. Шындығында аудандық сотта шыққан бұл Үкім Сайрагүл мен оның отбасының ғана емес, исі қазақ атаулының көзінен қуаныштың ыстық жасын ыршытқан еді. Не де болса күйеуі мен бала-шағасының жанына жетіп жығылғанды аңсаған қайсар ана арғы беттен қашып өтті және осы әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылды. Сайрагүлдің ащы тағдырына алаңдап, қабырғасы қайысқандар қатарында біз де, яғни халықаралық «QAZAQSTAN ZAMANY» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналы және «Елана» сайтының ұжымы да болдық. Әсіресе ана жүрегі елжіреген Бас директорымыз, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ел анасы Сәуле Мешітбайқызы газетіміздің 5 шілде 2018 жылғы №26 санында «Сайрагүлдің тағдыры өзіміздің қолымызда тұр…» — деп, барша халықты батыр қызымызға араша түсіп, Қытайға бермей, алып қалуға шақырған болатын. Бұдан кейін 19 шілде күнгі №28 және №29 сандарында да аталмыш мәселені айқайлатып, алғашқы беттен бердік. Ерекше айта кетерлігі, осы мәселеге алғашқы сәттен бастап араласып, белсенділік танытқан, әлеуметтік желі арқылы халықтың рухын көтеріп, қалам тербеп отырған әріптестеріміз болғанымен, әншейінде «бетке ұстар» болып жүретін мемлекеттік басылымдар әліптің артын бағып, шабандап жатты.
Біздің бұлай деудегі мақсатымыз — «Біз бірнеше мақала жаздық, біз сотқа қатыстық» деп қандай да бір дәрежеде мақтанып қалу емес, керісінше «Сүрінгенде, бүлінгенде бір қазақ, сүйеу болсын, тіреу болсын мың қазақ!» деген әндегі өлең жолдары сияқты әріптестеріме осындай істерде ауызбіршілік пен ынтымақ-бірлік болса, алынбайтын қамалдың болмайтынын жеткізу және келешекте әсіресе ұлттық мүддеге қатысты істерде бірлесе әрекет ету.

Бозінген іздеп ботасын…

Ендігі кезекте, оқырманға түсінікті болу үшін, сот үрдісі барысында сотталушының өзінің, мемлекеттік айыптаушы, Панфилов аудандық прокуратурасының аға прокуроры Арзыгүл Имярованың, сотталушының қорғаушысы Абзал Құспанның, сотқа төрағалық етуші судья Динара Құйқабаеваның мәлімдеулері бойынша, Сайрагүл Сауытбайдың неліктен ҚР-ның мемлекеттік шекарасын заңсыз бұзып өткені жайлы жинақтай қарастырған қысқаша мағлұматтарын баяндай кеткен жөн болар.

Сайрагүл Сауытбай: — 2016 жылы отбасыммен Қазақстанға көшіп келмек болдық. Отбасымды, яғни күйеуім және қызым мен ұлымды өткізіп, мені «мемлекеттік қызметте болғандықтан, кейінірек барасың деп, төлқұжатымды бермей, алып қалды. Алдында барып-келіп тұруға болатынын айтқан, бірақ оған кейіннен мүлде тыйым салды. Осылайша олар мені құпия лагерьде жұмыс жасатып, құпия жиындарына қатыстырды және құпияны сыртқа шығаратын болсам өлім жазасына кесілетінімді де ескертті. Еш қарсы шыға алмадым. Осылайша 2017 жылдың қарашасынан 2018 жылдың ақпанына дейін лагерьде жұмыс істедім. Олардың заңында мемлекеттік қызмет атқарғандарды мүлде сыртқа шығармайды немесе көзін жояды. Соңғы кездері олар маған: «Күйеуің мен бала-шағаң Қазақстанда. Сен екіжүздісің» деген кінә арта бастады. Олардың менің көзімді жойғылары келіп жүргенін сонда түсіндім. Енді бір аптадай жүрсем, мен о дүниелік болар едім. Ал менің бекерден бекер өлгім келген жоқ. Дереу қалай да Қазақстанға өтіп, балаларыма жетудің амалын қарастыра бастадым. Паспортымды алуыма көмегі тиіп қалар деген ниетпен Ян Иун деген қытай азаматына анасы ауырғанда ақшалай көмек беріп тұратынмын. Бірақ жеме-жемге келгенде ол да өз басын алып қашып, жолатпады. Бірақ аты-жөні белгісіз бір ұйғыр азаматқа сілтеді. Ол менен 40 мың юань ақша алып, жөн сілтеп жіберді. Шекарада Қазақстаннан келген туристерге араласып, шекара қызметкерлерінен жасырынып, еңкейіп өтіп кеттім. Қазақстанға жетісіммен тиісті жерлерге бәрін айтпақ болдым. Бірақ мүмкіншілігім болмады. Мен мұнда біреуге қиянат жасайын деп келген жоқпын. Әйел — ана үшін баласынан артық ештеңе жоқ, солармен қосылып, атамекенімде өмір сүру үшін келдім. Қытайға бермеуіңізді сұраймын».

Жасасын, біздің ең әділ, ең гуманды сот!

Сонымен Алматыдан 300 шақырым шалғай жатқан Жаркент қаласында өткен соттың алғашқысында да, кейінгісінде де жиналған халықтың қарасы көп болды. Аяғы жетпесе де алыстан тілеулес болып жатқандарда шек жоқ. Тіпті менің қасымдағы ұйғыр досыма хабарласқан ұйғыр «ағиналары» қалайда Сайрагүлді Қытайға бермеу керектігін айтып, тілеулестігін білдіріп жатқанын құлағым шалып қалған еді. Енді қайтсін, Сайрагүлдің басындағы жайт Қытайдағы 500 мыңдай қазақ пен 3 миллиондай ұйғырдың, тағы басқа да аз ұлт өкілдерінің басындағы жайт екенін естіп жатыр ғой олар да.
Ескерту: Жоғарыда Сайрагүл айтқан жайттардың мемлекеттік айыптаушы тарапынан қайталанған жерлерін қысқартып, ықшамдадым. Тағы бір ескертетін жайт, сот төрағасы оқыған АНЫҚТАҒАНЫ мен шығарған Үкімі де осы төменде прокурор айтқан жайттарды мақұлдайтындықтан, оны қайталап бергенді артық деп санадым.
Арзыгүл Имярова: — ҚР ҚК 392 бабы 1 бөлігімен айыпталған ҚХР азаматшасы Сайрагүл Сауытбайдың мемлекеттік шекараны бұзған қылмыстық ісі жан-жақты тексерілді. Ол өз кінәсін мойындайды. Сайрагүл Сауытбай ҚХР тумасы, жоғары білімді. 2002 жылдан бері ҚХР Коммунистік партиясының мүшесі. Ауруханада істеген және балабақша директоры қызметін атқарған. Жұбайы Уәли Ислам 2016 жылы Қазақстанға келіп, 2017 жылдың маусымында азаматтығын алған. Жары Сайрагүлмен Қорғас сауда ынтымақтастық орталығында екі баласын ертіп келіп кездесіп тұрған. Бірақ кейіннен кездесе алмаған. Қытайдағы Ақсу ауылында тұрғанда 400 мың юань несие алған. Алайда кепілдікке қойған тұрғын үйінің құны несиесін артығымен жабатынын айтқан. Қытайға барса өзін өлім жазасы күтіп тұрғанын айтып, өзіне жеңілдік беріп, Қазақстанда қалдыруын сұрады. Шекарадан заңсыз жасырын өтуге мәжбүр болған. Ал оның рұқсат қағазы 44 сағатқа берілген екен. Ешкімге айтпай такси жалдап, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек ауылында тұратын отбасына барғанымен, ауырып ауруханаға түседі. ҚР ҚК 23 б 1 бөлігі 7,11 тармақтарына сәйкес, жазаны жеңілдететін жағдайлар туындап, ҚР ҚК 54 бабына сәйкес жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмаған деп санайды. Екіншіден, Сайрагүл Сауытбай кәмелетке толмаған екі баланың анасы. 20 сәуір 2005 жылы туған кызы Уәли Үкілай мен 15 желтоқсан 2009 жылы туған ұлы Уәли Ұлағат ана махаббатына бөленуге құқылы. Сондықтан айыптаушы тарап Сайрагүл Сауытбай негізгі жазасын өтегеннен кейін, отбасымен қауышуына мүмкіндік жасау керек деп санайды. Сондықтан ҚР шекарасын бұзып өту әрекетін мәжбүрліктен жасалған ерекше жағдай деп қарап, ҚР ҚК 55 бабы 4 бөлігі негізінде қосымша жаза Қазақстан Республикасынан шығаруды қолданбауды, ҚР ҚК 55 бабы 2 бөлімінің 1 тармағына сәйкес, аса ауыр емес қылмыстар қатарына жатқызуды, ҚР ҚК 392 бабы 1 бөлігі бойынша 6 айға бас бостандығынан айыруды, жаза мерзімін 2018 жылдың 23 мамырынан бастап есептеуді, ҚР ҚК 63 бабымен, жаза шартты саналып, ҚР ҚК 44 бабы негізінде Сайрагүл Сауытбайға 6 ай мерзімге провациялық бақылау тағайындауды, Еңбекшіқазақ ауданы, Виноградная 33 мекенжайы бойынша, провациялық бақылау орнатуды, ҚР ҚК 55 бабы бойынша, Қазақстан Республикасы шекарасынан шығаруды қолданбауды, сот залынан қамаудан босатуды сұрайды.
PS: Міне бұл жоғарыда айтқан сотта-лушының да, көпшіліктің де, қорғаушының да тілеуінің мемлекеттік айыптаушы тарапынан айтылған көрінісі болатын. Және сот та дәл осы ұстанымда оң Үкім шығарды.

Жеңіске жетелеген кімдер?

Десек те, бүгінде оң шешімін тапқан осы сотқа осқырына қарап, қарапайым халықтың жеңісіне сенер-сенбестерін білмей жүргендер де табылып жатыр. Бұған жауап ретінде, Сайрагүл Сауытбайдың қорғаушысы болған Абзал Құспанның «Азаттыққа» берген сұқбатынан үзінді келтіре кетсем артық болмас.
Абзал Құспан: «Үш фактор бұған әсер етті. Іс басталысымен халықаралық ұйымдармен жұмыс істедік. Бірінші болып БҰҰ жанындағы босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комисса-рының Алматы қаласындағы өкілдігіне хабарластым. Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі Мира Риттман ханым жеке өзі хабарласты. Халықаралық заңнамада біздің адвокаттық тәжірибеміз жеткіліксіз. Сол себепті осы ұйымдар берген кеңестердің көмегі болды. Human Rights Watch пен Еуропадағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдар президент атына, бас прокурордың атына «Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармау туралы» хат жолдады. Бұл саяси шешімге әсер етті деп ойлаймын. Себебі судья Динара Құйқабаева: «бұл хаттар маған келіп түсті», — деді. Демек істі қарап жатқан судьяға қоса жолданған. Бұл — Қазақстан сотында болмаған құбылыс, болмаған оқиға деп ойлаймын. Екіншіден, Сайрагүл Сауытбай туралы шетелдік ағылшын тілді ақпарат құралдарында жүйелі түрде жарияланып тұрды. Тағы бір әсер еткен фактор — халықаралық шарттар. Соның бірі — Қазақстан қол қойған, ратификациялаған «Балалар құқығын қорғау туралы» конвенция. Сот үкіміне әсер еткен негізгі дәйек осы болды десем артық емес».
Иә, қорғаушы сотта бұл тұрғыда ана мен баланы ажыратқан заңсыздықпен қоса, олардың кездесуіне, тіпті тілдесуіне тыйым салған қатыгездіктері жайлы дәйектер келтірген болатын. Ал енді соттың әділдігіне күмән келтіретіндерге айтарым, талай соттарға қатысып жүріп, шынында осындай әділ сотқа мен де бірінші рет куә болдым. Өз басым бұл жеңісті ел мүддесі, ел мен елбасының, мемлекеттің намысы мен адам тағдыры таразыға салынған тұста, ақыл-ой мен парасат және жүрек қалауының бір жерге тоғысқанының белгісі деп түсіндім. Әрине, «жалғыздың шаңы шықпас» дегенді ата-бабамыз бекер айтқан жоқ. Осы орайда Сайрагүлді қорғауға белсене араласқан негізгі себепкер ретінде мен қандастарымыз құрған «Ата жұрт» еріктілер ұйымының» азаматтарын ерекше атап өтер едім. Жаркенттегі қандастарымыздың ұйымшылдығы турасында бұған дейін де жазғанбыз. Бірақ осы жолы бүкіл шетелдік БАҚ-тар мен ұйымдарға шығып, 200-дей мақаланы ағылшынша тәржімалап, солардан қолдау сұрап, Қытайдағы қазақтың мәселесін әлеуметтік желі арқылы өз азаматтарымыздан бастап, әлемдік деңгейге дейін жеткізген Серікжан Біләш, Қыдырәлі сияқты азаматтарға және олардың айналасында соларды қолдап, қазақ еліне, жеріне пайда тигізсек деп жүрген Ережеп сияқты азаматтарға Алла риза болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Сайрагүл енді еркін сайрандай ала ма?

Адвокат Абзалдың айтысында Сайрагүлдің жеке басына қатысты проблеманың 85 пайызы шешілген сыңайлы. Дегенмен Сайрагүл Сауытбайдың Қытайда жасаған қылмысы бойынша, Қытай тарабы әлі де батыр қызымызды сұратуы мүмкін екен. Жаркентте өткен сот барысында қорғаушы А.Құспанұлы Сайрагүлге берілген «пана іздеуші тұлға» деген куәлікті сот ісіне тіркетуді сұрап, сот төрағасына ұсынған болатын. Адвокаттың айтысында, жарамдылығы үш айға жететін бұл куәлік уақыты біткенге дейін «босқын» статусын алып үлгеруі, тек содан кейін ғана азаматтық алуға кірісе алады-мыс. Мейлі солай-ақ болсын. Бірақ осыншама Қытайдың бет пердесін ашып, бетін тырнап жатқанда, оны Қытай тарабы жайына қалдырып, бала-шағасының арасында, өзі айтпақшы атамекенінде алаңсыз жүргізе қояр ма екен? Бұл мәселеде Сайрагүлдің сақтығын қамтамасыз ету керек сияқты. Кеше әлеуметтік желіде осы істің басы-қасында жүрген этникалық қазақ қандасымыз, талайлардың көзін ақиқатқа жеткізіп жүрген, көзі ашық, көкірегі ояу бауырымыз Серікжан Біләш, Сайрагүлдің алдында екі түрлі жол, екі түрлі таңдау тұрғанын айтты. Оның бірі: Сайрагүл Қытайда азап шеккендерді құтқару үшін, барлық шындықты әлем алдында жасқанбай, жасырмай айтып, ашып тастауы керек екен. Ал екіншісі, өзіне немесе жақындарына жасалатын әрекеттермен қорқытатындардың сөзін тыңдап, аузын ашып, артық әңгіме айтпауы тиіс көрінеді. Серікжанның айтуынша, біздің арамызда неше түрлі қытайшыл қазақ кәсіпкерлер мен саудагерлер, тағы басқа да бизнес өкілдері өріп жүргенге ұқсайды. Міне солардың азғыруымен Сайрагүл де, Сайрагүл сияқтылар да еркін сайрай алмай және еркін сайрандай алмай қалуы мүмкін екен. Бұл мәселеде әркімнің ойы әртүрлі болуы заңдылық. Біреулер: «Өзі әрең отанына, балаларына жеткенде, ендігі өмірін тыныш өткізіп, бақытты өмір сүруге құқылы ғой» десе, енді біреулер: «Сайрагүл өзі сияқты Қытайда көздері жәудіреп жатқан 500 мың қазақты, 3 млн. ұйғырды құтқару үшін бар шындықты Батыстың БАҚ-тарына ашық айтып беруі керек», — деген ұстанымда.
Түйін: Меніңше, халықаралық дәрежеде өткен бұл сот халықтың Елбасына, Үкіметке, билікке, сонымен қатар, «әділдік жоқ» деп жүрген соттар мен прокурорларға деген сенімін арттыра түскені рас. Елдігіміз сынға түскен сын сағатта жетім-жесірін жылатып жауға бермеген елдің келешегінен зор үміт күтуге болмас па?! Десек те, дәл осындай қаншама мыңдаған тағдыр, қаншама мыңдаған бауырларымыз арғы бетте көздері жәудіреп, бізден үміт етіп отыр десеңізші. Енді сол қандастарымызды арашалап алу — біздің парызымыз! А.Құспанның айтуынша, АҚШ-та бұл мәселені вице-президент Майк Пенс пен мемлекет хатшысы Майк Помпео қадағалап отыр екен. Бірқатар сенатор мен БҰҰ өкілдері шілденің 26-сында «Шыңжаңдағы адам құқықтары дағдарысы бойынша комиссия отырысы» атты үлкен жиын өткізіпті. Осылайша Қытайға қатысты бөлек қарар дайындалып жатқан көрінеді. Демек, алдағы уақыттарда Қытайдағы жүз мыңдаған қандастарымыздың да мәселесі әлемдік деңгейде көтеріліп, келешектері жарқын боларына сенейік және үміт етейік.

Жанбақыт Мерекеұлы