Әжелер айтқан ертегі, ұрпағын рухты етеді
Ұлттық тәрбие, нағыз қазақы тәрбиенің өзегі әжелер мектебінен бастау алады. Көпті көрген ақ жаулықты әжелер айтқан ертегі арқылы бала жақсы мен жаманды, дос пен дұшпанды, мейірімділік пен жауыздықты, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратуды үйренеді, тілі жаттығады. Ертегі, аңыз-әңгімелердің кейіпкерлері олардың басынан өтетін оқиғалары арқылы күнделікті нәрселерді талдай білуді және әлемді түсінуді үйренеді. «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады» деген екен атақты ұстаз Ыбырай Алтынсарин.
“Қазақ аналары” қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы “Дәстүрлі жол” жобасының төрайымы, белгілі дизайнер, «Gulfairuz studio» ұлттық киімдер брендінің негізін қалаушы Гүлфайруз Нұрабаева және облыстық аналар алқасының бастамсымен қолға алынған “Әжемнің ертегісі” жобасы аясында Сеңкібай ауылындағы “Нұрлы” бөбекжай бақшасында «Өмірге риза болып, алғыс айтамын!» атты ертеңгілік өтті.
Бүлдіршіндер бойына «сыйластық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, Отанға, ата-анаға, тәрбиешілерге, жалпы адамдарға алғыс айту, үлкен мен кішіге сүйіспеншіліктерін көрсете білу, сыпайылылық қарым-қатынасын дамыту, әдептілік пен кішіпейілдікке, ізеттілікке тәрбиелеуді мақсат еткен ертеңгілік балалар хорының орындауында «Ана деп ән саламын» атты әнімен ашылды. Мұнан кейін бүлдіршіндер ата-анаға, Отанға, Табиғат-Анаға, адамдарға алғыстарын өлең жолдарымен жеткізді. Ұлттық киім киген кішкентай арулар елімізді мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің билері мен «Топ-топ» әнін, ұлдар «Джентльмен», заманауи билерді билеп, жиналғандардың ыстық қошеметіне бөленді. Азамат Алаштың орындауында «Анашым анажаным», Жасмина Нұрсұлтанқызы «Қайда» әндерін әуелете шырқаса, Алижан Елемес ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Барлығы да менікі» атты жырын мәнеріне келтіріп оқыды.
Мұнан кейін балалар ертегілер әлеміне сапар шекті. Аудандық аналар алқасының мүшесі, Мырзатай ауылдық округі аналар алқасының төрайымы Ұланбике Сейдуалиева бүлдіршіндерге «Бауырсақ» ертегісін нақышына келтіріп айтқаны соншалықты бүлдіршіндер қимылсыз зейін қойып тыңдады.Ертегі кейіпкерлерін: әжесі (Жанар Рахманова), бауырсақ (медбике Света Байходжаева), қоян (әдіскер Аида Айнақұлова), аю (шаруашылық меңгерушісі Салтанат Сарсебаева), қасқыр (Меруерт Пшанова), түлкі (Айнұр Боранбаева) әдемі сомдап, балалардың ертегі тыңдауға деген қызығушылықтарын арттыра білді.
Ертеңгілікке арнайы келген «Рысбаева және К» ЖШС-нің директоры Сәуле Рысбаева әже тәрбиесін көргендігін айтып, естелігімен бөлісті. Түрлі-түсті етіп шығарылған ертегілер кітапшасын бүлдіршіндерге табыстады. “Қазақ аналары” қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы “Дәстүрлі жол” жобасының төрайымы Гүлфайруз Нұрабаева екі ата, екі әженің тәрбиесін көріп, ұлттық тәрбиені бойына сіңіргендігін, соның нәтижесінде ұлттық өнерімізді: кимешек, кәжекей, камзол, шапан, қазақы көйлек, тақиялар тігіп, ұлықтап жүргендігін жеткізді. «Әулиеата Феникс» ЖШС-інің директоры Фарида Жүнісова, Байзақ аудандық аналар алқасының төрайымы Шырын Қапарова, «Ақ жол» шаруа қожалығының басшысы Бағдат Момынов ретімен сөз алып, облыстық, аудандық аналар алқасының қолға алған бастамасының өміршеңдігін, ертегі баланы тәрбиелеудің таптырмас құралы екендігін айтып, бақшада талантты, өнерлі бүлдіршіндердің көптігіне риза болып, бақша меңгерушісі Ақтоты Көпбосыноваға, тәрбиешілерге, жалпы ұжымның жұмысына табыс тіледі.
Аталған бөбекжай- бақшадағы 2 топта 50 бала тәрбиеленуде.
Гүлшахар Ермұратова.