ӘЖЕМНІҢ ӘСЕРЛІ ӘҢГІМЕЛЕРІ

Пролог орнына —
[Осындай рубрикамен оншақты жыл бұрын Facebook-те оншақты пост жазған едім, өкінішке орай, аккаунтымды деструктивті діни ағым (сектанттар) өкілдері өшіріп, өздері шет елге қашып кетті… Марқұм әжемнің ұлттық салт-дәстүр, ұлттық ем-дом, ұлттық тарихынан берген мәліметтер ұнамаған шығар?!!!]
° Әжем Ақбалық Дөкеқызы 1889 Семей облысы, Ақсуат ауданындағы Дөртуылдың болысы Дөкенің үйінде өмірге келіп 1982 жылы Ұрыжар ауданы, Науалы ауылында өмірден озды…
Жас кезінен ерке болып өссе керек, ер баларша киініп, атқа мініп аңшылармен аңға да шыққан екен… Бірде аңшылар соғып алған денесі суи қоймаған қасқырдың артына сұқ саусағын сұғып алып: — Уа, Тәңірім менің тілегімді қабыл ет, —деп, емшілік қасиетті сұрайды. Өзі де талапты болса керек, ақыры өңірдегі атақты сынықшы —оташы болды… Адам анатомиясын бір кісідей білетін еді жарықтық, емдік шөптердің жиырмадай түрін айтып отыратын…
Табиғатпен біте қайнасқан, ежелден келе жатқан бабаларымыздың көмескі тартқан соқпағымен жүрген адамның бірі деп есептеймін. Ашаршылық жылы қазақтың көрген нәубаты туралы бізді баласынбай, сағаттап әңгіме айтушы еді жарықтық!!!
— Бірде Қытайдың Шәушек қаласынан Аягөзге «Контрабанда» тартып бара жатқанда Карагитат өзеніне жетектегі атым құлап, заттар су болып қалды, соны кептіріп алайын деп, таудың етегіндегі бір қорымға аялдадым, бүкіл ауылды қырып кеткен екен, балардың сүйегіне дейін ақ сөңке болып шашылыпты, —дегені қазақтың 50-60% пайызы қырылғанына бір факт болып көз алдыма елестейді… Аягөзде Тайлақбайдың Қажығалиы деген болыс Нұрсила болыспен дос болған екен, тауарларды сол кісіге жеткізіп отырған екен…
(Ол басқа тақырыпқа арқау болар…
Әжемнің аяқ жағында жатып небір қызықты да, әсерлі әңгімелер естіп есейдік қой…)
Жақында Алмадыда Септегенов Назарбек деген сексендегі ақсақал: — Сенің әжең Ақбалық інім Ниязбектің сынған аяғын салып берген еді, өле— өлгенше бір сылтып басып көрген жоқ, марқұмның жатқан жері жарық болсын, сендерге сынықшылық қонбапты, —деп, әңгімесін аяқтады.
Ұзақ посты оқымайтынын түсініп, осы жерден тоқтайын, құрметті Досым!!!
Ата —бабамыздың тарихы —Ұлт тарихы!!!
P. S.
Ата —бабаларыңыз жайлы жазыңыз, балаларға үлгі, тарихқа тамшыдай болса да үлес болады!!!

Советқазы Нұрсила