Қажетің өтеліп, уайымыңды сейілтер жол іздесең…
Қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінен бастап бірігіп атқарар амалымыз Алла тағалаға жақындатар ең ұлы құлшылықтардан. Десек те, бұл атқарылуға өте жеңіл амал. Бұл амалда үлкен ләззат және кеудеге қуаныш ұялатар ұлықтық бар. Сондай-ақ, көптеген қажеттіліктеріміздің өтелуінің де кілті осында. Иә, сөздерімізге қарап қызығушылығыңыздың оянғанын сезіп отырмын. Ол — Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат жолдау амалы.
Құрметті бауырым! Сіз білесіз бе? Әлем-дердің Раббысы Ұлы Алла, көктер мен жердегі бүкіл билік уысында болған Алла, Ұлықтық пен Үстемдіктің иесі Алла біз бен сіздің пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат жолдайды. Және де жеті қат көктегі күллі періштелері де оған (с.ғ.с) салауат жолдайды. Міне, осы ақиқаттарды Құран арқылы біздерге білдірген соң Алла тағала біздердің де Ардақты Алла елшісіне (с.ғ.с) салауат айтуымызды бұйырады. Қасиетті Құранның «әл-Ахзаб» сүресі, 56-аятында:
«Расында, Алла (ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең ардақтысы Мұхаммед) пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар (яғни, оны шын жүректен ардақтап, оған Алланың рақымы мен есендігін тілеп, бар ықыластарыңмен дұға етіңдер және оған қалтқысыз мойынсұнған күйде сәлем жолдаңдар)!» — деп бұйырады. Егер Раббымыздан осы амалдың сырын сұрар болсақ, «Не үшін айтуымыз керек салауат?» — деп. Егер Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с) жіберілмегенде адамдар пұттарға табынып, Раббысынан алыстап, бір-бірлерін жазықсыз өлтіріп жердің бетінде бүліншілік көбейер еді. Тіпті, басым көпшілігі әзәзіл шайтандарға табынып кетер еді. Алла тағала өзі осы ақиқатты паш етіп Құранның «әл-Әнбия» сүресі, 107-аятында:
«(Уа, Мұхаммед!): Біз сені күллі әлемге (күллі жаратылысқа) теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік», — дейді.
Ойланшы, бауырым! Егер сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмір жолына назар салатын болсаң қаншама мәрте мүшріктер тарапынан сөгіс алғандығын, өтірікке шығарылғандығын, қиналғандығын, намаз сәтінде мойнына түйенің нәжісі төгілгендігін, Таифқа сапарында атқыланған тастан мүбарак басы жарылып, аққан қаны жерге тамғандығын байқайсың. Сол сәттегі Оның (с.ғ.с) сөзі: «Аллаһым! Қауымымды кешіре гөрші. Олар ақиқатты танымаған білмейтіндер ғой», — деп Раббысынан оларға жарылқау тілеген еді. Қасиетті Құранның «әт-Тәубә» сүресі, 128-аятында:
«Сендерге өз араларыңнан (яғни, ара-ларыңда туып өскен) хақ пайғамбар келді. (Оның сендерге жанашырлығы соншалық — азапқа немесе қиын жағдайға душар болғандарың былай тұрсын), тіпті, болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар (болғандықтан сендер үшін қатты қорқады, сендерді ойлап көп уайым жейді) әрі мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді», — делінген. Ол Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с) бізден талап етер ақысы Оған (с.ғ.с) арнап ертелі-кеш салауат пен сәлем жолдауымыз.
Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір адам келіп сұрайды: «Иә, Алла елшісі (с.ғ.с)! Мен дұғамның қаншасын Сізге салауат айтуыммен атқаруым қажет?» — дейді. (Әрбір дұға сәтінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат жолдау сүннет амалы). «Егер дұғамның үштен бірін арнасам», — дейді. Ол (с.ғ.с): «Қалағаныңша», — деді. «Ал, егер дұғамның жартысын Сізге салауат айтуға арнасам, ал қалған жартысында Алладан қажетімді сұрасам», — дейді. Ол (с.ғ.с): «Қалағаныңша», — деді. Сонда әлгі адам: «Егер барлық дұғамды тек қана Сізге салауат айтумен аяқтасам бола ма», — деді. Ол (с.ғ.с): «Егер солай жасар болсаң сұрауға ниет еткен қажетің өтеліп, уайымың толықтай сейілтіледі», — дейді.
Құрметті, бауырым! Рамазанның алғашқы күнінен бастап әр күніңді Алла елшісіне (с.ғ.с) салауат пен сәлем жолдауға арнағын. Алдағы уақытта салауатты көбейтіп жібер. Сонда, өміріңнің қалай өзгергеніне көзің жететін болады. Істеріңнің жеңілдеп, кеудең қуанышқа толғандығын байқайсың.
Кім егер күніге Алла елшісіне (с.ғ.с) салауат жолдар болса, Қиямет күнгі Пайғамбар (с.ғ.с) шапағаты рұқсат етілетін болады. Яғни, Раббымыз Алланың құзырындағы есептен кейін Оның (с.ғ.с) шапағатына қол жеткізетін боламыз. Ол күні бүкіл елшілер «Өзім, өзім», — деп тұрған сәтте, біз бен сіздің Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үлкен шапағатқа рұқсат алады. Раббысының құзырына сәждеге жығылып, Аллаға мақтаулар айтып басын көтерген сәтінде: «Аллаһым! Үмбетім, үмбетім..» — деп біздердің хәліміздің жақсы болуын сұрайды. Міне, сондықтан да Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с) есімін ести тұра Оған (с.ғ.с) салауат айтпаған жан ең сараң адам жер бетіндегі.
Иә, бауырым! Сахих хабарларға сүйенер болсақ, біз бен сіздің салауаттарымыз бен сәлемдеріміз Алла елшісіне (с.ғ.с) жеткізіліп, Ол (с.ғ.с) біздерге жауап қайтаратын болады.
Алла тағала Қиямет күні баршамызды Оның (с.ғ.с) жанына жиналуымызды нәсіп етсін!