Әзілхан Нұршайықовтың нақыл сөздері:
1. Ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.
2. Есті қыз етегін қымтап ұстайды.
3. Әйелдің жалаңаш денесі еркектің ойын өзіне бөлгізеді. Жинақы жүр. Сонда еркек елеңдемейді.
4. Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың.
5. Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу — дарақылықтың белгісі.
6. Кісі кемшілігін көруге емес, түзеуге әуестен.
7. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігітке оның жымиғаны да жетеді.
8. Ауыз шешендік әркімде бар. Қыздың көп сөйлемегені абзал. Қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы — сайрап тұрған сөз.
9. Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.
10. Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем-жақсы ананы ажалдан бұрын көрге кіргізеді.
11. Жақсы дос — жаман әкеден артық.
12. Үміт күткен ұлы оңбаған болса — әке, қызы күйеуге өтпесе — шеше, сұлу деп алғаны сүйкімсіз болса — жігіт, қыран деп тигені жапалақ болса — жар сорлы.
13. Кей адам кілт етпе келеді. Ол мінез жас балаға, сұлу әйелге, ұлы адамдарға ғана жарасады. Бұдан басқаға бітсе — ол қырсық.