ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ ОЙ ТҮЙІНДЕРІ

• Тісі алтынның іші алтын бола бермейді.
• Бұйрабас жігіт бас киімсіз жүреді.
• Бір тойда екі жар, бір заманда екі пайғамбар болмайды.
• Қыз күйеуге кеткенше асығады; барған соң: «Үйден бекер кеткен екенмін» деп өкінеді.
• Мүйіз шыға бастаған бұзау сүзеген келеді.
• Сыйықсыз қыз сәнқой келеді.
• Бұзақы бойжеткен құрбысының жігітін тартып алады.
• Кінәмшіл қыз күйеусіз қалады.
• Сараң – алғанына, жомарт бергеніне қуанады.
• Адал әке ақыл айтпай тұра алмайды.
• Данышпанға ділда байлық емес.
• Жас бала жөргекте тәрбиеленеді.
• Жасында шапалақ жегеннің, өскенде өкініші аз болады.
• Өсек – өткір пышақ.
• Нәпсісін тыя білгеннің несібесі толық.
• Адал досын арсыз жамандайды.
• Аяқталған іске ақыл сұрамайды.
• Арақ арықты да, алыпты да жығады.
• Тәтті су шөл қандырмайды.
• Керек зат тез жоғалады.
• Өзің қырт болсаң — өзгенің соры, қатының қырт болса-өзіңнің сорың.
• Ағармайтын шаш, ауырмайтын бас болмайды.
• Еріншектен көңілшек жаман.
• Еріншек жарымайды, көңілшек байымайды.
• Жақсыға бөгеу, талантқа тұсау көп.
• Өтірік айтпаса, өсекшінің іші кебеді.
• Өнегені өнеріңмен, үлгіні ісіңмен көрсет.
• Ауру әйел айнаға қараса – жазыла бастағаны.