БҰЛ ЖОЛДАУ – БҰРЫНҒЫ ЖОЛДАУЛАРДАН ӨЗГЕРЕК…ӘЙТСЕ ДЕ ОЛ ХАЛЫҚ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒА АЛА МА?

Киелі Қазақ жерінің екінші президенті Қасымжомарт Тоқаев халыққа өз жолдауын жария етті. Бұл Тоқаев мырзаның ел басына келгелі  алғашқы жолдауы. Алысқа шабар дүлдүлдің алғашқы аяқ алысынан оның қарым-қабілетін аңғаратын қазақ үшін бұл жолдау үлкен – сын болғалы тұр.  Себебі қазір халық жақсы сөзге елп етіп құрақ ұшып құлдыраңдай кетуден аулақ. Бөркін аспанға атып қуанудан да зәрәзап болған. Әр нәрсеге байыппен, салмақпен қарауға үйренген. Оған үйреткен де биліктің өзі. Ақ жауындай үйіп төгілген уәделер мен аппақ қардай шашылған жобалардың сан соқтырып кеткені қаншама? Тәттіге алданған баладай бұртиған көппен санасқан кім бар? Көк майсадай құлпырған қуаныштың көп өтпей күзгі жапырақтай қуарып кететініне де сан мәрте куә болған жұрт енді қайтпек?  Аузы күйген үрлеп ішетіні  өтірік пе? Ниеті таза, пейілі кіршіксіз жандардың өрелі ойларының ойраны шығып, халқына деген  таза көңілдерін талай жерде лайлап кеткен шенеуніктер әлі ортамызда жүр. Олармен күрес есеп-қисап күніне дейін жалғаса береді –ау шамасы…

Жақсылық пен жамандықтың қоңсы қонып, қатар көшіп жүретіні де  белгілі. Сондықтан ізгіліктің ауылына ат шаптыру Біз бен Сіз ойлағандай оңай жұмыс болмайтын түрі бар. Президент Тоқаевқа осы тұрғыда үлкен жауапкершілік пен еңсесі түсе бастаған жұртына сенім ұялататын  маңызды дүниелерге баса назар аудару мүмкіндігі туып тұр. Ел сенімін қалай ақтайды, ол өзіне байланысты. Мүлт кетпеуі керек. Мүлт кетті ме, мүлгіп тұрған саналар да  қарсылық жасап бой көтеруі әбден мүмкін. Бұрында жазғанмын, тағы да айтамын, халық қазір қажып жүр. Қажыған пендені қажырлы бастамалар мен дәулетті тасытар игі идеялар ғана демеу болып көтеріп тастай алады. Әйтпесе жылтыр сөзбен, ұтқыр тіркестерден пайда аз. Халыққа жағамын деп уәдені үйіп – төккеннің де артында  сұрақ тұр. Халық – құдайдың бір аты дейтін қазақ, судың да сұрауы барын ешқашан ұмыттырған емес.

Тыңнан түрен салған ізгі мақсаттар көп

 

Үміт пен күдік жағаласа отырып, президенттің халыққа жолдауын мұқият тыңдап шықтық. Ана ретінде, қоғам қайраткері ретінде, ел мен жерді аралап жүрген журналист ретінде – бұл жолдаудағы тыңнан түрен салған ізгі мақсаттарға көңіліміз толды. Жылда қайталана беретін кей бастамаларға селт етпедік.  Көп айтыла бермейтін, көпшілік біле бермейтін, көпке жария етіле бермейтін тың қадамдарға президент Тоқаевтың еркін құлаш сілтеуі – демократия мұхитынан жүзіп өткенін көрсетіп тұрғандай. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деген данышпан Абайдың өлеңі ойыма орала берді осы сәтте…
Әсіресе Президент Тоқаевтың  күрмеуі қиын проблемаларға бетбұрысы, көптің көкейіндегі  өзекті мәселелерге ат шалдыруы – көпті көрген данагөйдің салиқалы ұсатынымынан хабар бергендей. Қалай десек те, бүгінгі президент кездейсоқ билік басына келе қалған адам емес қой. Тәуелсіздіктен бұрын да тоталитарлық жүйені көрген, тәуелсіздік жариясында биліктің биік сатысының бәріне өрмелеген,  жақсы мен жаманның аражігін аша алатын кептегі тұлға!  Тәуелсіздікпен бірге жасап, биліктегі сәттіліктер мен сәтсіздіктердің де куәсі болғаны баршаға аян. Олай болса ақорданың тынысы мен тынышы, ырысы мен ірі ісі, арпалысы мен жанталасы бұл кісіге ежелден таныс. Ондағы ойындар мен тойымдар, шынайылық пен көзді арбайтын қойылымдар да бөтен емес. Ендеше халықтың зары мен заңын, мұңы мен құнын, кеткен есесі мен келген несібесін  президент Тоқаевтан асырып кім айта алмақ?
Сайлауда жеңіске жеткен күні – ақ ел білетін ( билік ішке сақтап семіретін) елім дейтін азаматтардың ішін көртышқандай кеміретін талай проблеманы ашық айтып салғаны тарих бетінде қаттаулы  тұр. Шетелдік журналистпен сұхбатында «халық шеруге кедейліктен шықты» деп айтуға да батыл жүрек пен тегеуірінді білек керек қой. Тура сөйлеген туғанына жақпайды ғой ағайын арасында. Ал билікте тура сөздің өз қарымтасы болатыны әмбеге аян. «Қорыққанға қос көрінетін» болса, мұндай сөзді айтпақ түгілі, көлеңкесінен үркіп жүрер еді. Президент Тоқаев бұл сөзді айта алды.  Ешкімге жалтақтап отырмады да? Қазақта «Бұл Ташкент көрген» деген жақсы лепес бар. Сол айтпақшы, Тоқаев батыс көрген азамат емес пе? Халық пен биліктің арасында саңылау болмауын қалағаны анық.  Және жүрегі қақ жарылып, өзегі от болып, халқының тұрмысына қамығып тұрғандай әсерге бөледі көзі қарақты ағайынды. Бұрындары тасып-толған дәулет пен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды ғана естіп, жарлы –жақыбайдың зар мен мұңына  селт етпейтін шенеуніктердің өздері Тоқаевтың сөзінен кейін жан –жақтарын барлай бастағандай көрінгенін жасырғымыз келмейді. Жалғыз ауыз сөздің құдіреті сол – мұны естіген қазақ қоғамы дүр сілкінді. “Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан пайда болады?” (Ахмет Байтұрсынов)  десті риза болған қалың бұқара. Әрине сөз бен істің арасы ат шаптырым болуы мүмкін. Алайда Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген сөзін бойтұмардай жүрекке сақтайық. Тоқаевтың халықтың тұрмысы жайлы ащы мәлімдемесі де   өз кезегінде су бетіне қапқан балықты алып шыққан қалтқыдай көтерілер кезең де келер. Сонда ақылды ұрпақ  кімнің асыл, кімнің жасық екенін өзі сараптап алар.

МӨДЕ ҚАҒАННЫҢ ӨСИЕТІН ТОҚАЕВ ЖАҢҒЫРТА АЛДЫ МА?

Сонымен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жасады. Жолдауда экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандырудың бірқатар мәселелері қозғалды. Тіл мен жерде қалыс қалмады. Мемлекет ақшасына малданып, жатыпішер жалқаулыққа санағандарды да  түйреп өтті. Былтыр мемлекеттік тапсырыс көлемінің 75 пайызы, бұл 3,3 трлн теңге екен, бәсекеге сай емес талаппен өтті деді Тоқаев. Бұл жем салғыш астауды жабу керек деп қадап айтты. Алдағы бес жылда мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания жұмысшылары 25%-ке қысқарады. Ұлттық компаниялардың саны да азаяды.
– Алдыңғы механизмдер билікке қатысты болса, мына тұсы – халыққа қатысты. Тоқаевтың айтуынша, соңғы 5 жылда адрестік әлеуметтік көмекті алатын адамдар саны 77 мыңнан 1,4 млн адамға артып кеткен. Мемлекеттен жәрдемақы алып, үйде қарынды сипап жату әрине жалқаулыққа апарар төте жол.  Өкініштісі бюджеттен осы мақсатқа бөлінер ақша 17 есеге көбейген… Тоқаев айтқандай, не біраз адам жұмыс істеуден жалтарады не жұмыс істесе де, табысын жасырады. Екеуінің бірі. Бұл да ойланатын мәселе. Әсіресе, шын мұқтаж адамдар ақшадан қағылып, жылпостар жымын білдірмей жатқаны жанға батады. Президент осының ақ – қарасын ашуға пәрмен берсе ел көңілінен шығары сөзсіз!
Халық даналығында «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деп дәріптеледі. Сол рас –ау шамасы. Өйткені Тоқаев қоғамдағы қызу көтеріліп тұрған проблемаларды дөп басып айта білді. Бұл халықтың қолайына жаққан жолдау болғалы тұр. Соның ең өзектісі – жер баяғы. Қазақты – алдауға, арбауға болар, аштықпен  сынауға болар, кемсітіп қорлауға болар, жүйкесіне ши жүгіртіп ашуландыруға болар, ол бәріне көнеді. Алайда жерді шетелдіктерге сатуға, жерді бөлшектеуге өлсе де көнбесі анық. Оған 2016 жылғы 21 мамырдағы бүкіл халықтық қозғалыс дәлел.

«Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» демекші, арғы тегіміз Тәңірқұты Мөде қаған жәйлі бізге жеткен бір аңыз бар. Көршідегі алып мемлекет (Бүгінгі Қытай) бабаларымыз Ғұндарға өз елшісін жіберіп, ешқандай ақылға сыймайтындай ұсыныс жасайды. Көрші елдің басшысы:
-Әй, Тәңірқұты Мөде қаған! Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, мына сенің ұшқан желмен жарысатын, көрген көздің жауын алатын, желден жүйрік бір тұлпарың бар екен. Егерде бізбен бұдан былай да тату-тәтті өмір сүремін десең, сол сәйгүлігіңді бізге сыйла, – депті. Мөде қаған жүйрігін тарту етеді. Оның маңындағы пысықайлар Тәңірқұтының бұл әрекетін «қорықтыға» санап, пыш-пыш өсек қылады. Ал, тумысынан қайсар, текті ұл Мөде қаған аналардың өсегіне мән де бермеді. -Алсын, ана тұлпарды. Мен бір жүйрік сәйгүліктен гөрі – ұлтымның амандығын жоғары қоямын. Алсын, қалағандарын. «Ежелгі жау – ел болмас, етектен кесіп, жең болмас» деген ата дәстүрін біле тұрып, қидым оларға құтымды!-деген екен. Арада тағы жеті жылдай уақыт зымырап өте шыққанда, әлгі бұйымтайшы жаудан тағы да елші келеді. Ол елші аттан түспей жатып, шіреніп, маңғазсып: -О Тәңірқұты Мөде қаған! Менің патшам сенің жомарттығыңа дән риза. Енді сенімен соғыспайды. Менің билеушім ана қойныңдағы сұлу қатыныңа ғашық болып қалған еді. Сол сұлуыңды бізге қисаң – екі ел өмір бойы тату-тәтті, ырыс-берекеде өтер еді. Қи, сұлуыңды?-дейді. Мөде қаған сөзге келмейді.  Тәңірқұты бірінші орынға – ұлтын қойып, ана қас дұшпаны сұраған қойнындағы асқан сұлу қатынын қиған екен дейді.   Арада тағы да оншақты жылдар тағы да зымырап өте шығады. Соғыссыз өткен осы жылдардың ішінде ел іргесі бекіп, ғұндардың қоңы көтеріліп, көп ұрпақ келеді дүниеге. Сансыз шайқастарда, кескілескен ұрыстарда құрбан болған ер азаматтардың орнын жастар баса бастайды. Ғұндар біртіндеп гүлденіп, айналасындағыларға қауіп төндіретін үлкен күшке айнала бастайды. Мұның бәрін әлгі Тәңірқұтының астындағы атын, қойнындағы қатынын бұйымтайға алған ел көріп, біліп отырады. Жау елден тағы ат арытып, елші жетеді ентігіп: -О, Тәңірқұты Мөде қаған! Сенің даңқың жер дүниені шарлады. Жомарттығың айнала елге аңыз болды. Менің билеушім енді сенен ана біздің көп малымызға өріс болатын жеріңді сұрайды. Бүкіл төңірекке атымтай жомарттығыңмен атың шығып еді ғой. Қи, сол пұшпақтай жеріңді, менің әміршіме?-дейді.
Астындағы атын, қойнындағы қатынын екі сөзге келмей бере салған Тәңірқұтының қаны шапшып, басына шыға келеді. Ол күндей күркіреп:
-Әй менің жендеттерім! Осы қазір мына иттің басын алыңдар! Бұдан әрі оларға енді төзбеймін! Маған жерім қымбат!-деген екен.

Жері үшін қасық қаны қалғанша күресу қазақ халқы үшін  бабалар аманаты ендеше. Осыны тамыршыдай тап басқан Тоқаев былай деді: «Жұртшылықты  толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін. Жеріміз  шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің  міндетіміз. Жерді тиімді игеру мәселесі барған сайын өзектіленіп барады. Жағдай жерге салынатын тікелей салықтың төмендігімен ушығып отыр. Мемлекеттен ақысыз жер жалдау құқығын алғандар  иелігіндегі жермен жұмыс істемей отыр. Елімізде латифундистер қатары пайда болды», – деді ҚР Президенті. Жер сатылмайды деген сөзі президенттің ақ жүрегін көрсетіп тұрғанымен, латифундистер туралы айтқаны әрине жаңалық емес.

Осы жерде Президент Тоқаевтың өзі құрметпен қарайтын ақын Мұхтар Шахановтың латифундистер  туралы айтқан «миллиондаған гектар жер иелері туралы шындық ашылмай, жер проблемасы шешілмейді.  В. Школьник, С. Терещенко, С. Кулагин т.б шенеуніктердің иеліктері анықталсын» дегенін еске сала кеткіміз келеді. Сондай-ақ, президенттің құлағына алтын сырға, егер сатылмаса жер үшін сотталып, түрмеде жатқан М.Боқаев бауырымызда босап қалады-ау деген үмітте оянды. «Жерді шет елге жалға беру, бермеу жайлы нақты айтылмады. Бұл да халықтың ең жанды жерінің бірі екенін баса айтқымыз келеді.

Қайран қазақтың тілі. Тәуелсіздік алғалы сенің жырың таусылмай келеді. Мемлекет халықтың аузынан жырып сенің мәртебеңді көтеру үшін не істемеді? Әлем басшылары халықтың әл-ауқатын дамытамыз деп шарқ ұрып жатқанда, біз, қазақтың тілін дамытамыз деп қаншама миллиярдтардың түбіне су құйдық.  Одан тілдің көркейіп кеткені шамалы. Кім кінәлі? Қазақ мемлекеті – қазақ тілін көркейте алмай отыр деп айтудың өзі неткен қиын еді? Тәуелсіздікпен құрдас балалар орысша шүлдірлеп, әлі күнге орыс мектептерінің жабылмауына күш салып тұрғаны да жанға батады. Қазақтың тілін тек қана қарымы кең заң ғана шешеді. Басқаның бәрі құр далбаса.

ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ – ЗАҢМЕН ҒАНА ШЕШІЛЕТІН КҮН ТУАР МА?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы халыққа жолдауында  қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту бағытында жұмыла жұмыс істеу керектігін жасырмады.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек, – деді Президент. Дұрыс –ақ!
Иә, мемлекеттік тіл мәселесін май шаммен қараса да артықтық етпейді. Ауладан бастап, мектеп, ЖОО, ұйым-мекемелердегі қазақ тілінің жағдайы тым мүшкіл. Әйтседе президент «Тас түскен жеріне ауыр» болатынын біледі деген ойдамыз. Халықтың арасында көп жүреміз. Халық билікке аманатын айтып жатады. Сол халықтың аманатын Президентке мүмкіндік туып тұрғанда жеткізе кеткеніміз дұрыс болар. Өйткені сабақты ине сәтімен келіп тұр. «Атамыз қазақ «Балық басынан шіриді» деп бекер айтпаса керек. Ең бірінші Президент Тоқаевтың өзі ел ішілік қана емес, халықаралық жиындар да ана тілінің беделін көтере білсе» дейді халық. Содан кейін заң шығарушы органдар, биік лауазымды тұлғалар да мемлекеттік тілді құрметтеуі тиіс. Халықтың ең үлкен талабы: билік басына келген шенеунік кім болса да қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек. Сонда ғана тілге құрмет күшейе түспек. Әйтпесе «Баяғы жартас – бір жартас» болып қала беруі бек мүмкін.
Тілге қатысты түйінді Азербайжанның екінші президенті болған  (Қандай ұқсастық) Абульфаз Эльчибейдің «Если народ начал борьбу за сахранение языка, значит это его последний шанс: если он потеряет и язык, ему наступит конец» деген сөзімен аяқтамақпыз.

Мемлекет басшысының « … Біз қоғам үшін пайдалы істерді тындырып жүрген басқа да саяси партиялар және қозғалыстармен серіктесуіміз керек. Біздің қоғамды мазалаған негізгі мәселелер көшелерде емес, азаматтық диалог аясында Парламентте шешілуі тиіс. Депутаттар өзінің заңды құқығын пайдаланып, Үкіметке өзекті мәселелер туралы сауал жолдап, одан нақты шараларды қабылдауды талап етуі керек» дегені көпшілік халықтың көңілінен шыққаны әлеуметтік желінің ауанынан байқалып тұрды. Дегенмен халық айтса қалып айтпайды – ға салсақ, «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» парламенттің атақ-абыройына күйе жағайын деп тұр. Ел іші гу-гу әңгіме.   Себебі кезінде халық қалаулысы деген «шекпен жамылған» депутаттардың бүгінде партиялық таңдаумен заң шығарушы органға сайлануы елдің үмітін ақтай алар емес. Егер үмітті ақтаса «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» не үшін құрылды? Оған халық арасына сөзі өтетін, әлеуметтік желіде белсенді азаматтар тартылуы да «Үй ішінен үй тіккендей» әсерге бөлейтінін кімнен жасырмақпыз? Оның заңдық қуат –күші де жоққа тән… Сондықтан мемлекет басшысының ұлтқа қатысты ұстанымын ел таразысына салсақ былай болып шығады. Қоғамды мазалаған мәселелер – Парламент мінберінен депутаттардың аузымен ашық айтылуы керек. Қорқып – үркуге негіз жоқ. Сонда ғана халықтың сеніміне ие болып, нағыз халықтық партияға айналуға жол ашық… Егер осы айтқандар жүзеге асып жатса, мықты Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет жасақталады.
Дамыған елдерде халықтың шеруге шығып, билікке өз талап –тілектерін жеткізуі үйреншікті жайт. Одан үрейлену, қорғану – арты қуыс шенеуніктердің ісі ғана. Біздің қоғамда бір кездері топтасып адамдардың көшеге шығуы – билікті төңкеріп тастауға жасалған қадамдай елестегені өтірік емес. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы күннен шерушілерге деген өзінің оң көзқарасын таныта білді. Елдің сөзіне құлақ асуға шақырды. Ащынған халықтың жай – мұңымен танысып, тұрмысы төмен отбасыларға   21 мың теңгені төлетуге мұрындық болды. Сонысымен де халыққа демократ тұлға болып танылды.

Енді міне, халыққа жолдауында митингке арнайы орын бөлінетінін жеткізді. Бұл деген – өз пікіріңді ашық айтуға зор мүмкіндік. Тек, қоғамдық тәртіпті бұзуға хақың жоқ. Мемлекет басшысы тіпті  митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігіне тоқталды.
«Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін білдіру құқығына ие. Егер ондай акциялар заң мен азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, қолдау білдіріп, заңда көрсетілген тәртіп бойынша митинг өткізуге рұқсат берілу керек. Ол үшін арнайы орын бөлу қажет», – дегені көптің қолайына жаққаны рас.  Елді басып-жаншуға, бір өзі бір патша болуға құмар әкім – қаралардың да басына қара бұлт төнгелі тұр. Ел аралап жүрген адамдар біледі халықтың мұң-мұқтажын жергілікті басқарушы органға жеткізу қиямет –қайым іс. Олардың қабылдауына кіру де тар жол тайғақ кешуден бір кем емес. Кірген күннің өзінде сөзіңді жүре тыңдап, халықтың жағдайына немқұрайлы қарайтын әкімдер көп болмаса да, бар. Президент әлеуметтік желі арқылы, арнайы хат жазу арқылы өзінен көмек сұрайтын халықтың да қарасы көп екенін жасырмады. Демек, президенттің бұл бастамасы арасы алшақтап кеткен халық пен биліктің арасына дәнекер болуға жасалған қадам деп ұққанымыз дұрыс –ау. Соңғы кезде қоғам белсенділерінің аузынан «Ауыл, аудан, қала, облыс әкімдерін халық сайлауы керек»,- деген ұсыныс жиі айтылуда. Президент бұл тұрғыда да тамаша ой айтты. Егер, онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша 30% тұрғынның әкім жұмысына көңілі толмайтыныны анықталса, Президент Әкімшілігі тарапынан арнайы комиссия құрылып, бұл мәселені қарастыратын болады.
Әлеуметтік желіде халық әртүрлі пікірлер айтуда. Бұл жолдау біреуге жағып, біреуге жақпауда. Көптің көңілінен шығу не деген қиын еді десеңізші?
Жолдаудағы бізге қатты ұнағаны «…Билік пен халық арасында диалог болуы тиіс. Біз бұл диалогты міндетті түрде орнатамыз. Қоғамда тәртіп пен үйлесімді дамуды қамтамасыз етеміз» деген сөз. Бұл түсінгенге  биліктің халыққа жақындай түсуге мүдделі екенін көрсетіп тұр. Демек, билік халықтың ойынан шықпай іс етудің арты жақсылыққа апармайтынын түйсініп отыр.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік ЖОО-на дайындау керек деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі тамыр-танысы жоқ, өз білімдеріне сенген жастарға үлкен демеу болары сөзсіз! Алып та, батыр да, ақында, зиялы да ауылдан шығатыны белгілі. Олай болса ауыл балаларына биліктің көзі түсуі жақсылық нышаны.
Көзі ашық жұрт жақсы біледі. Дамыған елдерде шағын және орта бизнес табыс көзі. Одан мемлекетке түсетін салықта қомақты. Бізде қалай,  кедергі көп, тосқауыл жетіп артылады, әсіресе қағазбастылық шаршатады. Одан сорақысы құзыры жеткен шенеуніктердің өзгенің бизнесін тартып алуға дайын тұратыны. Бұл да президенттің жолдауында айтылғаны қуантты.

«Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік жиілеп кетті. Менің бұл мәселе бойынша ұстанымым айқын. Бизнестің дамуына, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекет мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы керек. Осыған байланысты заңнамалық тұрғыда қосымша шаралар қабылдау керек. Парламент пен Үкімет бұл мәселені шешудің жолын ұсынуы қажет. Сонымен бірге, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекетті күшейтіп, капиталды сыртқа шығаруға және салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті қатаңдату керек», – деді Президент. Әсіресе шағын бизнесті салықтан 3 жылға дейін босату және осы уақытта бизнестің бұл түрін тексерудің бар түріне тыйым салу. Бұл ісін енді бастағандар үшін үлкен көмек деп білеміз.

«Кітапханашы» деген мамандық бар. Білім беру саласының қызметкерлерінің айлығы көтерілгенде, Мәдениет министрлігіне қарайтын олар мүлде назарсыз қалатын еді. Бұл жолдауда кітапханашылар еңбегі де ауызға алынды. Келесі жылдан бастап бұл мамандық иелерінен бөлек, барлық мәдениет саласының қызметкерлерінің айлығының көбейетіндігі біраз елге қуаныш сыйлары анық. Расында да мәдениет саласындағылар елдің, жас өркеннің дамуына үлкен үлес қосып, ұрпақтар сабақтастығына арқау болып жүр. Себебі, мәдениет дамымай, ұлттың дамуы мүмкін емес. Мәдениеті, тарихи танымы, тілі, дәстүрі кенже қалған ел ешқашан өркениетті ел бола алмас.
Президент Тоқаев жолдауында «Ауыл  – ел бесігі» деп арнайы  тоқталуы – ауылға бетбұрыс жасалатынын көрсетті. Онда қалың қазақ отыр.   Елбасының бағдарламасына бұрын 90 млд теңге бөлінсе, қазір 30 млд бөлінетіні айтылды. Білгенге бұл аз қаржы емес. Және президент дарақылықпен, мақтанқұмарлықпен ақша шашуды тоқтатуды бұйырды. Демек, өзіне дейінгі былық-шылықтан хабары мол. «Қазақстан дәуірі» газеті жылда  ауыл экседициясымен әр өңірге сапарға шығады. Ондағы мақсат Президент жолдауларына қолдау білдіру. Бұған дейін де «Рухани майдан», «Ауыл рухани жаңғырудың қайнар көзі» т.б атаумен, биліктің қолдауымен ел арасында болып келдік. Алла қолдаса биылда «Ауыл– алтын бесігіміз!» деген атаумен экспедициямыз жалғасын табады деген ойдамыз.

 

Түйін сөз:

ЖОЛДАУДА  НЕ АЙТЫЛМАДЫ? ОҒАН ХАЛЫҚ НЕ ДЕЙДІ?

Не нәрсенің де түйіні болады. Мемлекет басшысы көп нәрсені саралап, қоғамды елең еткізеді – ау деген проблеманың бәріне арнайы тоқталып өтті. Өзі таяуда уәде еткендей, әйел зорлау, бала қорлау, есірткі сату, адам сату секілді аса ауыр қылмыстардың жазасын күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге, соңғы кездері жиілеп кеткен браконьерлік оқиғаларына байланысты браконьерлікке барғандарға жазаны да қатаңдататын болды. Бұл қоғамның сұранысына жауап деп біліңіз! Белгілі инвестор, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында “ерекше атап өтуге тұратын және саяси тезистерге қатысты” ойын   фб парақшасына  жазыпты. Сол тезистерден үшеуін ел назарына ұсынбақпыз. Себебі өз айтары бар азаматтың тың ойлары көңілге қонымды көрінді. «Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұзып-жарғыш саяси либерализация тұрақсыздыққа әкеп соғады. Сондықтан біз саяси реформаларды алға аттандаумен емес, ойластырып отырып жүргіземіз. Бұған келісермін, бірақ бұл онсыз да жоғалтып алған қаншама уақытымызды тағы да өткізу болмаса игі еді. 2. “Біздің принципіміз – саяси модернизациясыз экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін емес”, – деді Президент. Міне, бұған 100% келісемін, тіпті 500%! “Полицияның мемлекеттің күш құралы ретіндегі бейнесі біртіндеп келмеске кетеді. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады”. Міне, тағы да 100, 500% келісемін! Мен тек «біртіндеп» деген сөздің күнтізбеге қойылғанын және нақты мерзімін естігім келеді.

Мақаланың басында айтқанымыздай халық шенділердің уәдесінен әбден шаршады. Алдарқату, жұбату, сырғақсыту арнасынан асып төгілуде. Әлеуметтік желі бүгінде Байтұрсынов айтпақшы,  «халықтың – көзі һәм құлағына» айналды. Ашық пікір алаңы десек те қателеспейміз.

Бүгінгі қазақ «қойдан жуас момын  халық» емес,  азу тісін қайрай –қайрай арланға айналып кеткендей сұсты көрінеді. Батыл – ой, батыр – талап айтуға бейім.  Президент жолдауына да өз реакцияларын білдіріп жатыр. Ол да орынды. Өйткені президенттің халыққа жолдауы – еліне берген уәдесі іспеттес. Уәде – қазақ ұғымында алмас қылыш! Демек ол қылыш күндердің бір күнінде не бір жерді тесіп шығады, не кесіп шығады.
Әлеуметтік желіні  ақтарып отырып халықтың күзгі толқындай – қуатты толқынысын байқадық. Бәзбіреулердің Президентке «сайлауда берген уәдеңізді әлі толық орындап біткен жоқсыз ғой» деген базынасында көзіміз шалды.  Саяси тұтқындарды босату  туралы жаңалық күткендер де көп екен. Олар да реніштерін жасырмай айтуда. «Егер президент жарқын болашақты ойласа, демократияны жандандырамын десе, жер үшін жапа шеккен, өз принципінен таймай сотталған азаматтарға бостандық беруі керек» деп әлеуметтік желіні «жандырып» жатыр.

Жемқорлықпен күрес неге айтылмады деп елеңдегендер де кездесті. «Биліктің өзін «жаулап» алған парақорлық дерті ушығып барады. Соның кесірінен экономиканың құлдырауы, бөлінген қаржының тиімді жұмсалмауы дендеп тұр» дегендер де табылды.
Латын әліппиі төңірегінде мүлде сөз болмағанына нарызыларды да көріп пұшайман болдық. Тіл жанашырлары латын тілі мен кирилицаның «шайқасы» енді қаншаға созылады деп елеңдеулі. Елді екіге жарған латын әліппиі «әрі тарт та, бері тарттың» күйін кешіп тұрғаны байқалады. Әсіресе «президент тіл туралы сөз қозғаған екен, онда неге тіл туралы заңды өзгертуді белден бір –ақ басып талап етпеді» деп күйініп жатқандар бар.
«Қазір ұлан байтақ жеріміз үшін қолдан келсе топырақтан қазақ жасауға мемлекет мүдделі болуы керек. Президент жолдауында қытайдағы қазақ проблемасы айтылмады. Айтылуы керек еді. Басқа білмесе де, Қытай тілінің білгірі Президент Тоқаев қытайдың экспансиялық саясатына көз жұма қарағаны ұнамады. Елім, жерім деген басшы, елдің көкейіндегі түйінді мәселені алдымен шешіп, халықтың ақ батасын алуы керек еді ғой» деп әттеген – айлағандарды кім жұбатпақ?

Иә, жақсы сөз жарым ырыс десек те, көңілде қорқыныш та жоқ емес. Жолдауда көтерілген мəселе көп, енді оның орындалуы қалай болмақ? Бұған дейінгі жолдаулардың кебін киіп кетпесіне кім кепіл? Уәде берді ме орындалуы керек.  Қайталап айтамыз, халық қазір жылтыр сөзге сенуден қалды. Нақтылықты, іскерлікті көргісі келеді.
Президент Тоқаев: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын!» – деді. Сондай –ақ ұлттың рухын көтеретін ұлы бабаларды ұлықтауға бел шеше кіріскенін қалың қазағы көріп отыр.  «Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс. Алтын Орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануы керек», – дегені де көңілге қуаныш ұялатады. Енді бар қазақ баласы жолдауға қолдау көрсетіп, Шерхан атамыз айтпақшы «Президент біреу – басқамыз оған тіреу» болып, халыққа берген уәдесін орындауға мүмкіндік туғызғанымыз дұрыс. Айқай-шумен іс бітпес.

Іске сәт дейміз! Президентіміз ағынан жарылды. Қара нар көтере алмас ауыр жүкті беліне байлады. Қалың жұртының сенімі – серігі болғай! Енді оны діттеген жерге жеткізу оған аманат. Аманатқа қиянат жасалмайды деп ойлаймыз.

Сәуле Мешітбайқызы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған