Б.Атамқұлов қызметке кіріскен бір жылдың ішінде жұмыссыздықты ауыздықтауға қаншалықты үлес қоса алды?
Халыққа ұнағаны — ұстамдылығы
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың өңір тізгінін қолға алғанына тамыз айының 8-жұлдызында бір жыл толды. Әрине, бұл мерзімді бар мүмкіндікті іске асыруға жеткілікті деп айтуға болмайды, дегенмен, әркімнің өз іскерлік дәрежесін байқатуға болатындай уақыт екені сөзсіз. Ендеше, осы мерзім ішінде Бейбіт Бәкірұлы өзін қай қырынан таныта білді?
Қазақта «асықпаған арбамен қоян аулайды» деген аталы сөз бар. Бейбіт Атамқұлов кадр саясатына келгенде осындай жүріс жасауымен ерекшеленді. Кейбір басшылар секілді жұмысқа кірісе салып, білек сыбана кадр алмастыруға әуестенген жоқ. Алдымен кімнің, яғни қай басшының қолынан қандай іс келетінін көрсетуге мүмкіндік жасады. Осы кезге дейін бірді-екілі басқарма мен аудан басшыларын алмастырғаны болмаса, көпшілігі жұмыстарын алаңсыз жалғастырып келеді. Қызметке келгеніне бір жыл толған кезеңімен сәйкестендіріп, кешегі аптада бірнеше аудан басшыларының орнын алмастырды. «Сенің анауың анандай, мынауың мынандай» деп орынды-орынсыз ақыл айтып, әкіреңдеуден де бойын аулақ ұстады. Ұстамдық танытты. Әркімнің ұсыныс-пікіріне, жоспар-жорамалына ой көзімен қарап, болашағын асықпай саралап көрді. Тең дәрежеде ақылдасудан да арланбады. Бұл, әрине, басшы азаматтарға қажет қасиет. Әкімнің көпшілікке, қарапайым халыққа ұнаған тұсы да осы болды.
Халық «патшада қырық кісінің ақылы бар», «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деген теңеулерді тегін айтпайды. Бейбіт Бәкірұлының ұстамдылығын бір қыры десек, екінші қыры ретінде басшылардың ғана емес, көпшіліктің де пікірімен санаса білетіндігін айтуға болады. Ахмет Байтұрсыновтың тілімен айтсақ, «халықтың құлағы, тілі, Һәм үні» — баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларға құлақ асып, өз пікірін білдіріп отырады. Келіспеген жерінде өз ойын ашып айтып, келіскен жағдайда сыннан қорытынды шығаруға белсене кірісетіні құптарлық жайт.
Ұтымды ұсыныс жерде қалмады
Әрине, әкімнің «қырларын» айта берсек, әлі де көп. Дегенмен, жұмыспен қамту, мүгедектерді қолдау мәселесіне келгенде шынайы жанашырлықпен жұмыс жасайтыны бір емес, бірнеше рет көрініс бергені есімізде. Қазіргі қызметіне кіріскеніне көп уақыт өтпей жатып, мүгедектер мәселесі күн тәртібіне көтерілген жиында аудан-қала басшыларына қатаң тапсырма беріп, нәтижесі тікелей өзінің жіті қадағалауында болатынын айрықша ескерткені есімізде қалыпты. Одан бері де осы салаға жиі қозғау салып, қадау-қадау тапсырмалар берумен келеді.
Айталық, облыс басшысының тапсырмасымен былтырдан бері аудан, қала әкімдіктерінің әлеуметтік жағдайын бақылау мақсатында ауылдың паспорты базалық дерекқор жүйесі қалыптастырылуда. Ол паспорт екі бағытта, яғни еңбек рыногының негізгі көрсеткіштері және жұмыспен қамту картасы болып қалыптасады. Еңбек рыногының негізгі көрсеткіштері бойынша арнайы базалық дерекқор жүйесі арқылы еңбек нарығының индикаторлары (халық саны, жұмыспен қамтылған, жалдамалы, өздігінше жұмыспен қамтылғандар, жұмыссыздар, жұмыссыздық деңгейі), кәсіпорындар саны, оларға мамандардың қажеттілігі толығымен қамтылуда.
Мұның тиімділігі ретінде қалыптасқан дерекқор арқылы кез келген уақытта әрбір елді мекен, ауыл округі, аудан, қала әкімдіктері бойынша еңбек рыногының индикаторы және сол өңірдегі кәсіпорындар туралы мәліметтер алуға және алдағы уақытқа даму стратегиялық бағдарламаларын әзірлеуде болжам ретінде мәліметтер ұсынуға мүмкіндіктер туатынын айтуға болады. Ал жұмыспен қамту картасы — ауылда мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде ашылатын жаңа жұмыс орындары, оларға мамандардың қажеттілігін, тапшылығын анықтау, еңбек ресурстарының балансын айқындау, тиісінше кадрларды даярлауда мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру жұмыстарын жүргізуге септігін тигізеді.
Облыс әкімдігінің «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағытын өзектендіру жөніндегі ұсынысы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен «Нұр Отан» партиясы тарапынан қолдау тауып, өзгеріс енгізілгенін ерекше атап өтуге болады. Осы ұсыныс нәтижесінде «Нұр Отан» партиясының «Ауылда жұмыспен қамту» жобасы аясында шағын тауарлық өндірістік жобаларды қолдауға 6,0 миллион теңгеге дейін шағын несие беруге қол жеткізілді. Соның арқасында 2016 жылы 600 азаматты шағын несиелендіру үшін 3,4 миллиард теңге бөлінді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңір басшысы тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдауға жіті көңіл бөліп келеді. Осы бағытта облыс көлемінде «Өрлеу» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әлемдік дағдарыс кезеңінде аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, өткен жылы 58,3 мың отбасы 346,6 миллион теңге материалдық көмек алды. Осы жылы аталған жобаны енгізу үшін 9 мың адамға 602,5 миллион теңгеге көмек көрсету жоспарланса, оның ішінде еңбекке қабілетті 2944 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылатыны көзделді.
«Біз біргеміз» — игі істердің ұйытқысы
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламасының орындалуы өткен жылы 38 пайыз деңгейінде болса, биыл 82 пайызға дейін қол жеткізілді. Облыс бойынша 112 292 мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса, оның ішінде 53 277-сі 1-2-топтағы, 41 729-ы 3-топтағы мүгедектер. 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны — 17 286.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшылығының деректеріне сүйенсек, 2016 жылы мүгедектерді түрлі әлеуметтік қолдаулармен қажеттіліктің 82,9 пайызын қамту мақсатында бүгінгі таңда барлық бюджет көздерінен 2 735,6 миллион теңге бөлінген. Бұл 2014 жылдармен салыстырғанда 2,3 есеге көп. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мүгедектерді әлеуметтік қолдау және мүгедектердің қажеттіліктерін 100 пайызға орындау мақсатында бюджеттің әр нақтылауында қаржы қарастыруға ұсыныстар берілуде.
Осы тұста айта кеткен жөн, облыс әкімінің бастамасымен мүгедектерге қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында «Біз біргеміз» атты акцияның ұйымдастырылуы игі істердің ұйытқысы бола білді. Акцияның бірінші кезеңінде барлық аудан-қалаларда 165 мобильді топ құрылып, 2884 нысан мен оның жанында орналасқан тротуарларды, арнайы бағдаршам орнату қажеттілігін анықтау үшін 866 көшені және 713 жаяу жүргінші өтпелерін, 132 автотұрақтарды зерделеуден өткізді. Акция барысында қолжетімділік шараларымен қамтылмаған 31 нысанның тізімі жасақталып, заң шеңберінде әкімшілік шараларын қолдану арқылы айыппұлдар салу үшін ОҚО бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті мен облыстық мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына жолданды. Сондай-ақ, зерделеу барысында пандуспен қамтылған 1566 нысанның 403-і ретке келтірілді. 4 дыбыс беретін арнайы бағдаршам орнатылып, 28 жерге арнайы жол белгілері мен көрсеткіштері қойылды. Қазір қаладағы көптеген мекемелердің алдындағы автотұрақтарда мүгедектерге арналған арнайы тұрақтардың белгіленгенін байқауға болады. 18 мәрте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған қатысқан 1055 мүмкіндігі шектеулі жанның 568-і әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында және облыстық психоневрологиялық диспансерде орналасу кезегінде тұрған аса мұқтаж психоневрологиялық аурулары бар 238 мүгедектің мәселесін шешу мақсатында тиісті мекемелер тарапынан мониторинг жүргізіліп, қосымша ғимараттардың құрылысын жүргізу туралы ұсыныстар енгізілген. Ұсыныс облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, №4 Түркістан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының алаңында 110 орындық қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілді. Бұл қосымша ғимараттардың пайдалануға берілуі арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету Орталықтарына орналасу кезегінде тұрып, стационарлық жағдайда кешенді қызметтерді алуға мұқтаж 160 психоневрологиялық аурулары бар мүгедектерді орналастыруға мүмкіндік береді.
Халыққа мемлекеттік қызметті тиімді көрсету және сыбайлас жемқорлық фактілерді алдын алу мақсатында «оралман мәртебесін беру қызметі» «Азаматтарға арналған «Мемлекеттік корпорация» арқылы көрсетілуде. Айталық, 2016 жылдың сәуір айында 507 адам тікелей басқарма тарапынан мемлекеттік қызметпен қамтылса, мамыр айында 69, шілде айында 189 адам осы жүйе арқылы қызметпен қамтылды. Жалпы, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін 3054 адам оралман мәртебесін алып, этникалық қазақтардың қоныстануы 2015 жылмен салыстырғанда 10 есеге күрт өсті. Жалпы, 2015 жылы 60 кәсіпорынға бекітілген квота шеңберінде 1,5 мың шетел азаматына рұқсат беріліп, олардағы жұмыс істейтін 23,3 мың ел азаматтарының 6,6 пайызын құраған. Бұл Үкімет белгіленген 10 пайыздық шектеуден төмен болса, 2016 жылдың 1 шілдесіне 79 кәсіпорында 1,7 мың шетел және 26,2 мың қазақстандықтар жұмыс істеуде.
Оңтүстіктен Солтүстікке… Көш қарқын алды
Елбасының еңбек күші мол аймақтан еңбек күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыру бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында Бейбіт Бәкірұлы тізгінін ұстаған облыстың бастамасымен ұйымдастырылған іс-әрекеттер жоғары нәтиже берді. 2016 жылдың 26 сәуірде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының өкілдері облысымызға келіп, бос жұмыс орындар жәрмеңкелері мен «Серпін» бағдарламасы аясында жастармен кездесулер ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға республикамыздың 4 облысынан құрамында оқу орындарының жауапты тұлғалары, әкімдіктер мен жұмыс берушілері енгізілген 36 өкіл қатысты.
27-29 сәуір аралығында облысымыздың халқы тығыз орналасқан Мақтарал, Сарыағаш аудандары мен Шымкент қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өткізілген кездесулердің нәтижесінде аталған іс-шараға аталған аудан-қалалардан 3 000 тұрғын қатысып, оның ішінде бүгінгі таңға 900 отбасы тұрғын үй және жұмыспен қамту шартымен солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді.
Іс-шараның қорытындысы ретінде облыс әкімдігінде республиканың солтүстік өңірлерінен келген өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өткізіліп, Солтүстік Қазақстан облысына тұрақты түрде көшуге ниетті 16 отбасыны салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды.
Бұл көштің бастамасы болатын. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Солтүстік Қазақстан облысына 70 отбасы қоныс аударып, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде көшу шығындарын субсидиялау үшін тиісті шаралар қабылданды.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ж.Ағабековтың бастамасымен 22 мамыр күні Сарыағаш ауданының тұрғындары — 48 азаматтың Солтүстік Қазақстан облысына іссапары ұйымдастырылды. Іссапар мақсаты — арнайы егіндік жерді жалға алып, өз ісін дамыту, ауылшаруашылық жұмыстарына мүмкіндіктер жасау арқылы Сарыағаш ауданынан көшуге ниет білдірген азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамту. Солтүстік Қазақстан облысы тарапынан ауыл шаруашылығы жұмыстарына 1000 гектар көлемінде жер бөлу жоспарлануда. Сарыағаштан солтүстікке қоныс аударған 30 отбасы баспанамен және ауылшаруашылық техникаларымен қамтамасыз етілді.
Кейінгі кезекте 5 жеке шаруашылық серіктестігі мал шаруашылығымен және өсімдік шаруашылығымен айналысу көзделуде. Тұрғын үймен қамтылған жағдайда бүгінгі таңға Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданынан тағы 100 отбасы қоныс аударуға ниет білдіріп отыр.
Осы бастама аясында өңірімізден Шығыс Қазақстан облысына 107 отбасы қоныс аударуға ниет білдірсе, 20 отбасы осы облыстың Риддер қаласынан тұрғын үй алып, отбасының жұмысқа жарамды барлық азаматтары жұмысқа орналасты. Бағдарламадан тыс және 100-ден аса оңтүстікқазақстандықтар қоныс аударды.
Республика бойынша жұмыспен қамтылған азаматтардың 16 пайызы Оңтүстік Қазақстанда
Жоғарыда аты аталған басқарма ұсынған ста-тистикаға сәйкес, облыстың экономикалық белсенді халқының саны 1 157,8 мың адамды құрады. Оның 1 095,9 мыңы жұмыспен қамтылған. Қалған 63,8 мың адам, яғни жұмысқа қабілетті жандардың 5,3 пайызы жұмыссыздар болып табылады.
Облыс басшылығы тарапынан азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы мақсатта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы санаттағы азаматтардың қатары өткен жылы 514,1 мың адамды құраса, биыл 609,9 мың адамға жетті.
2015 жылдың ақпан айынан бастап аудан, қала әкімдерінің, жұмыс берушілер мен кәсіпорын кәсіподақтары арасында өндірістік процестерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы 152,3 мың адамды қамтитын ірі, орта және кіші 9681 жеке кәсіпорындармен Меморандум түзілді.
Аталған басқарманың дерегіне сәйкес, 2011-2015 жылдары «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» Бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп, барлық жоспарлық көрсеткіштер орындалған. 2015 жылы атқарылған жұмыстарды Республикалық көрсеткішпен салыстырмалы түрде алатын болсақ, бөлінген қаржының 14,6 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының үлесінде. Соның нәтижесінде жалпы Республика бойынша жұмыспен қамтылған азаматтардың 16 пайызы, тұрақты жұмысқа орналасқандардың 19 пайызы, кәсіби даярлауды аяқтап, тұрақты жұмыспен қамтылғандардың 32,5 пайызы осы облыстың үлесінде.
Оңтүстік Қазақстан облысының халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі 2016 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес жалпы 14 373,4 миллион теңге бөлініп, 57 200 адамды жұмыспен қамту көзделген. Осы жылдың 1 шілдесіне дейін 33 383 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл — жылдық жоспардың 58,4 пайызы. Оның ішінде өздігінше жұмыспен қамтылғандардың саны — 11 340, жұмыссыздар — 22 043, аз қамтамасыз етілгендер — 2 076 адам.
Алғашқы тоқсандағы жұмыссыздық деңгейі — 5,3 пайыз
Атқарылған жұмыстарға талдау жасар болсақ, бірінші бағыт, яғни «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағыты бойынша осы жылы 84 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4,0 миллиард теңге бөлінді. Жобаны іске асыру барысында 1512 жұмыс орындары ашылу жоспарланып, оның 775 адамын жұмыспен қамту орталықтары арқылы орналастыру көзделді.
Бүгінгі таңға жалпы 72 инфрақұрылым жобалар бойынша жөндеу жұмыстары басталып, 554 жаңа жұмыс орындары құрылды. Жұмыспен қамту орталықтары есебінен 300 адам қамтылды.
Екінші бағыт — «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамытуға» облыс бойынша 2016 жылға 7 247,776 миллион теңге бөлінген. Оның 7 237,5 миллион теңгесі 2072 адамды шағын несиелендіру жұмыстарына, 10,276 миллион теңгесі 514 адамды кәсіпкерліктің негіздерін оқытуға қаралған. Айтылып отырған мерзімге дейін 736 азаматқа 1 936,2 миллион теңге шағын несие берілді. Шағын несиеленген азаматтар қатарынан жұмыспен қамту орталығы арқылы қосымша 580 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлік негізінде 514 адамды оқыту жоспарланса, оқуды аяқтаған азаматтар қатары 529-ға жетті.
Үшінші бағыт — «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бағдарла-масы шеңберінде 19087 қатысушыға жұмысқа орналасуға жәрдем берілді. Мамыр айынан бастап жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 500 адам қайта даярлау курсына жолданды.
Жұмыс беруші өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмысшыларын оқытуға грант бөлу, жұмыс орындарын сақтай отырып қайта даярлау курсын ұйымдастыруға 60,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Жұмыс орнын сақтау шартымен 18 бен 24 жас аралығындағы жұмыс істейтін жас қызметкерлерге жалақы сақталмайтын қайта даярлау курсын оқытуға 86,4 миллион теңге қаржы қарастырылмақ. Бұл жұмыстар шілде айында бастау алды. Білікті мамандардың жұмыс уақыты мен жалақысы қысқартылғандар үшін 145 адамға 17,3 миллион теңге уақытша субсидиялауға қаржы қаралған.
Үшінші бағыт негізінде әлеуметтік жұмыс орындарын ашу ісін де қолға алу көзделген. Осы мақсатта 2016 жылы 624 кәсіпорынмен келісімшарттар түзіліп, 4 850 нысаналы топтағы азаматтарға әлеуметтік жұмыс орындары ашылды. Бұл жылдық жоспардың 121,3 пайызын құрайды. Демек, осы санаттағы бір жыл бойына атқару жоспарланған жұмыстар қазірдің өзінде толығымен орындалып отыр деген сөз. Олардың орташа жалақылары 51,5 мың теңгені құрайды.
Жастар практикасын ұйымдастыру да осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі. Айтылып отырған мерзім ішінде жастар практикасын ұйымдастыруға 1 361 жұмыс берушілермен келісім шарттар түзіліп, оларға сәйкес 4 069 жастар қамтылды. Жастар практикасын мерзімінен бұрын аяқтаған 439 адамның 282-сі тұрақты жұмыспен қамтылды.
2016 жылға 8263 адамды ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберу жоспарланса, 1 шілдеге дейін 3 612 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылдың 1 тоқсанындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды, жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды, әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 7,9 пайызды құрады.
Бейбіт Атамқұловтың бір салаға қатысты жұмыстарының өзін тізіп шығуға бір мақаланың көлемі көтермейтіні белгілі. Дегенмен, осы мәліметтерден-ақ бір жыл ішінде қаншама шаруаның шашауы шығарылмастан атқарылғанын аңғаруға болады. Елдің әлеуметтік ахуалы, экономикалық жағдайы жұртшылықты жұмыспен қамту мәселесіне тікелей қатысты екенін ескерсек, жергілікті тұрғындардың жағдайын көтеруге облыс әкімдігі тарапынан жеткілікті дәрежеде жұмыс жасалып жатқанын айрықша атап өткен жөн. Лайым, осы қарқын әрі қарай да жалғаса берсін деп тілейік.
Дайындаған Шадияр Мекенбайұлы