Б.Дүйсенбинов: «Тарихқа эксперимент жасау – ұрпақ санасын улаумен пара пар»

***ЖЕДЕЛ СҰХБАТ***

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәнінің қысқартыла бастағанына қарсы шығып, Білім және ғылым министрі Ерлан  Сағадиевке  депутаттық сауал жолдады.  Сауалдың өткірілігі сол: депутат министрден сан ғасырлық тарихты өшіруге жасалып жатқан жасырын экспериментті тоқтатуды сұрады. «Ауруын жасырған өледі» дейді дана халқымыз.  Бізге жеткен соңғы ақпаратқа сүйенсек, алдағы оқу жылынан бастап студенттер «Қазақстан тарихы» пәнінің алғашқы сағатын «Еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алды» деген дәрістен бастауы әбден мүмкін. Ал бұл пәнде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық айтылары сөзсіз. Бірақ 25 жыл бойы шетелге қашқан бай-бағландар мен жемқорлықпен ұсталған шенеуніктердің қаншалықты қамтылатыны белгісіз дейді тарихшылар. Мәжіліс мінберінен сөз алған депутатты да осы мәселе ашындырып отырғаны аңғарылады. Көңілді күпті еткен мәселенің ашығын білмек болып  депутат Берік Дүйсенбиновпен жедел сұхбат ұйымдастырдық.

-Дүйсеке, Білім және ғылым министрі Ерлан  Сағадиевке  тарихымызға қатысты өткір сауал жолдауға не себеп болды? Бұл өзі ел-жұртқа беймәлімдеу жайт екен?

 -Ақжол партиясына Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтының тарихшы ғалымдары хабарласып, осы сауалды қоюға себеп болып отыр. Ғалымдардың дабыл қағып отырғаны елімізде тарих оқулығына қатысты эксперимент жүріп жатқан көрінеді.   ВУЗ –дың көлемінде. Бұл халықтың назарынан тыс болып жатқан дүние. Мұны тарихшылар мен тарихтың айналасында жүрген адамдардан басқалар білмейді. Үш жоғары оқу орнында тарих сағаттарын азайтып, мемлекеттік тарихтарды алып тастаған. Ашығын айтсақ, мемлекеттік тарихтан емтихан тапсырылмайды деген сөз, тарих пәнінің құнсыздана бастағанын аңғартады. Өздеріңізде білесіздер, біздің елде эксперимент болып басталған дүниенің алдын алмаса,  ары қарай заңдық  күшіне еніп кетуі әбден мүмкін. Біз осыған дабыл қағып жатырмыз.

-Бұл өзі қазақстан тарихына түрлі болжамдар жасап, бал ашып жүргендерге таптырмайтын нәрсе болды ғой?

-Дұрыс айтасыз. Кейбір көршілес елдер тарапынан «Қазақстанда бұрын мемлекеттілік болмаған» дегенге саятын суық сөздер де айтылып қалып жатыр емес пе? Егер біз өз тарихымызды терең білмесек, басқа мемлекеттерге өзіміздің тарихымызды қалай мойындатып, қалай сыйлатамыз. Біз ұлттың шынайы тарихы Тәуелсіздік жылдары ешқандай идеологиялық шектеулерсіз қорытыла бастаған кезде, Қазақстан тарихын келте нұсқада оқытуға болмайды деп санаймыз. Неге біз өзіміздің төл тарихымызға осыншама іштарлық жасап отырмыз. Бұны түсіну қиын. Ендеше, Қазақстан тарихын оқыту көлемін бұдан әрі ешқандай да кемітуге болмайды деп санаймыз.

-Министрліктің бұл қадамы ақша үнемдеу үшін жасалып жатуы мүмкін бе?

-Ол туралы мәлімет жоқ. Бірақ бір іске белді бекем буғандары анық. Қандай күн басымызға туса да тарих сабағын қысқартып,  ақша үнемдемей-ақ қойсақ жақсы болар еді. Президентіміз айтпақшы, біздің тарихта  ұялатын ештеңе жоқ қой.  Керісінше ерлікке толы тарихымызды мақтаныш етуге тиіспіз.

-Дүйсеке, Қазақ елінің сан қатпарлы тарихы әлі толық түгенделді деуге негіз де жоқ қой? Сөйте тұра елге жарияламай тарихқа эксперимент жасау ақылға да қонымсыз көрінеді екен?

-Көршілес мемлекеттер тарихта ата-бабалары істемеген ерліктерді ойдан құрастырып көрсетіп жатқанда, біздің бұл қылығымыз кісі күлерлік нәрсе.  Сондықтан «Қазақстан тарихын» қысқартатын ешқандай себеп жоқ. Қазақта  «Адамнан жасырғанды, Алладан жасыра алмайсың» деген бар. Бәрібір ашылатын нәрсе ғой. Егер тарихшылардың жан айқайы шықпағанда, әлі де біраз құпия сақтала тұрар еді. Негізі, Білім министрлігіне келгендер реформа жасаумен тарихта қалатын болды — ау. 

 -Соңғы сауал: Қалай ойлайсыз, білім министрлігінің көксегені не, тарихты оқушалар санасынан мүлде өшіру ме, әлде өзге елден көшіру ме?

-Оны бұлай деп тап басып айту қиын. Анығын білу үшін министрге депутаттық сауал жолдап отырмыз. Тарихты қысқарту, ұрпақ санасынан ата-баба жүріп өткен жолды өшіру. Басқа ештеңе деп емес. Біздің тарих егемендік алғаннан басталған жоқ қой, мыңдаған жылдардың қойнауында жатыр. Тұлпардың тұяғымен жазылған тарихты өшіру кімге не үшін керек? Осы түсініксіз? Білім Министрінің өзіне жауапты тезірек берсеңіздер деп хат жібердік. Жауапты алған күні сізге хабарласатын боламын.

-Уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК,

«ЕлАна»