Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек

9 маусым — Президент сайлау күні

 

Қазақстанның уақытша Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде елімізде 2019 жылдың 9 маусымы күні кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеп, “Қазақстан — демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл — менің берік ұстанымым!” — деп атап өткен болатын.
Бұған дейін елімізде 5 рет президент сайлауы және бір рет мемлекет басшысының өкілетін созуға арналған референдум өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетіп отырған. Биыл 19 наурызда мемлекетімізді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев теле-радио арналар арқылы президенттік өкілетін тоқтататыны туралы жариялап, 20 наурыздан бастап, бұған дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясына сәйкес мемлекет басшысы болып бекітілді.
Алайда, президенттік өкілетке келген күннен бастап-ақ, тақта сайлаусыз ұзақ отырмайтыны белігілі болған Қасым-Жомарт Тоқаев көп кешіктірмей кезектен тыс президенттік сайлау туралы жарлықты жариялады. Сөйтіп, елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу науқаны басталып та кетті. Президенттікке кандидаттарды тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

 

Биылғы сайлау несімен ерекше?

Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен, яғни 2019 жылғы 10 сәуірден басталып, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде аяқталады. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес қол қою парақтарын беру мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылды. Ал қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру мерзімі 10 күннен 5 күнге дейін азайтылды. Осылайша, сайлауды ұйымдастырушылар ішкі рәсімдерді өткізу мерзімдерін қысқарту есебінен сайлау процесіне қатысушылардың іс-шараларына арналған уақытты ұлғайтпақ. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, Ақылбек Ихданов: «Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін, оларға тиісті куәлік береді. Сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Биылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша республика сайлаушыларының жалпы саны 12 миллионға жуық адамды құрайды. Олардың 1 пайызы 118 мың 140 адам. Яғни, президенттікке кандидат осынша сайлаушының қолдауына ие болуы тиіс», — дейді.

Президенттікке үміткерге қандай талаптар қойылады?

ҚР Конституциясы мен «ҚР Сайлау туралы» заңда қойылған негізгі талаптар: — ҚР азаматтығы; — соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұруы; — жоғары білімі; — 40 жасқа толған болуы; — белсенді сайлау құқығы болуы; — мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы; — мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады. «ҚР Сайлау туралы» заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының президентiне тiркелген кандидаттарға эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемақысының мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді хабарлау мен жариялау сайлау алдындағы үгіт басталғанға дейiн 5 күннен кешiктiрiлмей, яғни 5 мамырға дейін өткiзiлуі тиiс. Үгіт-насихат науқаны 11 мамырда басталады. Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін болады. Дауыс беру аяқталған кезден бастап, 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі.

 

Комиссия мүшелерін кімдер дайындайды?

Сайлау комиссияларының мүшелерін дайындауға алғаш рет әкімдіктер қатысқалы отыр. ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы, Сәбила Мұстафина: «Сайлау комиссияларының мүшелерін дайындау ісіне алғаш рет әкімдіктер де жергілікті бюджет қаражаты есебінен қатысатын болады. Ол үшін Бюджет кодексіне, «Мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға түзетулер енгізілді. Бұл осы жолғы сайлау науқанының жаңалығы», — деді. Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары сайлау комиссияларының мүшелерін бейнеконференцбайланыс режимінде тұрақты негізде өткізілетін онлайн-кеңестер аясында сайлау науқанының нақты кезеңдері бойынша оқыту тәжірибесі өтеді. «Сәуір айының соңына дейін барлық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін, ал мамырдың соңына дейін сайлау комиссиясы учаскелерінің барлық мүшелерін оқытуды аяқтауды мақсат етіп отырмыз. Қаржы министрлігі 2019 жылы ОСК деңгейінде электоралды оқытуға 10 млн. теңге бөлінді», — деді С.Мұстафина.

 

Шараға қанша қаржы жұмсалмақ?

Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқаны үшін 12 млрд. теңге бөлуді сұраған. Бірақ Қаржы министрлігі сомманы қысқартып, науқан шығындарын азайтып, 3 миллиард 300 миллион теңгені үнемдеп отыр. Сөйтіп, Үкімет резервінен 9 404 771 000 теңге сайлау науқаны үшін жұмсалады деп күтілуде. Бұл туралы Үкімет қаулысының жобасында айтылды. Қаражаттың 0,6 пайызы, яғни 56 886 000 теңгесі Сыртқы істер министрлігіне, қалған 9 347 885 000 теңгесі елімізде өтетін сайлауға жұмсалмақ. Десе де жоба сәуірдің 29-на дейін өтетін қоғамдық талқылауға түседі.
Есте болса, 2015 жылы өткен президенттік сайлауға бюджеттен 5 млрд. теңге жұмсалған екен. Ал биылғы сайлау үшін 2 есеге жуық қаржы шығындалмақ. ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы, Сәбилә Мұстафина: «Қаржы министрлігінің түзетулерімен толықтай келісеміз. Біз сметалық құжатты небәрі екі күнде жасадық. Сондықтан қателіктер болған шығар. Бұған дейін айтылғандай ақшаның 77 пайызы, 10 мыңға жуық сайлау учаскесінің қызметкерлеріне жалақы ретінде, қалғаны дауыс беру орындарын жабдықтап, түрлі плакаттар мен ақпараттық түсіндірме қағаздары мен бюллетендерді басып шығаруға жұмсалмақшы. Әрі шетелдерде орналасатын 65 сайлау учаскесіне бюллетендерді жеткізіп, алып келу үшін Сыртқы істер министрлігіне де қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы, учаскелерде жұмыс істейтін қызметкерлерді оқытпақшы. Ол үшін 223 миллион теңге қарастырылған.
Сондай-ақ Қостанай облысына 42 миллион, Қызылордаға 32, Түркістанға 30, ал Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарына 27 миллион теңгеден бөлінбекші. Қалған өңірлерге қаржы сәл аздау беріледі. Әкімдіктер де президент сайлауына қызу дайындық үстінде. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында атқамінерлер, полицейлер мен еріктілерге үй-үйді аралатып жүр. Сөйтіп, сайлаушылардың тізімін жасау үшін санақ жүргізуді бастады», — деді.

 

Сайлауға бар, дауыс бер, ағайын!

Халық өзінің, елінің, ұрпағының болашағын сенімді қолға тапсыруы керек. Мүмкіндік пен таңдау еркі берілген қас қағым сәттің қадірін сезіне білу арқылы саналы қадам жасау керек. Сайлаудың әділ, әрі таза болуы көбіне сайлаушылардың ерік-жігеріне байланысты. Немкеттілікке бой бермей, көптің бірі емес, ірі болу әр адамның өзіне байланысты.

 

Мойындау керек, өзгеріс өз қолыңызда

Ғалымжан Оразымбет, «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының сарапшысы: «Сайлау. Иә, осы сөзді естісек, кірпідей жиырылып, әділ өтпейді, шешіліп қойғанға басамыз. Рақмет, Кэп! Аздап хабарым бар. Бірақ бұл сайлаудың одан басқа қыры жоқ дегенді білдірмейді. Кім қанша жерден белден басып, бәрін шешіп жатса да, СЕН ҚАЛАСАҢ, ешкім қол сұға алмайтын бір дүние бар. Ол — саған тиесілі бюллетень. БІР ЖАПЫРАҚ ҚАҒАЗ — осы сайлаудағы сен менікі дей алатын, мені сау адам екеніңді көрсете алатын, дәлелдей алатын жалғыз нәрсе. Егер соған иелік қыла алмасаң, қоғам, ұлт, міндет, парыз бен құқық туралы ұрандарың бос сөз. Ол ештеңе шешпейтін шығар. Бірақ ол сенің ең болмаса соны шеше алатыныңа дәлел. 4-5 жылдың бір күнінің бір сағатын МЕНІКІ дейтін дүниеге жұмсай алмасаң, басқасын қоя салайық.
Біз — өмірінде дені сау сайлау көрмеген ұрпақпыз. Оған кінәлі өзіміз. Сайлауды сіз ойлағандай тек билік жасай бермейді. Сайлау учаскеңізді тауып барып, өз қағазыңыздың иесі екеніңізді сол жерде отырған алаяқтарға көрсетіп кетсеңіз болды. Ең болмаса, өз алдыңызда арыңыз таза. Сайлауды, дауыс беруді, 4-5 жылда бір күннің бір сағатын соған арнап, уақытыңызды қиюды, бюллетеньнің түрін көріп, ол жерге белгі қою көп жұмыс емес қой?
Өзің қатыспаған сайлауды сынауға моральдық қақың жоқ. Бір сайлауға қатысып әлемді өзгерте қоймаспыз. Бірақ ең болмаса соны жасауды үйренеміз. Соны еңбек, үлес деп түсінсек, ақысын талап ете аламыз. Ең болмаса ұрандағанда сөйтіп едім деуге бір аргументіміз болады. Сондықтан, сайлауды бойкот, майкөт деп оттайтын жалған принципшілдерді тыңдамау керек. Олардың көбі — сенің бармағаныңды тәуір көретін жалдамалы опиктер. Қалғаны соларға еріп өзін жеке пікірі бар тұлға сезініп қалғысы кеп жүрген біреулер. Тыңдама оларды. Бар», — деп жазды Facebook парақшасында.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ