Бәрекелді, Ғабидолла Рахматоллаұлы, іске сәт!
Шымкенттің екінші тынысын ашатынына сенімді
«…Мен қазіргі қызметіме осы жылдың 19 тамызында тағайындалдым. Тағайындалардан екі күн бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы мені шақырып, Шымкент қаласының әкімі етіп тағайындайтынын айтты, нақты-нақты тапсырмалар берді. «Мегаполис атану адам санымен ғана өлшенбейді, сондай-ақ, сапамен де, мәдениетпен, біліммен де, барлық сала бойынша жоғары дәрежеге қол жеткізу керек. Бұған сенің тәжірибең де, білімің де, мүмкіндігің де жетеді», — деді Президент. Мен Елбасы шешімімен қуана келістім… Бұйыртса, алдағы үш жылдың ішінде Шымкент адам танымастай өзгеріске ұшырауы тиіс. Сөйтіп, әуелі Алланың, сосын Елбасының қолдауымен Шымкентті әлемнің кез келген елінен келген қонақтар таңдай қағып аралайтын деңгейге жеткізетін боламыз…».
Бұл біздің «Qazaqstan zamany» газетіміздің 2015 жылдың 15 қараша күнгі санында шыққан «Шымқала шынайы арман қалаға айналады» атты мақаладан берілген үзінді. Сондай-ақ осы сұхбат жасалу барысында Ғабидолла Рахматоллаұлы газетіміздің бастамасын қызу қолдайтынын және қоян-қолтық байланыста жұмыс жасайтындарын нақтылап айта келе «Миллионды қала Шымкентке арнайы бет беріп отырғандарыңыз өте құптарлық жайт. Басқа қалалар да «бізге бет беріңіздер» деп сұрайтынын айтып отырсыздар, ол үшін алдымен миллионға жетіп алу керек», — деген ойын әзіл-шынын араластыра білдірген болатын. Міне, содан бері де үш жылға жуық уақыт артта қалды. Көп жайт өзгерді. Ғабидолла Әбдірахымов өзге қызметке ауысып, араға жеті ай салып, қала басшылығын қайта қолға алды. Осылайша, кезінде өзі бастамашы болған ірі жобаларды іске асыру мүмкіндігіне қайта ие болды.
Осы тұста айта кеткен жөн, «Qazaqstan zamany» халықаралық газеті республикалық басылымдардың арасында алғаш болып үшінші мегаполиске үміткер ретінде аты аталған Шымкент қаласының тыныс-тіршілігіне арнап 2013 жылдан бері «Шымкент шырайы» деген айдар ашып, арнайы бет беріп келеді. Бұл бастама Шымкент қаласында Дархан Сатыбалды мырза әкім болып отырғанда бастау алып, Ғабидолла Әбдірахымов келгеннен кейін қарқын алған болатын. Ғабидолла Рахматоллаұлы бұрынғы қызметіне қайтып келгеннен кейін де бұл байланыс күшеймесе бәсеңдемейді деген ниетпен қаланың қазіргі тыныс-тіршілігіне тағы бір арнайы тоқталғанды жөн көрдік.
Шымқала Астанаға қарап бой түзейді
Иә, шырайлы Шымкент айшықты Астанаға қарап бой түземек. Дәлірек айтқанда, Шымқаланың болашағын баянды ету үшін әсем қала — Астананың тәжірибесі қолданылады. Осы мақсатта қос қаланың кәсіпкерлері инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыру үшін жұмылдырылмақ. Мегаполис әкімдері мұндай ортақ шешімге 1 шілде күні Астанада өткен Global Silk Road атты форумда келіп, Әсет Исекешов пен Ғабидолла Әбдірахымов екі жақты меморандумға қол қойды. «100 нақты қадам Ұлт жоспарын» жүзеге асыру аясында қол қойылған құжат екі мегаполистің әлеуметтік-экономикалық салалары, кәсіпкерлік пен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталып отыр.
Бұл меморандумның Шымкент қа-ласының дамуына қосатын үлесі қомақты болғалы тұр. Осы құжаттың арқасында екі миллионды қаланың арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарды дамытудағы тәжірибелері алмасылып, инновациялық өндірістер құрылатын болады. Сонымен қатар қос қала арасындағы әріптестік кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын жақсартып, тауарлар мен қызметтерді сүйемелдеуге сеп болады деп жоспарлануда. Ал екі тараптың денсаулық сақтау саласына инновациялық медициналық технологияларды енгізуді жоспарлауы ана мен бала өлімін төмендетеді деп күтілуде.
Шынын айтқанда, Шымкенттің бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысынан өз еншісін алып шығуы — бірінші кезекте адам ресурсының арқасы деп түсінген жөн. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғасын тауып, Шымкент қаласы тұрғындарының да, Түркістан облысы халқының да саны сатылап өсе береді деген сенім бар. Бұған күнгейде бала туу көрсеткішінің жыл санап артумен келе жатқандығы дәлел бола алады. Ендеше, адам ресурсына қатты көңіл бөлу, яғни бірінші кезекте азаматтардың денсаулығының жақсы болуына жұмыс жасау өте орынды қадам деп айтуға болады. Екінші кезекте білім саласының сапасын жоғары деңгейге көтеруге маңыз берілсе, Шымкенттің болашағы өте зор болатыны талассыз. Өйткені дені сау және білімді ұрпақтың алар асуы да, шығар шыңы да биік болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Шымкенттің жастар қаласы екендігі де шаһардың даму үрдісін жылдамдатуға әсер етпей қоймайды.
Осы тұста сөзіміз жалаң болмас үшін айта кеткен жөн, биыл Шымкент қаласында мектеп бітірген 7987 түлектің 5422-сі ҰБТ тапсырып, орта балл — 83,6-ны құрады. Олардың арасындағы екі оқушы — №35 мектептің түлегі Гүлдана Мейірбек пен №23 мектептің түлегі Тұран Азым 138 балл жинаған. Жалпы, 1599 мектеп бітіруші 100-ден жоғары балл жинай алды. Білім беру саласын цифрландыру бағдарламасы аясында былтыр Қазақстандағы тест тапсыру аудиторияларының 20 пайызы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын. Соның нәтижесінде кез келген адам сынақ тапсыру нәтижесін интернет арқылы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік алды. Биылғы жаңалықтың бірі ретінде айта кетсек, тестілеуде шымкенттік 6 түлек елімізде алғашқылардың бірі болып сынақты ағылшын тілінде тапсырды.
Міне, осындай жоғары көрсеткішке қол жеткізу мақсатында қаланың білім саласында көптеген жұмыстар жүргізілгені жайында қалалықтар жақсы біледі. Мектеп директорын тағайындауды ашық, жариялы түрде, онлайн режимде және арнайы комиссияның қатаң сүзгісінен өткізу арқылы жүзеге асыру тәжірибеге енгізілген болатын. Нәтижесі жаман болып жатқан жоқ. Білім саласында қолға алынған тың бастамалар мұнымен шектелмейді.
Қалада мектептер салу, күрделі жөндеу жұмысы да қызу қарқында жүргізілумен келеді және бұл үрдіс алдағы уақытта қарқынға қарқын қоспаса, бәсеңдемейтіні анық. Алдағы жеті жылда 55 білім ұясын салу жоспарланған. Биылдың өзінде 8 мектептің ғимараты салынбақ. Оның алтауының құрылысы басталып үлгерген. Атап айтсақ, «Бозарық», «Қызылжар» шағынаудандарында — 900 орындық, «Шаңырақ» ауданында — 600, «Тұран» шағынауданы мен әкімшілік іскерлік орталығында — 1200, 112 орамда — 300 орындық мектептер салынуда. Ал «Самал-3» шағынауданында 1200 орындық екі мектеп бой көтермек. Сонымен қатар №№85, 63, 101 мектептерді қайта құру, қосымша ғимарат салу жоспарға қойылған. 2019 жылы Сайрамда — 300, «Тұран» мен «Асар-2» шағынауданында — 1200 орындық білім ошақтары бой көтереді деп жоспарлануда. №№23,109 және 120 мектептерді қайта құру құрылысының жобалық-сметалық құжат-тары әзірленуде. Төлеметов көшесі, Ақниет тұрғын алаптарында салынатын 4 жаңа мектеп құрылысына және №65 пен 79 мектептерге қосымша ғимарат құрылыстарына қажетті жер телімінің мәселесі шешілуде.
Алғашқы тақырыпқа қайта оралар болсақ, қол қойылған екіжақты меморандумға сәйкес ендігі жерде үшінші мегаполистің атқарушы билігі Елорданың халықаралық дәрежедегі іс-шаралар өткізудегі тәжірибесін де қолдануды көздеп отыр. Осы мақсатта жергілікті мәдениет саласының мамандары Астанаға іссапарлармен барады. Еліміздің бас қаласы Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына арналған іс-шараларға дайындық барысына да көмектеспек.
Жалпы алғанда, Астана мен Шымкент бір-бірінің мерейтойларын жоғары дәрежеде атап өтуді ешқашан ұмыт қалдырған емес. Мәселен, 2020 жылы кең көлемде өтетін іс-шараға қолдау білдіргелі отырған Астананың 20 жылдығы Шымкентте айрықша аталып өтілуде. Атап айтсақ, 3 шілде күні кешкі сағат 20:00-де Әл-Фараби алаңында гала-концерт ұйымдастырылып, оған ел эстрадасындағы жұлдыздар — Қайрат Нұртас, Қуандық Рахым, Жейран тобы, «Алем бэнд» триосы әннен шашу шашса, «Блок бастер» шоу-балеті, «Минута славы» жобасының жеңімпаздары мен жергілікті әнші-бишілер өнер көрсетті. Оған қоса қаланың орталық көшелері мен саябақтарда мерекеге байланысты тақырыптық мәтіндердің лозунгілері, баннерлер ілініп, безендіру жұмыстары жүргізілді.
Мегаполис мәртебесін иеленген Шымкент қаласын құрылыс, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары саласында да жағымды жаңалықтар күтіп тұр. Аталған меморандум аясында астаналық жобалаушылар жергілікті мамандарға ғимараттар мен үйлердің құрылысын жоспарлаудың соңғы әдістеріне үйретеді, инфрақұрылымдық дамудың бағдарламаларын жасауға, жасыл желек пен ландшафт дизайнының жаңа технологияларын ендіруге, қала аумағын көгалдандыру мен заманауи аялдама кешендерін салуға көмектеседі.
Меморандумда цифрландыруды дамыту мен «Ақылды қала» моделін құруға баса назар аударылып отыр. Нақты айтқанда қалалық әкімдік жұмысына «Project Management» жүйесі енгізілмек. Ол мегаполисті басқаруды біршама жеңілдетіп, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының тиімділігін арттырады.
Меморандум шымкенттіктер мен астаналықтардың байланысын барынша нығайтып, барыс-келісті жиілетеді деген сенім бар. Шымкент қалалық және ондағы аудандық әкімдіктердің мамандары енді Астана қаласына жиі іссапармен барып, сондағы әріптестерімен тәжірибе алмасады, коучинг пен семинарларға қатысады. Мұның барлығы Шымкенттегі мемлекеттік қызмет көрсетудің электронды форматын жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға арналады.
Сарапшылар Астана мен Шымкенттің әріптестігі нәтижесінде екі қаланың дамуы жаңа белеске көтеріліп, өмір сапасын жақсартады және мегаполистерді басқарудың жаңа, тиімді моделі іске асырылады деп күтілуде.
Әрине, бұл жұмыстардың барлығын сапалы атқару үшін жаңа басқармалар мен олардың білікті мамандарының тәжірибесі қажет болатыны айтпаса да түсінікті. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент шаһарының депутаттары өткізген алғашқы сессияда қалада 22 басқарма және ревизиялық коммисия жұмыс істейтіні туралы айтылған-ды. Бұған дейін қала әкімдігіне қарасты 15 бөлім, оның ішінде Тұрғын үй инспекциясы мен тұрғын үй қатынастары бөлімі біріктірілуі негізінде 14 басқарма болып қайта құрылды. Оған тағы 8 жаңа басқарма қосылады. Олар — Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Қаржы басқармасы, Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы, Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы, Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма және соңғысы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы.
Қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы өз сөзінде қазіргі кадрлармен бұған дейін де тығыз жұмыс істегендіктен оларға деген сенімінің мол екендігін және Елбасының тапсырмасын орындауда үш қағидаға сүйенетіндігін жеткізді. Ол — әділдік, қарапайымдылық және тазалық. Бұл орайда қала әкімі «Қызметке кіл мықтылар қабылданатын болады. Өйткені жаңа статус бізге үлкен мүмкіндіктер сыйлаумен қатар зор жауапкершілік те жүктейді. Сол жауапкершілік жүгін біз барлығымыз бірігіп сезінгенде ғана қаланы жаңа деңгейге көтере аламыз. Біздің міндетіміз — қаламызды Алматы мен Астананың деңгейіне дейін көтеру. Біз бір отбасының балаларындай ұйымшылдықпен жұмыс істер болсақ, бұл биікті де бағындыратынымызға сенімдімін», — деген болатын. Ал мемлекеттік қызметкерлердің мерекесіне орай қалалық әкімдік қызметкерлері сыйақы алып, марқайып қалды. Айтқандай, қала басшысы аппарат басшысы мен орынбасарларын таңдауда шеттен келген кадрларға емес, Шымкенттің дамуына өз үлестерін еселеп қосып келе жатқан қызметкерлерге басымдық берді. Бұл қай жағынан болса да тиімді қадам және көпшілік қолдауына ие болуда.
Иә, кеңестік кезеңнен келе жатқан «барлығын кадр шешеді» деген ұран әлі де маңызын жоғалтқан жоқ және алдағы уақытта да жоғалтпақ емес. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі айтқандай айналасына кіл мықты кадрларды топтастыра алса, алынбайтын асудың болмайтыны анық. Ендеше, Шымкенттің шырайын арттыруда қала әкімінің жұмысына толағай табыстар тілейміз. Әкімнің өзі айтқандай, Шымкентті адам танымастай өзгерістердің күтіп тұрғанына сенімдіміз.
Шадияр МОЛДАБЕК,
Шымкент қаласы