Б.Төлебай: Қазақтың ұлттық ой, спорт ойындарының виртуалдық түрін дамытуымыз керек
Қызылордадан шыққан, Сыр бойының төл перзенті Төлебай Бағлан Ағыбайұлының есімі республика жұртшылығына жақсы таныс. Өйткені ол — бесіктен белінен шықпай жатып тоғызқұмалақ ойынының балаларға лайықталған электронды кітабын алғаш жасаған талантты жас. Оның бұл өнертабысы елеусіз, ескерусіз қалмады. Бағлан 2014 жылы 10 сыныпта оқып жүргенде-ақ Алматы қаласында өткен Азия және Тынық мұхит аймағынан 24 елдің 220 мектеп оқушысы қатысқан «Infomatrix Asia & Pasific» ғылыми жарысында күміс медаль иеленді. Осы жылы дарынды жастың еңбегі тағы да жоғары бағаға ие болып, Сыр бойы мектеп оқушылары арасында алғаш рет Қызылорда облысы жастарының «Сыр үміті» сыйлығының иегері атанды.
Бағлан үшін тағы бір үлкен жетістік жыл сайын берілетін өнертабыс саласындағы республикалық «Шапағат — 2015» байқауы десек болады. Себебі бұл беделді байқауды ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Әділет министрлігі және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бірігіп өткізеді. «Шапағат — 2015» байқауының «Жас дарын» номинациясы бойынша республиканың түкпір-түкпірінен мектеп оқушыларынан 88 ғылыми жоба келіп түссе, бұл үлкен додада да Төлебай Бағлан оза шауып, жүзден жүйрік атанды. Біздер жігерлі де талапты жастың қазіргі тыныс-тірлігін білмек ниетте оның туған жеріне келген кезін пайдаланып, сұхбаттасқан едік.
— Бағлан, қазір қайда жүрсің?
— Қазір мен Алматыдағы С.Демирел атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің 1-курсын тамамдадым. Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ осы оқу орнына түсуді армандадым. 2014 жылдың сәуір айында Алматы қаласында өткен «Infomatrix Asia & Pasific» ғылыми жарысы С.Демирел атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ұйымдастыруымен осы оқу орнында өткізілген еді. Мен жарысқа өзім жасаған тоғызқұмалақ ойынының электрондық әліппесін алып бардым. Еңбегім босқа кеткен жоқ. Күміс медальға ие болдым. Жарысты әділ өткізген университет ұжымына риза болдым. Енді біліп жатырмын, бұл оқу орны нағыз білімділер мен дарындылар ордасы екен.
— Мамандықтың бәрі жақсы. Десек те, сен тоғызқұмалақ ойынының электрондық әліппесін 3D МАХ бағдарламасында жасадың. Бұл бағдарламаны қайдан үйреніп жүрсің. Қызығушылығыңның себебі неде?
— Кішкентай кезімде мультфильмді көріп болған соң, қолыма қайшы, қағаз алып, сол мультиктегі кейіпкерлерді қолдан жасап, бөлме есігін жауып алып, қағаздағы «батырларды» бір-бірімен шайқастырып, ойын қызығына бататынмын. Компьютер тілін меңгергеннен бастап өзімнен үлкен Ғазиз ағамнан мультфильмдерді қандай бағдарламамен жасайды деп сұрайтынмын. Осылайша ағам маған 7-сыныпта оқып жүргенде Алматыдан 3D МАХ бағдарламасын оқып-үйренетін қалың кітап әкеліп берді. Сөйтіп, бұл бағдарламаның ғаламтордағы сабақтарынан да біраз нәрсе үйрендім.
— Қызылорда қаласында 3D МАХ бағдарламасын үйрететін мамандар жоқ па?
— Өкінішке орай, ондай мамандар мүлдем жоқ.
— Сен ә дегеннен тоғызқұмалақ ойынын жасап шықтың ба? Мұндай үлкен жұмысты қалай бастадың?
— Жоқ, әрине. Оған дейін ұзақтығы 10-15 секунд болатын түрлі ұшақтар, танктер, автокөліктер жасап, үйреніп жүрдім. 9-сыныпта 3D МАХ бағдарламасын едәуір түсіндім. Осы жылы қасыма Байдәлда Мағжан деген сыныптас досымды алып (ол дыбыстау жағын жақсы меңгерген), «Шахмат үйрену» әліппесін жасадым. Облыстық олимпиадада осы ғылыми жобаммен 98 балл жинап, бірінші жүлдеге ие болдым. Сонымен қатар қазылар алқасы құрамында болған Қорқыт Ата университеті оқытушыларының, облыстық білім саласы мамандарының көзіне түстім. Енді республикадан жүлдеге ие болатыныма сенімді едім, бірақ бір себептермен қатыса алмай қалдым. Есесіне жыл сайын қараша айында өтетін Қызылорда қаласы жастарының «Самғау» үздік жастарды іріктеу конкурсына қатысып, Қызылорда қаласы әкімінің қолынан «Самғау» сыйлығын алдым. Бұл мен үшін нәтижелі көрсеткіш, сондықтан қуанышымда шек жоқ.
— Сонда тоғызқұмалақ ойынын жасау идеясы қайдан туындады?
— 2013 жылдың тамыз айында Қызылорда қаласында облыс мұғалімдерінің тамыз мәслихаты болып өтті. Осы шараға Қызылорда қаласының дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатының атынан мен де қатыстым. Жасыратыны жоқ, бізді бұл шараға қатыстырғысы келмегендер де болды. Бірақ облыстық әдістемелік методикалық оқу орталығының директоры, шәкірттер жанашыры Сырым Асқаров ағайымыздың арқасында осы шараға қатыстым. Бұл шараны Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы аралап көрді. Мен жаныма келген облыс әкіміне қобалжығанымды басып, әл-қадірімше өзімнің «Шахмат әліппесін» қалай жасағанымды тәптіштеп түсіндірдім. Ал ол маған: «Тоғызқұмалақ ойынының электронды әліппесін жасай аласың ба?» — деді. Мен жасай аламын дедім. Осылайша тоғызқұмалақ ойынының электронды әліппесін жасауды қолға алдым.
— Қиындықтар болған шығар? Ата-анаң қалай қарады?
— Қиындықтар кездескен жоқ деуге болмайды. Тіпті, жарысқа дайындайтын жетекшім болған жоқ. Бірақ ата-анам үнемі қолдап отырды.
— Сонда ғылыми жарысқа жетекшісіз қатысып жүрсің бе?
— Иә, менің жеке өзіммен жұмыс істейтін арнайы ғылыми жетекшім болған жоқ, десем де информатика ғылымдарының магистрі Асқаров Сырым ағайымыз бізге үнемі бағыт-бағдар беріп, басшылық жасап, зор қолдау көрсетіп отырды. Ақыры 2014 жылдың көктемінде ғылыми жобамды толық бітіріп, «Infomatrix Asia & Pasific» ғылыми жобалар жарысына ұсындым. Ол жақтан тіркелгенім туралы хабар келді. Бұл үлкен қуаныш болды. Өйткені бұл шараға кез келген ғылыми жоба тіркеле бермейді. Сөйтіп, ғылыми жарыста биіктен көрініп, мемлекеттік білім грантын жеңіп алдым.
— Осыдан кейінгі уақытта көңіл күйің қалай?
— Біріншіден, мен ғылыми жобаны мемлекеттік білім грантын алу үшін жасаған жоқпын. Өйткені анимациялық жұмыс менің өмірім десе де болады. Сол үшін Алматыдан келгеннен бастап қайтадан ізденуді, үйренуді жалғастыра түстім. Білгенімді өзімнен кейінгі талапты оқушыларға үйреттім. Бүгінде ол оқушылардың алды облыстық, республикалық ғылыми жарыстардан жүлде алып жүр. Өзім оқитын Қызылорда қаласындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «Жалын» деген атпен 3D МАХ бағдарламасын үйрететін үйірме ашып, мектеп директорының қолдауымен онға жуық оқушыға сертификат табыс еттім. Сондай-ақ, 2014 жылы облыс жастарының «Сыр үміті» сыйлығының иегері болдым.
— Тоғызқұмалақ ойынының электрондық әліппесін жасағаннан кейін, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесудің сәті түсті ме?
— Иә, 10-сыныпты бітірер жылы 2014 жылы 25 мамырда мектеп түлектерінің облыс әкімімен кездесуі өтті. Осы кездесуде өзім жасаған Тоғызқұмалақ ойынының электрондық әліппесімен таныстырдым. Облыс әкімі ризашылық сезіммен алғысын білдірді. Бұдан кейін Қырымбек Елеуұлының жеке қабылдауында болдым. Мектептен «Анимациялық технологиялар» студиясын ашу жөніндегі пікірімді білдірдім. Облыс әкімі қолдап, мектепке қажетті құралдар алуды өзінің орынбасарына тапсырды, бірақ жұмыстың орындалмағаны өкінішті!
— «Шапағат — 2015» республикалық байқауы сенің жадыңда несімен сақталып қалды?
— Бұл керемет байқау екен. 88 оқушының ішінде өнертабыс саласындағы «Жас дарын» номинациясына ие болам деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті.
— Бұл жетістігіңді қызылордалықтар қалай қабылдады?
— Мектеп директоры Балзия Әбдікәрімқызы жиналыс жасап, атаанамды шақырды. Ол өз сөзінде: «Үш министрдің қолымен (А.Сәрінжіпов, Б.Имашев, Ә.Исекешов) диплом алу нағыз өнерлілердің қолынан келетін іс, мектеп ұжымы, шәкірттер мен ата-аналар біздің білім ошағының, тіпті облыс білім саласының абыройын асқақтатқан Төлебай Бағланға алғысымызды білдіреміз», — деді. — Университетте 3D МАХ бағдарламасы оқытыла ма? — Біздің университетте әлемдегі ең мықты мамандар сабақ береді және ең мықты бағдарламалар үйретіледі. Мысалы, менің университеттегі ағайымды әлемге әйгілі Google компаниясы жұмысқа шақырған. Бірақ ол тек бағдарламалау бағытында. Ал 3D саласына келетін болсақ, менің бақытыма орай, осы жылы алғаш рет арнайы 3D лаборатория ашылды. Онда 3D MAX типтес бағдарламаларды үйретеді және 3D принтерлер бар. 3D принтерлер арқылы кез келген заттың үлгісін басып шығара аласың.
— Сен ұлттық ой, спорт ойындарын виртуалды ойындарға да айналдыруымыз керек деп жүрсің. Ал ғалымдар виртуалдық ойындар адамдарды виртуалды тәуелділікке, деградацияға ұшыратады дейді, оған қалай қарайсың?
— Бұл біржақты пікір деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі атыс-шабысқа, бір-бірін қырып-жоюға, соғысқа немесе қияли әлемге толы виртуалды ойындар, әрине, адамды жан-дүние дағдарысына ұшырататындығында дау жоқ. Ал тоғызқұмалақ немесе асық ату, көкпар тарту секілді ұлттық виртуалды ойындар адамды дағдарысқа түсіреді дегенге ешкім сене қоймайды. Есесіне, ол қазақы болмысты сақтауға, дамытуға, өзіңнің қазақ екеніңді сезіндіруге ықпалын тигізбей ме?
— Бүгін сен студентсің, қандай мамандықты игеріп жүрсің, алда қандай мақсат, жоспарларың бар?
— Мен университеттің инженерия факультетінде ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша ағылшын тілінде білім алудамын. Бір сөзбен айтқанда, IT технологияны меңгерудемін. Алда мақсаттар көп. Соның ішінде тоғызқұмалақ ойынын толық аяқтадым деп айта алмаймын. Биыл мектептер үшін осы ойынның электрондық оқулығын жасауды бастап қойғанмын. Одан бөлек жалпы көпшілікке арналған электрондық ойынын жасау да жоспарымда бар. Мысалы, шриланкалықтар өздерінің «Олинда калия» атты ұлттық ойынын ғаламтор арқылы жедел дамытып жатыр. Біздің олардан қай жеріміз кем? Тоғызқұмалақты интеллектуалды ойындардың ішіндегі ең озығы, тіпті, төресі деуге де болады. Сондықтан оны ғаламтор арқылы жалпақ жұртқа танытып, жетілдіру керек деп білемін. Менің жасағаным — әзірге үйрету бағдарламасы. Ал қазір электронды 3D үлгідегі ойынын жасап жатырмын, бұйырса, жуырда жарыққа шығып қалады. Жалпы, ұлттық ой, спорт ойындары қазақта көп. Олардың виртуалды ойын түрін өркендетіп, дамыту маңызды. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
— Жастарға не тілер едің?
— Озық компьютерлік бағдарламаларды үйренуіміз керек. Білесіз бе, біздің облысты айтпағанда, бүкіл республикада Maya бағдарламасымен жұмыс істейтіндер саусақпен санарлықтай. Көштен қалмауымыз керек.
Сұхбаттасқан — Бейбітбек Бүркітбайұлы