Бағдарлама жемісі   Қоныстойдың қуанышы еселенуде

     Тараз қаласында 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін табыстау салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Пәтер кілтін иеленгендер қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері, жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылғандар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Олардың ішінде барлығы 35 көпбалалы отбасы баспаналы болып отыр.

— Бұған дейін, Жаңатас қаласында 60 отбасына пәтер кілті тапсырылса,  Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер берілді. Оның ішінде, 57 пәтер көпбалалы отбасына үйлестірілді. Осы игі үрдіс жалғасын тауып, тағы 80 пәтер беріліп отыр. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлінген. Енді бұйыртса жыл соңына дейін тағы бірнеше көпқабатты үйлер ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Барлықтарыңызды қоныс тойларыңызбен құттықтаймын!, — деді Асқар Исабекұлы.

Аталмыш тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы тұрғызылған болатын. Құрылысын мердігер «Агроспецстрой» ЖШС-гі жүргізген.

Пайдалануға беріліп отырған көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріледі және арендалық айлық төлем көрсеткіші 5500-6000 теңге көлемінде белгіленген.

Елбасымыз халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бірнеше бағдарламаларды іске қосты. Атап айтсақ, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары қазақстандықтарға шарапатын тигізуде. Осылайша  үй кезегінде тұрған барлық азаматтар кезең-кезеңімен баспаналы болатынына сенім мол.  Үміт ақталды деген осы болар. Осынау қуанышты дәстүр Әулиеата жерінде дәстүрлі  жалғасын табуда.

Естеріңізге салайық,  бұған дейін Тәуелсіздік күніне орай Жамбыл облысында 28 нысан ашылған болатын. Оның — 7 –еуі дәрігерлік амбулатория,  4 –еуі жекеменшік  балабақша және  12 –і тұрғын үй.  Сондай-ақ, 4 ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесі мен 1 кәріз жүйесі бар.

Тағы бір айта кетерлігі,  «Байтерек» мөлтек ауданында орналасқан  №26 үйдегі 20 пәтер ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы 62 үйде жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал, жуырда  ондағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды.

 

 

Бөрі Сұлтан