БАӘ инвесторлары Атырау облысында жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты
2018 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірлігіне ресми сапары аясында Атырау облысында газхимиялық жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық жөнінде маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және австриялық Borealis компаниясының арасында Атырау облысында біріктірілген газхимиялық кешен құрылысына қатысты ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы, сондай-ақ Атырау облысында полипропилен өндіру зауытындағы қатысу үлесін сатып алуға қатысты өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев австриялық «Borealis» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Инвестордың Атырау облысына танысу мақсатындағы сапары компанияның болашақ жобаның орналасатын жері туралы барлық қажетті ақпарат алуына мүмкіндік береді.
«Borealis» компаниясының басқарма төрағасы Альфред Стернгтің айтуынша бұл компания басқармасының Қазақстанға толық құрамдағы алғашқы сапары. Стернг инвесторлардың Қазақстан аумағында жобаны іске асыруға деген қызығушылығын атап өтті.
— Біз полиэтилен мен полипропилен өндірісіндегі көшбасшылардың бірі болып табыламыз. Біз Абу-Даби арқылы Азия нарығын бағындыру үшін көп уақыт жұмсадық. Біздің жоғары технологияларымыз бар, біз өзімізге тартымды болып табылатын осы жобаға қатысуға дайынбыз, — деді Альфред Стернг. Кездесу барысында Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов жергілікті атқарушы органдардың Атырау қаласы тұрғындардың барлық тобы үшін қолайлы әрі жайлы болуы үшін бар күшін салып отырғанын айта келе, инвесторларға облыс орталығындағы әлеуметтік инфрақұрылым туралы әңгімеледі. Өз кезегінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір аумағында жобаны іске асыруға барлық қажетті көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге инвесторлар тартуға баса назар аударады. Қазақстанның әлеуеті зор, оны игеруге озық технологиялар мен білікті кадрларды тарту қажет. Біз нәтижелі ынтымақтастыққа дайынбыз, -деді сөз соңында Нұрлан Ноғаев. Инвесторлармен кеңеске ҚР Энергетика вице-министрі Мағзом Мырзағалиев пен «Біріктірілген химиялық компания» ЖШС басшылығы қатысты.
Borealis әлемдегі полиэтилен өндіруші 4 ірі компанияның қатарына кіреді, әрі жоғары технологиялы және жоғары маржиналдық болып табылады. Borealis акционерлері Mubadala (ОАЭ) – 64% және OMV (Австрия) – 36%.
Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі