БАӘ Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ЖЭС салуды жоспарлауда
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа өндіріс орындарын ашу және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту жобалары талқыланды.
«KIDF management company» компаниясының өкілдері Жамбыл облысының аумағында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жобасын таныстырды. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАӘ-не сапары аясында қол қойылған Қазақстан Энергетика министрлігі, KIDF қоры және Masdar компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес іске асырылмық.
Нысанның құрылысы кезінде 1,3 мыңға дейін жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ірі жел электр станциясының іске қосылуы көмірқышқыл газының шығарындыларын жыл сайын 1,1 миллион тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, «Әулие-Ата Феникс» ЖШС кәсіпорынның қуаттылығын жылына 8 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін арттыруды көзделуде. Құс шаруашылығын дамыту жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру барысында 40 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек, басқосу барысында қызылша қабылдау пункттерін салу және қымыз өндіру бойынша жобалар ұсынылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетіледі.
Жамбыл облысы әкімдігі