Бабалар рухына тағзым – ұрпақ парызы

Ата-баба рухына арнап ас беру — қазақ қауымында ертеден келе жатқан үрдіс. Ол, әсіресе, қазақ елі өз алдына дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін алып шыққалы бері қайта жаңғырылып, кеңінен қолға алынуда.
Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Ықылым заманнан дін Исламды ұстанып, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын шариғат заңдылықтарына негіздеген халқымыз өмірден өткен әруақтардың рухына Құран бағыштап, еске алуды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп, елдің бекем бірлігімен, тату тірлігімен үлгілі үрдісті қалыптастырған.
Осынау өнегелі жолдан тайқымай, өз заманының аса көрнекті дін қайраткері болған Абдулла ишанның ұрпақтары марқұмның құрметіне салынған Үшарал ауылындағы Абдулла ишан мешітінде ата-баба рухтарына Құран хатым түсіріп, ауыл жұртшылығына ас берді. Үсен қажы және Шәмшидинқожа Әсетілдаевтардың бастауымен, әулет үлкендерінің, басқа да игі жақсылардың қоштауымен ұйымдастырылған Құдайы асқа ауыл ақсақалдары, ардагерлер, ел ағалары, ат үстінде жүрген азаматтар мен бір атаның баласындай бірлікті ту еткен іргелі әулеттердің үлкен-кішісі жиналды. Сауабы мол басқосу қасиетті Құран-Кәрімнің аяттарын оқумен басталды.
Аталмыш мешіттің имамы Қыдырбек Әбдімаликов халық арасында қасиетті орынға айналған Абдолла ишан мешіті әр жылдары Жамбыл облысының республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне кіргенін тілге тиек етіп, мешіттің арғы-бергі бай тарихынан сыр шертті. Мұнан кейін атақты Шайхы Зүнніннің ұлы Сыздық қожа сөз жалғап, қазақ рулары арасындағы діни шежіреден тарихи маңызы зор мағлұматтарды жаңғыртты. Өз заманында Ұлы жүздің Тутамғалы ошақты, шапырашты және ойық рулары­ның игі жақсылары өскелең ұр­пақтың діни сауатын арттыру мақ­сатын­да Абдолла ишанның әке­сі Саид Мұхаммед (Құлатай) ишанды өңірімізге арнайы шақыртқаны туралы да айтып өтті. Сол кезеңдерден бері Саид Мұхаммед (Құлатай) ишанның ұрпақтары ата жолын жалғап, діни тәлімгерлікті насихаттап келе жатқандығын да тілге тиек етті. Сондай-ақ игі шара барысында Үшарал ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Жүсіпов, ауданның Құрметті азаматы Орынбасар Айтуов және облыстық «Сабұлт» қожалар қауымдастығының Президенті Қайрат қожа Әміреевтер рет-ретімен сөз сөйлеп, өз естеліктерін айтып, бақиға бет түзеген бабалардың ерлігі мен адамгершілік игі қасиеттері жайында әңгіме өрбітті.
Айта кетейік, атақты дін қайраткерлерінің ұрпақтары осыдан бірер ай бұрын Түркістан облысы, Шаян ауданында Құлатай баба мен Айнақожа ата жерленген «Баба ата» қорымына ескерткіш тақта орнатып, бабалар рухына Құран бағыштап, Құдайы ас берген болатын. Сонымен қатар, Үшарал ауылындағы Абдулла ишан мен оның ұрапқтары жерленген қорымның да айналасын тазартып, кеңейтіп қоршау жасап, ескерткіш тасын орнатты. Ондағы мақсат, келер ұрпақтың ата бабаларының жерленген орынын ұмытпай, жеті аталарын жадындап сақтап, оларға тағзым етіп, өнегелі істерінен үлгі алса деген ой.
Қорыта айтқанда, ата-бабалар рухына арналып берілген Құдайы ас ағайынның ауызбіршілігін қалыптастырып, ел ағаларының ақ батасымен, қасиетті Құран-Кәрім аяттарын оқумен түйінделді. Игі шараға қатысушылар зор рухани әсер алып тарасты. Осы ретте сауабы мол жұмысты ұйымдастыруға атсалысқан барша Абдолла ишан ұрпақтарына, жеңгелеріміз бен келіндерімізге, жалпы ауыл азаматтарына алғыс айтып, зор ризашылығымызды білдіреміз.
Сейітқасым қожа Әсетілдаев,
Абдолла ишан ұрпағы