Бағала оны, бағала!

Дүрбелеңге толы дөңгеленген дүниенің шартарабында не болмай жатыр?! Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық етек жайған елдерді жиі ауызға аламыз. Өкініштісі сол, соңғы он жылдықта осы қатарға өзіміз де қосылдық. Бүгінде еліміз бойынша 50-ге жуық дағдарыс орталықтары бар. Облысымызда бір дағдарыс орталығы, екі аналар үйі бар. 2000 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 22 367 болса, 2022 жылы 166 мың болған. БҰҰ-ның Әйелдер қоры таратқан дерегі бойынша, Қазақстанда өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, қаза болған әйелдердің саны бір жыл ішінде 500-ге жетеді екен. Әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін қазақ қоғамы қайда барады өзі?

Әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, көп жағдайда отбасының тыныштығы үшін бәріне төзуге әзір. Бірақ қоғамда ер адамдардың дені бәрібір әйелдердің өздерін кінәлайды екен. Бұған енді сала мамандарының, психологтар мен имамдардың да айтар уәжі бар. Соңғы жылдары осындай оқиғалардың соңы әйел өліміне де алып келуде. Қанша қорлық көрсе де, шағымдануға дәті бармай жүрген қаншама әйел бар? Ашумен арыз жазып қойған әйелдердің өзінің 90 пайызы шағымдарын кері қайтарып алады екен.

Психологтар бұл мәселені ер немесе әйелдің сонау өзі өсіп- өнген отбасынан алған тәрбиесімен байланыстырады. «Тәрбие отбасынан басталады. Кейбір ата-аналар баласын аямай ұрып жатады. Келісім жоқ, керіс бар. Бұл көріністің жиі қайталануы дұрыс емес. Өйткені ол бала есейгенде, осыны қайталайтын болады. Сонда ғана сол баланың болашақ отбасын әлсіретіп, отбасындағы бірлікке сызат түсіруіне себепкер болғанын байқамай қалады», дейді психолог Жанат Әшім. Ол біздің елде әйелдерді қорғайтын жүйенің жоқтығын алға тартып отыр. «Кез келген агрессор жасаған әрбір соққысы үшін заң алдында жауапты екенін білсін. Өкінішке қарай, біз жанжалдасқан екіжақты татуластырып жатамыз. Осы дұрыс па? Жоқ. Туған-туыстардың өздері «ұят болады» деп, жазған арызынан бас тартуын сұрайды. Ал ол қайталанып-қайталанып, соңы қылмысқа барса, оған кім жауап береді?» дейді. Психологтардың айтуынша, жанұядағы ұрып-соғудың салдарынан, балалардың 90 пайызы стокгольм синдромына шалдығады екен.

Сөзіміздің басында дағдарыс орталықтары туралы айттық. Алайда олар қазір зорлық-зомбылық көрген келіншектерге, аналарға толыққанды көмек бере алмай отыр. Статистикаға сенсек, дағдарыс орталығының сенім телефонына күніне 20-30 әйел хабарласады екен. Оларға дағдарыс орталықтары тегін заңдық- психологиялық тұрғыдан кеңес береді. Бірақ оларды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндіктері жоқ. Өйткені Қазақстандағы 50-ге жуық дағдарыс орталығының жартысынан көбі баспанамен қамти алмайды.

Елдегі алғашқы дағдарыс орталығы үкіметтік емес ұйым тарапынан ашылды. Енді дағдарыс орталықтарымен жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп, мемлекет тарапынан қолдау жасалуы тиіс. Ол жер еңсесі езіліп, дағдарысты ахуалда жүргендердің жаңа өмірге бет бұрып, бақытты болу үшін күресуге шақыратын жеріне айналуы керек. Сондай-ақ дағдарыс орталықтары облыста ғана емес, қалалар мен аудандарда болуы тиіс.

«Бізге бір-екі баламен келетіндер сирек. Көбінесе үш, төрт, бес, алты, тіпті тоғыз баласымен келеді. Биыл бір әйел жеті баласымен орналасты. Бізде біраз уақыт болып, тиісті психологиялық көмек алып, отбасымен қайта қауышты. Жалпы, орталыққа келген әйелдердің 60- 70 пайызы отбасына оралады. Біздің жұмысымыздағы мақсат – оларды отбасына қайтару. Әрине, ажырасып кетіп жатқандары да бар. Себебі күйеуі жөнге салынбайды, түзелмейді. Агрессор және абьюзер, яғни қарапайым тілде жәбірлеуші күйеулермен психологтар жұмыс істейді. Әуелі телефон арқылы байланысқа түсеміз. Олар әйелдерінің бізде жатқанын білмеуі керек. Негізінен күйеулерін келтірмеуге тырысамыз. Себебі есік- терезені тарсылдатып тыныштық бермейді», дейді облыстық дағдарыс орталығының директоры Жамал Дүйсенбайқызы.

Әйелдердің әлеуметтік ахуалы – әлем бойынша басты назарда. Өйткені әлемдегі әрбір бесінші әйел еркек кіндіктіден жәбір көреді немесе зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал бізде әйелдерді кемсітушілікке қарсы атқарылып отырған шаруалар көп болғанымен, қыз-келіншектеріміздің дені өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезіне алмай отыр. Тіпті олардың көп бөлігі әлі күнге дейін өз құқықтарын қалай қорғауды білмейді. Сарапшылардың айтуынша, күнделікті күйбең тіршілікте зорлық- зомбылық көретіндердің басым бөлігі әйелдер екен. Әйел мүддесі қорғалмай, қоғамның әлеуметтік-экономикалық немесе демографиялық ахуалының дамуы мүмкін емес.

Бүгінде еліміз бойынша ел халқының 52 пайызын әйел адамдар құрайды. Олар ер адамдармен қатар еңбек етіп, ұлттық экономиканың дамуымен елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына өздерінің үлесін қосып отыр. Бірақ олардың еңбектері тиісінше бағаланып отырған жоқ. «Қазақстан әйелдері күштері» альянсының төрағасы Раушан Сәрсембаеваның сөзінше, гендерлік дамудың жаһандық рейтингінде Қазақстан әйел адамдардың саясатқа араласу индексінде 94-орынды иеленген. «Қазақстан әйелдері ерлерден 30 пайыз кем жалақы алады. Қазақстанның облысын немесе қаласын басқарып отырған бірде-бір әйел әкім жоқ. Мысалы, Швеция, Финляндия, Дания, Голландия секілді елдерді алып қарайықшы. Оларда жыл өткен сайын билікте әйелдердің саны өсумен қатар, тұрғындардың да әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келеді. Біз, әйелдер билікті армандап отырған жоқпыз. Тек аналардың бүгінгі ахуалын жоғарыда отырған әйелдер ерлерге қарағанда бес саусағындай біледі дер едім», дейді ол.

Қалай десек те, ер-азамат – отбасы үшін жауапты адам. Үйдегі тәрбие ер адамның өзінен басталады. Дін қызметкерлері отбасында қандай жағдай болмасын, сабыр сақталу керегін айтады.

«Ер-азамат жұбайына, балаларына үлгі болғысы келсе, алдымен, өзін түзеуі керек. Егер әйелінің кемшілігін көрсе, оның жақсы істерін еске алып, кешіріммен қараса, қайта жақсы көріп кетеді. Кемшіліктері үшін жек көріп кету – күнә. Көбіне әйел адам сабыр сақтамай, жанжалға ілікті өзі табады. Әйел адам көбіне тілінен табатынын білеміз. Ондай жағдайда еркек сабыр сақтап, мәселені анықтап, шешімін тапқаны дұрыс. Оның шешімі қол жұмсау емес. Бұл мәселеге қатысты шариғатта белгілеп қойған шарттары бар», дейді дінтанушы Елдос Қырықбай.

СӨЗ СОҢЫ

Статистика бойынша, еліміздегі әйелдердің 15 пайызы ер адамдардың жұбайларына қол көтеруін заңдылық деп біледі екен. Ал ауылдық жерлердегі әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп жүр. Бұл – «Қызы бар үйдің – берекесі бар» деп қарайтын қазақ үшін үлкен қасірет. Өйткені ол қыз – ертеңгі ана, отбасының ұйытқысы. Ешкім қызын зорлық-зомбылықтың зардабын тартсын деп өсірмейді. Сондықтан оны отбасындағы бүгінгі тәрбиеден бастап қолға алу керек. Әйтпесе дәл қазір қоғамды дендеген әйел әрекетіндегі дәрменсіздік пен шектеуліктен туып отырған «қорғансыздың күнінен» әзір құтыла алмаймыз…

Гүлжан РАХМАН