Бағаның өсуіне базар күнәлі ме, әлде?..
Адам өмір сүруі үшін тіршілік жасауы керек. Ал тіршілік кәсіптен тұрады. Біреу егін ексе, біреулер мал бағады. Кейбіреулер бағбандықпен айналысса, енді біреулер сауданы қол көреді. Нәтижесінде әрбір қоғам мүшесі өз тыныс-тіршілігі үшін еңбектенуге мәжбүрлі жағдайға келеді. Бұл — ықылым заманнан бері қоғамда қалыптасқан қағида. Еңбектену, тіршілік ету адамның өз нәпақасы мен нәсібін өзі табудың өзгермейтін қағидасы болғандықтан, хз. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Ешбір пенде өз еңбегінен артық хайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар да еңбектеніп, өз қолымен тапқанын жеген» (Бұхари, Бую-15).
Алматыдағы базарларға алыс-жақын қалалардан, ауыл-аймақтан келіп, қажетті затын алып кетіп жатқан жандардың қарасы өте көп. Қазір ата-аналар балаларын мектепке дайындайтын мезгіл. Сондықтан шығар, сауда бұрынғысынан да қыза түскен. Базар ақшаның ордасы сияқты көрінгенімен, оның біз білмейтін сырлары мен құпиясы жетіп артылады екен. Ол үшін біз арнайы базар аралап, саудагер мен сатып алушылардан шағын сауалнама жүргізіп көрдік. Саудагерлердің көбі базар өртенген соң, осы жаққа көшуге мәжбүр болғанымен қоймай, бағасы қымбат контейнерді жалға алса да, бұрынғыдай сауда болмай тұр деп мұңдарын шақты. Ал кейбіреулердің айтуынша, керісінше. «Базарларды ретке келтіріп, жаңашалағаны өте дұрыс болды, бұрынғыдан гөрі саудамыз жақсы жүруде», — дейді. Бастысы іші ретке келтірілгендіктен, жүріп тұруға өте ыңғайлы. Базардағы сатушылардың 70-75 пайызы өзге ұлт өкілдері. Жарайды, кең пейіл халықпыз, саудасын жүргізе берсін! Бірақ сатып алушылардың көбісі қазақтардан гөрі тәжіктен, ұйғырдан, өзбектен сауда жасағанды жақсы көреді екен. Аяқ киім сататын бірнеше тәжікпен тілдесіп көріп едім, біреуі тек орысша сөйлейді, біреуі қазақша аздап ғана түсінеді, тағы біреуі тәжікше сайрап тұр. Қай тілде болмасын адамның іш-бауырына кіріп кете жаздап, саудасын қыздыра түседі. Ал өзіміздің кейбір қазекем алсаң ал, алмасаң қой дегендей бейқам отыр. Әлде базар өмірінің күйбең тіршілігінен шаршады ма екен?
Тақырыбымызға қатысты мына бір оқиғаны айта кетейін, ертеректе Юнус ибн Убәйд есімді саудагер болыпты. Ол мата сататын. Оның дүкенінде құны 200 дирхам мен 400 дирхам аралығында түрлі бағадағы маталар бар еді. Бірде Юнус намазға бару үшін орнына, яғни дүкенге бауырының ұлын қалдырып кетеді. Намаздан қайтып келе жатқанда бір кісінің қолынан өзінің арзан бағалық матасын таниды. Әлгі адамнан:
— Матаны қаншаға алдыңыз? — деп сұрайды. Ол:
— 400 дирхамға алдым, — дегенде, Юнус саудагер:
— Алдаған екен ғой, матаның құны 200 дирхам. Кері қайтыңыз, артық ақшаны алыңыз, — дейді. Сонда әлгі кісі:
— Бұл мата біз жақта 500 дирхам тұрады, мен алданған жоқпын, — дейді. Юнус саудагер: — Жоқ, болмайды. Кері қайтайық, матаны қайтып өткіз. Насихат айту дүниелік пайдадан артық, — деп, адамды кері дүкенге алып келеді де, 200 дирхамын қайтарып береді. Ол кісі кетісімен немере інісіне:
— Алладан қорықпайсың ба? Екі жүз дирхамдық матаны 400 дирхамға қалай саттың? Мұсылмандарға насихат айтуды ұмыттың. Алушының білместігін пайдаланып, 200 дирхамдық матаны 400 дирхамға сатып жіберуге қалайша дәтің барды? — деп ұрсады. Сонда інісі:
— Ант етейін, ол матаны өз ризашылығымен алды, — дегенде, Юнус ибн Убайд:
— Жарайды, ол ризашылығымен алды делік, сенің бұған арың қалай шыдады? — дейді. (Ғаззали, Ихяу улумид-дин, ІІІ том).
Қазіргі қоғамда ақшадан гөрі арын ойлайтын адал саудагер бар ма екен? Сіз де осы сұрақты қойып көріңіз! Қаншалықты адалсыз?
Тағы да айта кетер бір жайт, 2013 жылы қыркүйекте «Барахолка» атанып кеткен сауда орындары аумағында орналасқан «Олжа», «Аян», «Еуразия», «Керемет» базарлары және қараша айында осы аумақтағы «Құлагер» мен «Арал» базарлары да өртенді. «Алатау-2» базарында екі рет, «Әдемі» базарында тағы бір рет өрт болды. Алғашқы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде базарлардың бірінің басшылығы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деп айыпталған. Басқа базарлардағы өрттердің шығу себептері ашылмаған күйі қалды. Саудагерлерді көшіре алмаған соң, әкімшіліктен әдейі ұйымдастырған іс деушілер де табылды. Сонымен, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Тауары күйген, орнынан айырылған халықты жаңа базардан орын береміз деп, жақсылап тұрып алдапты. Қанша жыл өтсе де, орын тұрмақ жалға алатын жерді әрең жалдап жүрген саудагерлер үмітін үзген.
Жаңадан салынған базарлардың бір айырмашылығы, рет-ретімен орналасқан болса да, бұл жердің қауіпсіздік шараларында кемшіліктер бар. Тауарларға ешқандай кепілдік жоқ, бейнебақылау аз, тіпті кей жерінде жоқ. Оған алаңдап отырған ешкім жоқ, күнделікті күйбең тіршілікпен барлығы ақша табудың қамымен жүр. Алайда 2013 пен 2015 жылдардағыдай өрт шықпасына кім кепіл? Тілсіз жау аяқ астынан келе қалса, не істемек? Ол жағы әзірге белгісіз.
«Базар — ақшалыға базар, ақшасызға назар» деп халқымыздың данагөйлері айтып кеткендей, «батпан құйрық жеп үйренген» кей саудагерлеріміз басынан бал дәурені ұшып кеткенін кеш сезініп отырған сияқты.
Базардағы тауардың баға мәселесіне келер болсақ, көбісі долларға кінә артады. Белгілі бір мейрамдарда немесе айлық, зейнетақы өскен кезде баға шарықтап кететіні бәрімізге белгілі жайт. Бағаның қарыштап өсіп жатқанына байланысты базаршыларға наразылық айтсақ: «Оған біз кінәлі емеспіз», — деп, ат-тонын ала қашады. Сонда кім кінәлі? Мұның себебі неде? Әлде бағаға ауыздық сала алмай отырған мемлекет кінәлі ме?
Сонымен, нақты баға кестесіне тоқталып өтсек:
19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі 99,2 %, ай басынан бері — 98,5 %, жыл басынан бері 103,2 %-ды құрады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары | Баға индексі, пайызбен | |||
8 тамыз 1 тамызға |
15 тамыз
8 тамызға |
анықтама үшін | ||
ай басынан бері кезеңге |
жыл басынан бері кезеңге |
|||
99,3 | 99,2 | 98,5 | 103,2 | |
Бірінші сортты бидай ұны | 100,0 | 99,9 | 99,9 | 100,5 |
Бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген нан | 100,0 | 100,0 | 100,0 | 102,2 |
Рожкилер | 100,0 | 100,1 | 100,2 | 100,6 |
Қарақұмық жармасы | 99,7 | 99,6 | 99,3 | 77,1 |
Күріш | 100,1 | 100,3 | 100,4 | 98,7 |
Сиыр еті — жауырын-төс бөлігі | 100,1 | 100,2 | 100,2 | 111,7 |
Тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік) | 100,1 | 100,4 | 100,5 | 105,3 |
Пастерленген сүт 2,5 % | 100,0 | 100,1 | 100,1 | 103,1 |
Айран 2,5 % | 100,5 | 100,1 | 100,6 | 102,2 |
Сүзбе | 100,1 | 100,1 | 100,2 | 102,4 |
Жұмыртқа, I санат | 100,1 | 99,7 | 99,8 | 68,9 |
Күнбағыс майы | 99,5 | 99,9 | 99,4 | 89,2 |
Тұздалмаған сары май | 99,6 | 100,3 | 99,9 | 105,1 |
Картоп | 94,8 | 93,4 | 88,6 | 120,1 |
Сәбіз | 99,3 | 98,2 | 97,5 | 154,5 |
Басты пияз | 100,6 | 97,3 | 97,9 | 194,6 |
Ақ қауданды қырыққабат | 88,9 | 92,3 | 82,0 | 93,6 |
Құмшекер | 100,0 | 99,0 | 99,0 | 102,1 |
Тұз | 100,0 | 99,8 | 99,8 | 99,3 |
(Баға туралы мәлімет Экономика министрілінің сайтынан алынды)
Күздік науқанға қарай азық-түлік бағасы арзандаса, керісінше киім-кешек, дәрі-дәрмек, оқу құралдарының бағасы тұрақсыз болып тұр. Базар сауда-саттық орны болғандықтан, алдау және алданып қалу деген қалыпты жағдай. Тек саудагермен жақсы тіл табыссаңыз жетеді. Сұранысы азайған, өтпей қалған тауарларын арзан бағамен сатушылар да жоқ емес. Базарлатып барғанда қалтаңыз қалың болса, таңдауыңыз бен талғамыңыз биіктей түспек.
Айман Рамзия