Бағдарламада қазақ әдіскерлері неге жоқ?

Әлемдік білім стандарттарына толық сай келу жолында жасалынып жатқан реформаларда шек жоқ. Отандық білім саласына соңғы бірнеше жылдан бері сіңіп келе жатқан орта мектептердегі білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу мәселесі алғашқы орында тұр. Жаңартылған мәселенің мәйегі мен оның енгізген жақсы-жаман жаңалықтары қандай?

Дәстүрлі білім беру жүйесінен кезең-кезеңімен жаңартылған білім мазмұнына көшіп келеміз.  2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар осы жаңа мазмұнды бағдарлама бойынша білім алмақ. Оқыту қазақтілді емес мектептерде қазақ әдебиеті жеке пән болу құрметінен қағылып, «қазақ тілі мен әдебиеті» деген бір атауға ғана ие болды. Жаңашылдық нәтижесінде қазақ әдебиеті пәні қазақ тілі пәніне кіріктірілді.  Билік осылай тіл мен әдебиеттің егіз ұғым екенін «терең пайымдап», оларды шынында да бір атты қос егізге айналдырды. Бұны қазақ әдебиетінің өзге ұлт мектептерінде қысқартылуы деп түсінсе дұрыс па? Әлде қазіргідей кесапаты мол, жеткіншегі теріс ықпалдың шылауында кету қаупі мол  алмағайып заманда дәл бір қажет шақта «әдейі» жасалған «сәтті қадам» деп білген жөн бе? Не десек те, бұл кіріктіру бағдарламасы Қазақстан Рееспубликасы Білім және ғылым министрінің  2016 жылғы 23 қарашадағы №668 бұйрығымен бекітілген.  Осылайша жоғары тарап «негізгі орта  білім беру деңгейінің 5, 7-сыныптарға арналған  «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің жаңартылған  мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасын» бекітті. Яғни, енді бұйрыққа бағыну ғана қалды. Бір ғана түсінбейтініміз — қазақ әдебиетін қазақ тілі пәніне телімей, жеке пән ретінде қалдырсақ, жаңармай қаламыз ба? Жаңарып, түлеу үшін бір құрбандық жасау шарт па? Осыдан кейін кітап оқымайтын бала мен қазақ ұлыларын танымайтын тентектердің көбейері өз-өзінен түсінікті.  Бұрын 5-сыныптан бастауын алатын қазақ әдебиеті пәні енді қазақ тіліне кіріп кетуі кездейсоқ құбылысқа ұқсамайды. Өйткені бұл жылдар бойы дайындалған, әбден «илеуі қанған» бағдарлама  емес пе? Ал жеке-дара оқытылудан қалған әдебиетіміз жаңартылған бағдарламада 5, 7-сынып  «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарында қаншалықты айшықталғанын алдағы уақытта айтатын боламыз. Сонымен, жаңарту қазақ әдебиеті пәнін телмеңдетуге алып келді. Және бұл үдеріс алдағы оқу жылдарында да кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.

Қазақстан әлемдік білім стандартына өзінің ұлттық сипатымен енетіні төңірегіндегі ұғым айтыла-айтыла жатталып та кеткендей еді. Ал мына жаңартылған білім беру бағдарламасын зерделеп қараған адамға оның ұлттық сипатының тым солғындығы көзге түспей қоймас. Біліктілік курстарынан өтетін ұстаздар арасында көп айтылатын, бірақ жауабы жоқ бір сұрақ: «Неге жаңартылған бағдарламада бірде-бір қазақ әдіскерінің, ұлттық психологияның өкілдерінің есімдері жоқтың қасы?» Әлде жаңартылған бағдарламаға қазақстандық ғалымдар атсалыспаған ба?Жаңашылдықтың төресін тап бір көктен түсіріп алғандай болмай, өзіміздің ұлттық түп-төркінімізді неге ұмыт қалдырдық? Блумның атын жаттамаса, Левельттің төрт үдерісін тақпақтата айтпаса, қазіргі мұғалім жаңашыл болмай қала ма? Жаңару түбегейлі өзгерістер шеңберінде дүниеге келгені рас, әйткенмен ұлтымыздың  ұлы ғалымдары, әдіскерлері мен психологтары бір шетке ысырылып қалғаны қалай? Ұлттық намысты түрткілейтін бұл ахуалдың артында не жатқаны түсініксіз. Бенджамин Блум америкалық оқу әдістемесінің психологы екен, ал А. Байтұрсынов кім деген кем тұтушылық па? Ал Америка психологы американша ойлап, ағылшынша дәлелдеген әдіс-тәсілдерін өзімізге құйып алып, «су жаңа» болып шыға келдік. Қазақстандық  патриот тұлғасын қалыптастыру мақсатында өзіміздің ғылым шыңындағы тарландарымызды да қоса алсақ,  жаңашылдықтың қай мазмұны болсын ұлттық тұрғыдан байып, үйлесе кетпес пе еді.

Ал аталған бағдарламаның басты ерекшеліктері мынадай деп танылып отыр: 1. Оқу дағдылары (оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым). Қазір біржолата қол сілтеп отырған кешегі кеңестік білім беру жүйесінде бұл оқу дағдылары қарастырылмады дегенге кім сенеді? Қазақ әдебиеті мен ғылымының алтын ғасыры ХХ ғасыр екені даусыз. Ендеше, кеңестік білімді жоққа шығару да бекер тәрізді.

  1. Шығармашылық ойлау дағдысы.
  2. Сыни ойлау дағдысы һәм проблемалық ойлау дағдысы мен технологияларды қолдану дағдысы т.б.

Тағы бір айрықша айтатын жайт — жаңашылдықтың оңайдан қиынға қарай шиыршық түрде оқытылуы. Спиральді оқыту деп аталатын бұл ерекшелік Кеңес кезіне де аса жұмбақ болмағаны ақиқат. Оңайдан күрделіге қарай өзара жалғас білім беру үдерісі ол кезде дәл бұлай аталмаса да, іс жүзінде болған. Сондықтан өткенге салауат айтып қана келешекке кепіл болар білім таба аламыз. Шеттің оқыту әдістемесін мүлде соны көріп таңырқай бермей, өзіміз де қолданғанбыз, түгелдей болмаса да, элементтері бұрыннан бар  деп, неге жасқанбай айта алмаймыз? Классик жазушыларымыз, тұңғыш ғарышкеріміз, тіпті Елбасымыздың өзі де  сол кеңестік жүйеде білім алғандар. Яғни қазір  оң нәтижесін көріп отырған өткенімізге өкпе арта бермей, оның қажет тұстарын сақтай отырып, өзіндік жаңашылдыққа ұмтылсақ жарар еді. Ал бізде ешбір әдістеме әлеуеті болмағандай, бөгденің барына бас ұрып, оны айна-қатесіз көшіріп алсақ, қазақстандық білім саласы деген атаудың өзі артықтық етер. Әлемдік білім саласына қазақстандық білім беру жаңалықтары болып неге енбейміз? Тек шетелге еліктеп жаңармай, өзімізше, яғни қазақша түлесек қайтер еді?! Қазақша жаңартылған бағдарлама туар болса, онда қазақ әдебиеті пәніне орын табылар ма еді, кім білсін…

 

Айзат Рақыш