БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында ауыл-аймақтарды қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Биыл облыс әкімінің басшылығымен облыс бойынша 47 ауыл «көгілдір отынмен» қамтылды. Даму жоспары аясында жыл басынан бері Бәйдібек ауданында 15 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп отыр.
– Биыл облысымыз үшін де, оның ішінде бәйдібектіктер үшін де жемісті жыл болды деуге толық негіз бар. Қазіргі таңда Бәйдібек ауданында 50 ауылдың 36-сында «көгілдір отын» қолжетімді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» дейді халық даналығы. Қуанышты күндеріңіз көп болсын, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілейік, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі