БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДАҒЫ ЕСКІРГЕН ТУРИСТІК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖАҢАРАДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Бәйдібек ауданына іссапармен барды. Бірқатар әлеуметтік және туристік нысанды аралап, жай-күйін бақылады. Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов туризм, білім және денсаулық салаларында атқарылып жатқан шараларды таныстырды. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалу барысы баяндалды. Тұрғындармен жеке қабылдау өтіп, мәселелер қаралды.
Әуелі «Бәйдібек ата» және «Қос ана» кесенелеріне барды. «Қос ана» кесенесінің сыртын сырлау және төлқұжатын жаңартуды ескертті. Аумағындағы ескі мазардың қыштарын реттеп қоршау және археологиялық зерттеуге ұсыныс беруді міндеттеді. Сондай-ақ жастармен бірге Бәйдібек ата кесенесінің ауласына шырша көшетін отырғызды.
Іссапарда балалар лагерінің жұмысы зерделенді. Бәйдібек ата елді мекенінде орналасқан «Тау шыңы» балалар лагері 2012 жылы пайдалануға берілген. Маусымдық кезеңде 1200 бала демалады. Бір ауысымда 150 балаға дейін қабылдай алады. Бейсенбай Дәулетұлы тозығы жеткен лагердің ғимараттарына биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді қадағалап, интернет желісін тарту туралы тапсырма берді.
Іссапарда облыс әкімінің орынбасары құрылысы жүргізіліп жатқан және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің ахуалын көрді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы аудан орталығында 300 орындық білім ошағының құрылысы басталған. Іргетасы құйылып, өндірістік кестеге сәйкес жұмыс іске асуда. 2024 жылы қолданысқа беру жоспарлануда. Жауаптылар мен сала мамандарына құрылысты қадағалау, сапалы әрі уақтылы аяқтауды жүктелді.
Жарықбас ауылындағы Л.Өтешов атындағы мектеп оқушыларға 2011 жылы есігін ашқан. Қазіргі таңда шатыры мен ішкі бөлмелері ескірген. Облыстық жауапты басқарма мен аудандық бөлімге қайта жасалған жобалық-сметалық құжаттамасын қаржыландыруға ұсыныс беру тапсырылды. Ақбастау ауылындағы Ш.Уәлиханов мектебінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржысы бөлінген. 1200 орындық білім ұясына осы жылы жөндеу жұмыстары басталады. Облыс басшылығы мектептің төтенше жағдай кезінде шығуға арналған баспалдақтың төбе қалқасын орнату, қасбетін әрлеу және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты.
Облыс әкімінің орынбасары биыл жаңадан салынатын Жарықбас елді мекеніндегі дәрігерлік амублаториясының тиісті құжаттарын рәсімдеуді тапсырды. Нысанға жер телімі рәсімделген.
Сапар аясында жеке қабылдау өткізген Б.Тәжібаев аудан тұрғындарының өтініштерін тыңдады. Қабылдауға аудан әкімі Е.Нұрмаханов, мәслихат төрағасы И.Түймебаев және салалық мекеме басшылары қатысты. Тұрғындар тарапынан мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржы бөлуге ықпал ету, ономастика, тұрғын үй, әлеуметтік көмек бойынша талап-тілектер айтылды. Өтініштер заң шеңберінде қаралып, жауаптары жолданады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі