Бәйдібекте электр станциясы салынады
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданының экономикасы да қарқын алатын түрі бар. Өйткені, тоғыз жолдың торабынан шеткерірек орналасқан ауданға шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың сеп болуымен аталмыш ауданнан Біріккен Араб Әмірлігінің инвесторы электр энергиясын өндіретін станция салмақ. 2 жыл көлемінде салынады деген станция күн көзінен қуат жинайтын орталық болады деп күтілуде. Жаңа электр станциясы үшін аудандағы Жамбыл ауылдық округінің аумағы оңтайлы таңдалған. Сондықтан жаңа нысан құрылысына 230 гектар жер бөлінді.
Сонымен бірге, аталмыш ауылдық округтен тағы бір электр станциясының құрылысы басталғалы жатыр. Оны жергілікті «Жүзімдік ветро паркі» серіктестігі жүргізбек. Ол үшін жоғарыда аталған ауылдық округтен 700 гектар жер телімі бөлінді. Станция электр қуатын желден алады. Ал Бәйдібек ауданындағы ұдайы соғатын жел қысы-жазы тоқтамайтынын скерсек, бұл жоба табысты болғалы тұр. Егер қолға алынғалы отырған жобалар жүзеге асса, аталмыш аудан көптеген қиындықтан құтылмақ. Себебі, қысы қатал, желі көп тұратын өңірде электр жүйесі жиі істен шығатын.
Жаңа жобаның жергілікті жұмыссыздар үшін де пайдасы тиетіні айтылуда. Оның құрылысына Жамбыл ауылдық округінен тұрғындар тартылады.
С.САЙЛАУ,
Оңтүстік Қазақстан облысы.