Бәйдібекте қыруар жұмыс атқарылды
Осы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қарапайым халықтың мұқтаждығын шешетін көптеген тірліктер атқарылды. Қаңтар айында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев мектеп, жол, көпір мәселелерін шешуге тапсырма берген болатын. Бұл бағытта жасалған жобаларға аудандық та, облыстық та бюджеттен қаржы кедергісіз жұмсалды. Мәселен, Бәйдібек ауданындағы игі жұмыстарды атап өтуге болады. Осы жылы аудандағы Кеңес, Жиенқұм ауылдарында 150 орыдық екі білім ордасы пайдалануға берілді. Аталмыш ауыл тұрғындары жаңа мектеп ғимараты үшін аудан, облыс басшыларына өз разылықтарын жеткізді. Өйткені, аталған елді мекендегі бұрынғы мектептер бүгінгі таңда балаларды оқытуға сай келмейтін еді. Білім ордаларының бірі үшін аудан бюджетінен қаражат бөлінсе, екінші мектеп үшін облыс бюджетінен қаржы жұмсалды.
Қазіргі таңда ауданда жаңадан тағы 6 мектеп салынуда. Барлығының да құрылысы келесі жылға өтпелі. Демек, 2018 жылы 6 ауыл оқушылары стандартқа сай ғимаратта білім алатын болады.
Тағы бір айтар кетер игі іс — Тұрақты ауылында көпір құрылысы жүргізілді. Бұған дейін ауыл тұрғындары елді мекен жанындағы өзеннен ескі көпірмен амалдап өтетін. Ал жаңа өткел оларды облыс орталығына қатынайтын жолмен байланыстырады.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ,
ОҚО.