Байқау қазақ қызының ұлттық қасиеттерін дәріптеді

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде «Сыңғыр шолпы, шашбауды, жарасады таққаның» атты бұрымды қыздар  байқауы  өткізілді.

Байқаудың мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында  қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеуде қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілдік, сұлулық өзге де жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білу, қазақ қызының бұрым қоюы, сәндікке тағылатын шолпы мен шашбаудың қадір-қасиетін ұғындыру болды.

Байқауға Атырау мұнай және газ университеті, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі, Атырау бизнес және құқық колледжі, Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің бұрымына шашбауы жарасқан 8 аруы қатысып, бақтарын сынады.

Төрт кезеңнен тұратын байқауда ең алдымен әр қатынасушы «Мен қазақтың қызымын дара туған» тақырыбымен өзін-өзі таныстырды. Келесі кезеңде шаш күтімі, шаш өру үлгілерін көрсетіп және шашына таққан шолпы, шашбаудың ерекшелігіне тоқталды. Байқаудың келесі  кезеңдерінде музей қорындағы қыздарға тән зергерлік әшекей бұйымдардан (сырға, бойтұмар, сақина, білезік, белдік т.б.) сән көрсете отырып, ұлттық ерекшелігін түсіндірді және салт-дәстүрге байланысты мақал-мәтелді жалғастыру арқылы білімдері бағаланды.

Байқауға қатынасушы аруларымызға Педагогика ғылымдарының кандидаты, білім беру саласының ардагері Нұрзила Сәрсенқызы, Үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған № 30 мектеп — гимназиясының жоғарғы санаттағы мұғалімі, ардагер Қожамбергенова Роза Нағыметқызы және Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Ерімқызы қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша  шашының ұзындығы 100 см болатын Каспий өңірінің қазіргі заман колледжінің Әлеуметтік гуманитарлық есеп және аудит факультетінің ІІ курс студенті Смағұлова Арайлым байқау жеңімпазы атанып «Бұрымды қыз» номинациясына ие болды. Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің Дәстүрлі ән мамандығы бойынша І-курс студенті Роза Майранова «Шебер қыз», Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің Дәстүрлі ән мамандығы бойынша ІІ курс студенті Аймекен Құрметқызы «Әдепті қыз», Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің Дәстүрлі ән мамандығы бойынша І курс студенті Аружан Артурқызы «Ибалы қыз», Каспий өңірінің қазіргі заман колледжінің Әлеуметтік гуманитарлық заңгер факультетінің ІІ курс студенті Нұрсауле Қадыржанова «Сұлу қыз», Атырау Бизнес және Құқық колледжінің  ОБТ -17 факультетінің І курс  студенті Құралай Оразғалиева «Өнерлі қыз», Атырау мұнай және газ университетінің индустриялды-технологиялық факультетінің ІІ-курс студенті Гүлназ Ғасырбекқызы «Сымбатты қыз» және Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық  колледжінің ІІ курс студенті Жаңылсын Ерғалиқызы «Өнерлі қыз» номинацияларымен марапатталды.

Аталмыш байқауды жоғарыда аталған оқу орындарының студенттері мен ұстаздары, музей қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тамашалады.

                                                                                         Сая Газимова,

                                           Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі

                                           басшысының ғылыми істер жөніндегі орынбасары