БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ХАЛҚЫ БАРЛЫҚ ЖЕҢІЛДІКТЕН ҚАҒЫЛЫП ОТЫР

Парламент сенатының пленарлық отырысында Ресей мен Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Еске сала кетейік, Байқоңыр қаласының мәртебесі, құрылымы мен оның атқарушы билік органдарының мәртебесі туралы келісім 1995 жылы 23 желтоқсанда қабылданған. Құжатқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға 2016 жылы 12 сәуірде қол қойылған. 

Сенатта заң жобасын таныстырған қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, құжатқа Байқоңыр аумағына кіргізілетін және қаладан шығарылатын тауарларды қосымша құн салығынан және акцизделетін тауарлар үшін акциздік төлемнен босату туралы өзгерістер енгізілмек. Қазір Байқоңырда қазақстандық тауарларға қосымша құн салығы алынады. Сұлтановтың сөзіне қарағанда, байқоңырлық кәсіпкерлер Ресей заңнамасы бойынша 18 пайыз мөлшерінде құн салығын төлейді және оны Қазақстан жағы есепке ала алмайды. Осы себепті және Байқоңырға Қазақстан территориясынан кіргізілген тауарлардан да 18 пайыздық құн салығы алынғандықтан, қалада тауар мен өзге де қызмет көрсету бағалары қымбаттап кетеді. Сұлтанов хаттамада Байқоңырға тауар кіргізу немесе тауар шығару, қызмет көрсету кезінде бір реттік 18 пайыз мөлшерінде ғана салық салу қарастырылғанын айтты. Заң жобасын бұған дейін мәжіліс мақұлдаған. Енді ол Президенттің қол қоюына жіберілуі тиіс. Ресей Байқоңырды 1994 жылы жалға алып, ғарыш айлағын 2050 жылға дейін толық пайдалануға Қазақстанмен келісім жасасқан. Қалада ресми мәлімет бойынша 70 мың халық тұрады. Сенаттың жалпы отырысында қабылданған заңға қатысты Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлына бірнеше сауал қойдық.

— Бүгінгі заң жобасы туралы не айтасыз? Мұнда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды толық қолдайсыз ба?

— Шынын айтайын, Байқоңырда осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелер жетерлік. Сенат отырысында талқыға түсіп отырған заң жобасы Байқоңыр қаласында тіркелген кәсіпкерлерге қосарланған жанама салық төлеу жүйесін реттеуге бағытталған, нәтижесінде бұл халықтың күнделікті тұтынатын тауарларының, көрсетілетін қызметтердің құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Сондықтан да заң жобасын қолдаймын. — Сөзіңіздің басында Байқоңырда осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелер көп дегенді айтып қалдыңыз… — Иә, мәселелер жетерлік. Қазір Байқоңыр қаласында 70 мың халық тұрады. Оның 47 мыңы Қазақстан азаматтары. Сонымен бірге Байқоңырдың дәл жанында Төретам қыстағында 12 мың, Ақай елді мекенінде 5 мың халық тұрады. Демек, 64 мың Қазақстан Республикасының азаматтары аумағы шағын бір ауылдық елді мекенге тиесілі, яғни 6300 га ғана, оның өзі Ресейдің уақытша меншігіндегі жерде тұрып жатыр. Айтылып отырған аймақта егін, бау-бақша егуге, не мал бағуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Өйткені олар тұрып жатқан жер Ресейдің жалға алып отырған меншігінде. Күнкөріс көзі шектеулі. Аталған елді мекендердің тұрғындарына кәсіппен айналысу үшін 11 мың га жер телімдерін алып беру мәселесі екі мемлекет арасындағы «Үкіметаралық комиссия» отырысының шешіміне байланысты болмақ, өкінішке орай, бұл процесс баяу жүруде.

— Сіз жалпы отырыста қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа Байқоңырдағы халықтың бүгінгі хал-ахуалы туралы депутаттық сауал жолдадыңыз. Сол сауалыңызда көптің көкейінде жүрген ойларды дөп басқандай болдыңыз…

— Иә, министрге жазбаша түрде Байқоңырдың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы, ондағы халықтың түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп жатқандығын депутаттық сауал етіп жібердім. Сонда айтқандарымның бірсыпырасына тоқталайын. Осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан ол жақтағы шетін мәселелер мынадай: — жергілікті кәсіпкерлердің жылжымайтын мүліктерін банктерге кепілдікке қойып, несие ала алмайтындығы. Өйткені олардың астындағы жер учаскелері Ресей мемлекетіне жалға берілген. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласынан жаңадан кәсіп ашқысы келетін кәсіпкерлердің банктерге қоятын кепілдік мүлкі және үйлері жоқ. Қалада 347 көп қабатты тұрғын үйде 20700 пәтер бар. Олардың бірде-біреуі жекешелендірілмеген, өйткені ол үйлердің иесі Ресей жағы. Осыған мынаны қосуға болады: Байқоңыр қаласында азаматтар тұрақты және уақытша тіркеуде тұрады. Уақытша тіркеуде тұратын Ресей мекемесінде жұмыс атқаратын азамат пен азаматшаларға зейнетақы қоры жинақталмайды, берілетін әртүрлі жәрдемақылар төленбейді.

— Біздің білуімізше, Байқоңырда коммуналдық қызмет бағасы удай. Осындай түйткілді мәселелерді шешудің қандай да бір тетігі бар ма?

— Айтып отырғаныңыз рас. Байқоңыр қаласы бойынша коммуналдық қызмет бағасы өте жоғары. Мысалы, Қызылорда қаласында ыстық су 1 адамға 740 теңге болса, Байқоңырда 1640 теңге, Қызылорда қаласында салқын су 156 тг болса, Байқоңырда 918, Қызылорда қаласында газ балоны 3000 теңге болса, Байқоңырда 6000 теңгені құрайды. Оның үстіне соңғы 20 жылдың көлемінде Байқоңыр қаласындағы инфрақұрылымға қаржы бөлінбегендіктен, олардың барлығының тозығы жеткен. Сондықтан Үкімет Байқоңыр қаласында қордаланып қалған мәселенің күрделілігі мен ерекшелігін ескере отырып, қалада шағын және орта бизнесті дамытудың, жергілікті тұрғындарды әлеуметтік қорғаудың кешенді түрде шешілуінің жаңа тетіктерін қарастыру керек деп есептеймін.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Нағашыбай Қабылбек