Байқоңыр ауданында биыл 900 орындық мектеп пен үш саябақ салынады
«Байқоңыр» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Жаулыбаев халық алдында есеп беру кездесуінде ағымдағы жылы пайдалуға берілетін нысандар жайлы мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінгі күні ауданда 2 жоғары оқу орны, 7 колледж, 19 мектеп, 14 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді.
«Биыл Абай Құнанбайұлы атындағы 900 орындық № 87 мектеп ашылды. Ағымдағы жылы С. Сейфуллин және Сырдария көшелерінің қиылысында 900 орындық мектептің құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ № 23, 31, 34 мектептерге 600 орындық қосымша құрылыс салу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Кирпичный» тұрғын үй алабындағы №12 мектепке қосымша құрылыс салу жоспарлануда», — деді Ерлан Жаулыбаев.
Оның айтуынша, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек көрсетілді. 25 кәсіпкер демеушілік білдіріп, 497 бала оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамтылды.
Кездесу барысында ол өткен жылы тұрғындардан 15 мыңнан астам өтініш қаралғанын атап өтті. Қала тұрғындарын ТКШ, аумақты абаттандыру, ПИК жұмыстары мен әлеуметтік мәселелер толғандырды.
Сонымен қатар, Ерлан Жаулыбаев ағымдағы жылы «Байқоңыр» ауданында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен бірлесе отырып, Ақбидай көшесі, 11, Тайбұрыл көшесі, 9а және Абай даңғылы бойында үш саябақтың құрылысы жоспарланғанын хабарлады.
«Өткен жылы ШОБ, мемлекеттік ұйымдар, коммуналдық кәсіпорындар, ПИК және белсенді тұрғындардың қатысуымен 3 200 ағаш отырғызылды, 12 600 бұта және 700 қума метр тірі қоршау отырғызылды», — деді Ерлан Жаулыбаев.