БАЙРАҚТЫ БАЙЗАҚ ЖЕРІНДЕ МӘДЕНИЕТ КҮНІ ДҮРКІРЕП ӨТТІ

 Бүгін «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері аясында Байзақ ауданының мәдениет күні ұйымдастырылды. Шара барысы алдымен Кеңес ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен республикалық қазынадан бөлінген қаражат есебінен бой көтерген 90 орындық ауылдық клубтың ашылу салтанатымен басталды.
Әрмен қарай мәдени-көпшілік шара «Байзақ Мәмбетұлы» ескерткішіне гүл қою рәсіміне жалғасты. Батыр баба рухына тағзым етіліп, гүл дестелері қойылды.
Отбасы аллеясында жалғасқан мерекелік думанда аудан аумағындағы бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұлттық этномәдени орталықтар өнерпаздары шара қатысушылары мен қонақтарға концерттік бағдарламасы мен сахналық қойылымдарын қойды. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің қолөнер бұйымдарынан жасалған көрме де көпшілікке ұсынылды.
 №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қосалқы футбол алаңында жарыс қатысушылары жамбы ату, асық ойнау, қыз қуу, теңге ілу, қазақша күрес, ләңгі тебу, арқан тарту, қылыш көтеру сынды ұлттық спорттық ойындары да назардан тыс қалмады.
Сарыкемер ауылының орталық стадионында жалғасын тапқан ауданның мәдениет күніне арналған іс-шара театрландырылған көрініспен басталды. Сахна шымылдығын аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков ашып, жиналған тұрғындар мен шара қонақтарды ауданның мәдениет күнімен құттықтап, мәдениет саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен аудан жетістіктерін баяндады.
 Стадион аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, түрлі этнос өкілдерінің және қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесі көрсетіліп, түрлі ұлттық спорттық ойындарынан жарыс өтіп, іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығы