«Байтақ» пікірталас алаңы: «Халық ГМО жайында толық білуі керек»

Жуырда Елордадағы «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы «Байтақ» пікірталас алаңын құрып, алғашқы жиындарын өткізді. Тұңғыш рет өткізілген биолог-эколог ғалымдардың басқосуында «ГМО: Игілік пе, зұлымдық па?» тақырыбы талқыға түсіп, оған ҚР Парламенті депутаттары, сәйкес министрліктер мен комитет өкілдері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, магистранттар мен студенттер, БАҚ өкілдері мен блогерлер қатысты. Олардың қатарында экологиялық альянстың құрметті президенті, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов, көрнекті ғалым, «Тағам» институтының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор Төрегелді Шарманов, биология ғылымдарының докторы, академик Абай Оразұлы Сағитов пен медицина ғылымының докторы, профессор, Алдын алу медицинасы Академиясының академигі Орманбек Жүзжановтар да бар.

img_0438

       Қоршаған орта  мен экологияны қорғау жолында барлық әлеует пен ресурсты жұмылдыруды мақсат тұтқан экологиялық альянстың президенті Азаматхан Әміртайдың жиынға жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Өйткені, құр айғайға салып, ұрандап кететін емес, Зейнолла Қабдоловша айтсақ, көп біліп, дөп сөйлейтін кіл мықтыларды жинапты. Кезінде «Невада-Семей» қозғалысымен аты шыққан даңқты ақын Олжас Сүлейменов 1291329113_1жасында осы Азаматхандай жігерлі әрі білімді болған шығар. Үш сағатқа созылған жиынның қызықты әрі тартысты өтуіне бар жағдайды жасаған А.Әміртай пікір алаңының тізгінін экономист-теоретик, ғылымтанушы, э.ғ.д., профессор Орақ Жолмырзаұлы Әлиевге ұстатты. Қазақстандағы жалпы ғылымның кешегісі мен бүгінін өзгеден артық білетін О.Әлиев алдымен Төрегелді Шармановтың, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті Экология кафедрасының оқытушысы  Тельтаев Ерлік Ноғайбекұлы (ГМО – жағымды жағы) және биолог-эколог, қолданбалы экология ғылымының магистрі, «Biosecurity» журналының бас редакторы  Климов Евгений Владимировичтің (ГМО – жағымсыз жағы) баяндамасын тыңдады. Академик Т.Шармановтың тек қана табиғи сусын ішіп, экологиялық таза тағамдарды тұтынатынын, салауатты өмір салтын берік ұстанатынын көпшілік жақсы біледі. Соның арқасында әдемі қартайып, сексеннің сеңгіріне шықса да, төсектен қарғып тұрып жастармен қатар шауып жүрген, қайтсем қазақты атқа қондырып, қымызын сіміртем деген уайыммен өмір сүріп жүр. Бұған дейін де айтқан, айтудан жалықпаған табиғи өнімге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын азық-түлікті тұтынбау туралы бұл жиында да қадап айтты. Тіпті, ғылыми журналдарға шыққан шетелдік сарапшылардың дәлелдерімен де бөлісті. Сөзін түйіндей келе:

-Халқыма энергетикалық сусынды мүлдем ойға алмай, бие сүтін ішуді ұсынамын. Сондай-ақ, Ресей ғалымдары қазіргі нарықта жүрген сары майлардың 90 пайызы сиыр сүтінен жасалмағанын дәлелдеді. Есесіне зауыттан шыққан майлардың құрамында пальма майы мен токсиндік заттар бар. Оны тұтыну – тамырымызға өз ықтиярымызбен балта шабу,-дейді.

img_0455

    Академиктің сөзінен кейін пікірталас қыза түсті. Журналистерге алдын ала берген сұхбатында А.Әміртай бұл жиын арқылы ГМО-ны талқыға салып, содан нақты шешім шығару деген болатын. Алайда, тамыры тереңге кеткен «генетикалық модификацияланған организмдер» мәселесі сөз жүзінде емес, ғылыми-практикалық бағытта оң нәтижесін беретінін бәрі де мойындады. Тек халыққа ГМО-ның қауіптен басқа әкелері жоқ екенін жеткізу маңызды дейді жиналғандар. Сауда нарығының тұңғиығына дендеп енген бұл

мәселені бір жиынмен шешпесін ғалымдар да, қоғам қайраткерлері де жақсы түсінді. Нәтижесінде, алғашқы отырыстың төмендегідей қарары қабылданды:

  1. Пікірталас барысының материалдары мен қатысушылардың пікір-пайымын ескере отырып, мәселенің күрделілігі мен ерекшелігіне назар аударып,  тақырыпты зерттеу мен зерделеуге, бақылауға мемлекет тарапынан қолдау көрсету ұсынылсын.
  2. Тақырыпты одан әрі ғылыми, дәйекті де тұрақты зерттеу тұрғысынан ғылыми-практикалық мазмұндағы түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынсын.
  3. Пікірталас алаңының барысында Республикалық «Байтақ болашақ» Экологиялық альянс жанынан экологиялық ғылыми-зерттеу  институтын ашу ұсынылсын.

     Бір білгеніміз, таяу уақытта ГМО мәселесі Үкімет пен Парламентте де көтерілмек және жиын соңында экологиялық ғылыми-зерттеу институты құрылып, оның басшысы болып пікірталас алаңының жетекшісі Орақ Әлиев бекітілді.

img_0457

      Сондай-ақ, бізде өз кезегімізде ғаламды алаңдатқан ГМО жайында жас та болса осы мәселеге бас қатырып жүрген С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті Экология кафедрасының оқытушысы Ерлік Ноғайбекұлына бір-екі сұрақ қойған болатынбыз.

ЕРЛІК ТЕЛЬТАЕВ: «ГМО-НЫ ШЕКТЕН ТЫС ПАЙДАЛАНСАҚ – БОЛАШАҒЫМЫЗ ҚАРАҢ»

-Ерлік мырза, жиында ГМО-ның пайдалы жақтарын айттыңыз. Бірақ, жақтамайтыныңызды білдіріп қалдыңыз…

-Мен әзірше жақтамаймын. Неге? Өйткені, 17 миллион халқы бар Қазақстанға ГМО-сы бар өнім %d0%b5%d1%80%d0%bb%d1%96%d0%ba-%d1%82%d0%b5%d0%bb%d1%8c%d1%82%d0%b0%d0%b5%d0%b2пайдаланудың жөні жоқ. Бүкіл әлем ғалымдары бірігіп шығарған ГМО-ның көмегімен Қытай 2 млрд. халқын, Үндістан 1 млрд. 800 млн. халқын асырап отыр. Ал, олармен Қазақстанды салыстырудың өзі күлкілі ғой. Бас-аяғы 17 миллион тұрғынды ГМО-сыз, табиғи, таза өнімдерімізбен асырай аламыз. Оған күшіміз де жетеді, мүмкіндігіміз де бар. Ең бастысы, соны пайдалана білу, тұтыну керек. Жеті атасын танып, шежіре жүргізетін қазағым анасының сүтін еміп, малдың ағарғанын ішіп, етін жеп, таза алманы жеп өссе, жүз жылға дейін бабаларымыздан келе жатқан гендегі баға жетпес қасиеттерімізді сақтап қаламыз. Қазақстан Еуразияның қақ жүрегінде орналасқан. Біздің байтақ даламыздан климаттың барлық түрін таба аласыз. Әлемдік талаптарға, ғылымға қарамау керек демеймін, тек олардың пайдалы жақтарын алып, өзіміздің биоалуантүрлілігімізді сақтап қалуға тиіспіз.

-Болашағымыз үшін маңызды дейсіз ғой?

-Әрине, солай. Ұлт саулығын, болашағын және ұлттық брендті сақтап қалу тұрғысынан ГМО-ны тұтынбау маңызды. Сол үшін жақсыдан үйрену, жаманнан жиренуге дағдылануымыз керек. Қытай мықты екен немесе араб мықты екен деп солардың істегенін айнытпай қайталағаннан не пайда? Керісінше, әрқайсысының әр саладағы озық тұстарын өзімізге үлгі етіп, тәжірибемізде пайдалансақ келешегіміз кемел болмақ. Аттарын атамай-ақ қояйын, кейбір ғалымдарымыз Қазақстанның жүз жылдан кейін болашағы жоқ деп жүр. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Тұтастай, жүз пайыз ГМО-ны тұтынған кезде ғана болашағымыз – қараң.

-Оқырмандарымызға қысқаша ГМО жайында түсіндіре аласыз ба?

-ГМО алғаш 1983 жылы пайда болған. Бір ағзаның ДНҚ-сын басқа бір ағзаның ДНҚ-сына арнайы енгізіліп, геннің басқа түрге айналуын ГМО деп атаймыз. Сондай-ақ, сұрыпталудың өзі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді. Селекционерлер қолданатын жасанды сұрыпталудан ГМО пайда болады. Олар бір өнімді суыққа төзімді немесе ыстыққа шыдамды, бірін көп өнім беретін етеді. Шетелден келетін жемістердің суыққа төзімді, құрт түспейтін болу себебін тарқатып айта берсем, мемлекеттік құпияға барып тірелеміз. Ал оны кеңінен айта алмаймын.

-Өзіңіз ГМО қоспасы бар өнімдерді тұтынасыз ба?

Бізде қазір ГМО кең таралып кеткендіктен, қайсы тағамымда ГМО бар, қайсысында жоқ, оны сараптап көру керек.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Дайындаған ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ