Байзақ ауданында «бройлер» фабрикасы ашылды

Жыл тоғысында Жамбыл облысының Байзақ ауданында бройлер етін өндіретін құс фабрикасы пайдалануға берілді. Нысанның ашылуында сөз алған Жамбыл облысының  әкімі Кәрім Көкірекбаев жаңа өндірістік желінің пайдалануға берілуімен құттықтай келіп, елімізде құс етіне деген сұраныстың артып отырғанын, азық-түлік өнімдерін өндіретін жобаларды іске асырудың халық үшін маңызы зор екендігін жеткізді.

– Бұл жоба біздің облыс үшін өте маңызды. Қазіргі уақытта аймақ сиыр, қой, жылқы етімен толық көлемде қамтамасыз етілуде. Бірақ, құс етін әлі күнге дейін импорттау жағы ақсап тұрған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 547 миллион теңге бөлініп, нысанды салу кезінде коммуникациялық жүйелердің  кеңейтілген желісі жүргізілді. Оның ішінде су құбыры, газбен жабдықтау, электрлендіру, тазарту мен су жинайтын арнайы құрылғылар қарастырылған, – деді Кәрім Нәсбекұлы.

img_7328

Жаңа өндіріс 1978 жылы салынған, бірақ 90-шы жылдардың басында жұмыс істеу  мүмкіндігі болмаған ескі құс фабрикасының базасында құрылды. Серіктестік  «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның қаржылық қолдауының  нәтижесіндеөткен жылдың соңында құс фабрикасын қалпына келтіру  және жаңғыртуды қолға алған болатын. Жобаның жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайды.

– Облыста 10 жылға дейінгі мерзімге 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Әріптестік туралы шарт негізінде серіктестік несие тіркелген күннен бастап екі жыл мерзім өте салысымен  қаржыны төлей бастайды. Жобаны іске асыру барысында 16 құс қорасына, қоймаларға, зертханаларға, әкімшілік ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Жабдықтар кешенінде құсты баптау, жемдеу, ғимараттың ішін жарықтандыру, желдету сынды қызметтер де бар,- деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Бауыржан Сәбитов.

img_7323

Аталмыш фабрика жергілікті нарыққа жылына 8 мың тоннаға дейін құс етін шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнының іске қосылғаны алдымен ауыл тұрғындарына нәсіп болды. Мұнда бүгінде150  жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. «Әулие-Ата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісованың айтуынша, кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша  жоғары сапалы ет шығаратын болады. Бастапқы қезеңде 4 мың тоннаға дейін бройлер  етін шығарса, алдағы уақытта фабрика қуатын ұлғайтуды көздейді. Сапалы өніммен өзіміздің өңірмен қоса еліміздің басқа қалаларын да қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Көршілес Ресей, Қытай, Вьетнам елдеріне өнімді экспорттауғада ұсыныс түсіп жатқан көрінеді. Технология бойынша жұммыртқалардыинкубаторға салған сәттен бастап 21 күн ішінде балапандар шығарылады. Ал қырық күннен соң жемдетілген тауықтар союға жөнелтіледі.

img_7363

Дайын өнім бірінші ақпаннан бастап сауда нарығына шығарылады. Тауық етінің әркелісі көтерме бағамен 620-630 теңгеге сатылатын болады. Еттің жартысы  мұздатылған күйінде сатылады. Себебі құс етінің дәмі салқындатылған күйінде жақсы сақталады. Сонымен қатар, фабрикадан шыққан қалдықты да жерге тастамай кәдеге жаратамыз, – дейді«Әулие-Ата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісова.

Осылайша Жамбыл облысы құс еті өндірісінің жаңа дәуірін бастады.

Саятхан Сатылғанов