“БАЙЗАҚ ЖАСТАРЫ” ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және облыстық “Жастар ресурстық орталығының” ұйымдастыруымен “Тарихы терең Таразым II” атты республикалық квест ойындары өткізілді.

Өлкеміздің тарихын зерттеу арқылы зияткерлік қабілеттерін дамыту, әртүрлі қызықты жұмбақтарды анықтауға, логикалық есептерді шешуге, локацияларды табуға және қойылған міндеттерге жауаптарды жылдам шешуге үйрету, сондай-ақ коммуникативтік және шығармашылық қабілеттерін, жастардың білімін арттыру мақсатында өткен сайысқа командалар ерекше ынтамен қатысты.

Ойын барысында әртүрлі қызықты жұмбақтарды, логикалық есептерді, аудио сұрақтарды шешу, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, креативті ойлау қабілеттерін қалыптастыру, интелектуалды ойлау қасиеттерін дамытуға бағытталған тапсырмалар орындалды.
Ойынға Қызылорда, Түркістан облыстары, Тараз қалалық жастары, “Sunqar” волонтерлық ұйымы, Байзақ, Мойынқұм, Жуалы, Шу, Жамбыл аудандарының жастары қатысты.12 команданың қатысушылары ойын басталмастан бұрын Тараздың тарихи жерлерімен танысып шықты. Облыстың көрікті жерлерінде жастарға түрлі тапсырмалар берілді. Сондай-ақ Тараздың және Жамбыл облысының ғылыми, экономикалық жетістіктері, тарихи жерлері туралы сұрақтар болды.

Қатысушыларға тапсырмалар 5 локация бойынша беріліп, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументін, Жеңіс саябағын, Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасын, Т.Рысқұлов атындағы орталық саябағын және “Шахристан” этномәдени кешенін қамтыды.

Сайыс қорытындысы бойынша «Тұран» (Түркістан облысы) командасы жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал екінші орынды Тараз жастары (Тараз қаласы) мен Байзақ жастары (Байзақ ауданы) өзара бөлісті. Сыр жастары (Қызылорда облысы) мен Enigma командалары (Тараз қаласы) үшінші орыннан көрінді. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Берікқожа жүлделі орындарға ие болғандарды естелік сыйлықтармен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

Нұртас Уалиев,

Мырзатай ауылдық округі жастар ісі жөніндегі аға инспекторы.