«БАЙЗАҚ ЖҰЛДЫЗЫ» АНЫҚТАЛДЫ
Өткен аптаның сәрсенбісінде аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде «Байзақ жұлдызы» байқауы өтіп, оған ауыл және ауылдық округтерден 9 өнерлі ұл-қыздарымыз қатысты.
Сахна шымылдығы аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықовтың құттықтау сөзімен ашылды.
— Биыл «Байзақ жұлдызы» байқауы осымен 23 рет ұйымдастырылып отыр. Талай талантты жастарға қанат бітірген осы байқауда ауыл және ауылдық округтерден барлығы 500-ден аса жастар ән шырқап, талайды тамсандырған. Көптеген талапкерлер үлкен сахнаға шығып, өздерінің жолын тауып, бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде өз қызметтерін атқарып жүр. Сахна – киелі орын. Осы сахнада өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бұл байқаудың мақсаты — ауылдағы өнерпаздарды тауып, олардың үлкен сахнада көрінуіне мүмкіндік беру. Олай болса бүгінгі сайысқа қатысушыларға тек сәттілік тілеймін. Өнерлеріңіз өрге бассын,-деп ақ тілегін жолдады Сәкен Шәмшіұлы.
Байқау екі кезеңнен құралды. Алғашқы кезеңде қазақтың біртуар әншісі Роза Бағланованың репертуарынан әндер шырқалса, екінші кезең туған жер, Отан, патриоттық тақырыбына арналып, сахнаға бірінен соң бірі шыққан талапкерлер екі кезең бойынша ән шырқады.
Сайыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлде бурылдық Ақерке Нигматқа берілді. Бірінші орынды Жетібай ауылынан келген Толғанай Саматова иеленсе, екінші орынға суханбайлық Асылжан Қайсарұлы лайық деп танылды. Жетібайлық Жадыра Әділбекова және Кеңес ауылының тумасы Сабыржан Қыстаубай жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті.
Жүлделі орынға қол жеткізген қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілсе, қалғандары Алғыс хатпен марапатталды.
Арайлым НАРБАТЫРОВА