БАҚ өкілдеріне ауызашар берілді

ИМАНДЫЛЫҚ ИІРІМДЕРІ
Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай. Айтулы ұлық Рамазан айы кірісімен «Байзақ баба» мешітінде күнделікті ауызашар берілуде. 250-ден астам ораза тұтушыға ақ дастархан жайылып, әр күн сайын арнайы қонақтар шақырылуда.
Қасиетті айда ауызашар беріп сауап жинауды әдетке айналдырған «Байзақ баба» мешіті кеше аудандағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, атап айтсақ, «Ауыл жаңалығы»-«Сельская новь» газеті мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Ақпараттық медиа орталығы» мекемесі қызметкерлерінің басын қосып, тағы бір сауапты шараға мұрындық болды.
Ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы тілшілерді мүбарак ораза айымен құттықтап, мешіт атынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Мүфтият» баспасынан жарық көрген «Имандылық әліппесі», «Намаз оқып үйренейік» кітаптарын табыстады. Сондай-ақ, халық амандығы үшін дұға жасап, халықты тың ақпараттармен жедел хабарландырып отыратын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне істерінің жемісті болуын тіледі.
Байзақ ақпараттық медиа орталығы.