Баку мен Мәскеу арасындағы «қырғи қабақ соғыс»
6 ақпан күні Бакудегі Орыс үйі жабылғандығы айтыла бастады. Әрі Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей Сыртқы істер министрлігіне Бакудегі Ресей ақпарат және мәдениет орталығын (Орыс үйі) тіркеуді сұрап нота жолдады. Яғни орталықтың жабылуына оның «ресми тіркеуден өтпегендігі» себеп болған секілді…
Орыс үйінің жабылуына қатысты пікір білдірген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Біз өкінеміз. Бұл түсініспеушілік және оны екіжақты байланыстар арқылы шешуге болады деп есептейміз. Әрине, біз әртүрлі деңгейдегі әріптестерімізбен бұл мәселені көтереміз. Егер жоғары деңгейде байланыстар болса, бұл мәселе екі мемлекет басшыларының диалогында талқылануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», – деп жауап берді.
Осы күні болған тағы бір жаңалық екі елді елең еткізді. Әзербайжан Президенті Украинаға құны 1 миллион доллар шамасында болатын гуманитарлық көмек жолдауға бұйрық берді. 2024 жылы әзербайжандар Киевке 40 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек атаған болатын.
Аяқ астынан жөнелтілетін кезекті қамқорлықты былайғы жұрт «Мәскеуге қыр көрсету» деп бағалап жатыр. Ал Әзербайжан БАҚ-тары «Украинаға құны 1 миллион доллар болатын кабель мен трансформатордан тұратын материалдар жіберілді. Бұл материалдар Украинаның соғыстан зардап шеккен аймақтарындағы электр инфрақұрылымын ретке келтіру үшін пайдаланылады», – деп жазды. Сол күнгі тағы бір жаңалық «Azeri-Press» басылымында жарық көрді. Онда ресми Бакудың өз кінәсін мойындамаса, Мәскеуге қарсы халықаралық сотқа шағым түсіруге дайындалып жатқаны айтылған еді.
Басылымның мәліметінше, «қазір қайғылы оқиғаға Ресейдің қатысы барын растайтын айғақтар мен басқа да материалдар талданып жатыр» екен. Бұл жайында журналистердің «Владимир Путин желтоқсанда болған AZAL (Әзербайжан әуе жолдары) ұшағының апатына қатысты мәлімдеме жасай ма?» деген сұрағына жауап берген Песков: «Жоқ, апат туралы айту жоспарда жоқ», – деп қысқа қайырған.
PS: Ұшақ апатына қатысты даудың соңы әлі де созыла түсетін болды. Себебі Әзербайжан тарапы «орыстар жауапкершілікті өз мойындарына алуы керек» деген батыл пікірде тұр. Сондай-ақ Әзербайжан тарапы Мәскеу 2014 жылы Донбасс үстінде малайзиялық Boeing MH17 ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін қолданылған стратегияны қолданып, оқиғаның мән-жайын жасыруға тырысады деген күдіктерін де жасырмай отыр. Себебі әзербайжандардың көзқарасы бойынша Қазақстанның Көлік министрлігінің мәліметінде айтылған деректер ұшаққа жерден шабуыл жасалғандығын растайды деген ұстанымда. Осылайша екі елдің арасы күн өткен сайын суып бара жатқандай…