БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ
Әйелдің бағы баласында. Ана бақытын сезіну Алланың берген ең үлкен бағы екендігін айтпасақ та белгілі болар. Дегенмен ана болу ауыр жүк, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды.
Көп балалы отбасы – береке – бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңырқай қарайтынымыз бар. Көпшіліктің көкейін «оның бәрін қалай асырайды?» деген сауал мазалайды. Дегенмен, әр баланың өз несібесі бар деген. Бірақ та, заманның талабына сай жоғары оқу орнында оқытып, қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңы болғандықтан көп балалы отбасына таңсықпен қарайтыны бар.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Гүлзипа Бейсенбекова 29 жасында 7 қыздың анасы атанған. Сегізінші перзентіне аяғы ауыр келіншек, Құдай қанша бала берсе сонша баланы босанғысы келеді.
Жас ананың жәйін білу үшін «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков арнайы барып қайтты. Ел Анасы жас келінге ақ батасын беріп, «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының бір жылдық басылымын тегін сыйға тартты. Көктем мерекесі қарсаңында Гүлзипаны аудан әкімі Нарбай Ергебеков, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдап, құттықтады.
НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ МІНЕЗІ
Талас ауданы Қаратау қаласының тумасы Серік Әбілдаев Жуалы ауданына 2003 жылы көшіп келген. Гүлзипа Бейсенбековамен 2008 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде Айару, Айғаным, Айша, Айымай, Иманай, Бегімай, Инаят есімді жеті қызды тәрбиелеуде. Ерлі-зайыптылардың тұңғыштары бүгінде 10 жасқа келсе, кенжелері 1 жас 4 ай. Әр баланың жас арасы 1 жас 3 айдан басталады.
Әйгерім есімімен танылған жас келін бүгін де туған-туыстары мен көршілеріне «пысық келін» атанған. Әйгерімнің мамандығы бастауыш сынып мұғалімі болғанымен осы уақытқа дейін жұмыс жасап көрмеген. Менің басты жұмысым қыздарыма үлгі боралықтай ана бола алсам менің үлкен жетістігім сол дейді. Ал жоласының мамандығы – электрик. Ол бүгінгі таңда Ақтау қаласында вахталық жұмыс жасайды екен.
— Қазақ халқы «Қыз өссе – елдің көркі» деген сөзді текке айтпаған. Отағасы екеуіміздің бүгінде қырдың қызыл қызғалдағындай жеті қызымыз бар. Балаларым – бақытым. Отасқанымызға 12 жыл болса да жолдасым бір ретте болсын «тек қыз таптың» деп бетіме басқан емес. Қайта мені әрдайым қолдап, «қыз бала – өріс» деп отырады. Біздің отағасы 15 күн Ақтау қаласында жұмыспен болғандықтан, ол келгенше босанып, таксилетіп үйге келе береміз. Аман-есен шықтық, жеттік деп хабарымызды беріп қоямыз. Мені гүлмен күтіп алмадың, шығарып алмадың демейміз. Оған бола өкпелейтін ештеңесі жоқ. Бастысы балаларымыздың дені сау болса болғаны. Отбасы болған соң бір –біріңе түсіністік танытып, сыйласып өмір сүру керек. Әлі жаспыз, Алланың берген ұрпағының бәрін дүниеге әкелгім келеді. Өзім қыз күнімнен көп балалы ана болсам деп армандаушы едім. Отбасында 3 қыз, 1 ұлмыз. Жолдасым 5 ағайынды. Қазақ халқы баласын еш уақытта міндетсінбеген, санын айтпаған. Баласын жетектеп наразылыққа шығып жатқан аналарды көріп қорықтым. Ол бала ол анадан не тәрбие алады? Әр баланың өз несібесі бар. Әр балаға адалдық пен адамды үйреткіміз келсе бірінші өз нанымызды адал жолмен табуымыз керек. Шығыс даналары «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» деген екен. Әр перзентіміздің тағдырына ата-ана ретінде бей-жәй қарауымызға болмайды, ол біздің басты парызымыз. Үлкен тәрбие үйден, өзіңнен, шаңырағыңнан басталады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп жатамыз ғой. Қыздарым менен көргенін жасайтынын білгендіктен мен бірінші өзімнің іс әрекетімді түзеуге тырысамын. Көбінде үйде тәтті бәліштер мен тағамдар жасағанды жақсы көремін. Келешекте қыздарымда қыз баласына ең керекті деген мамандықтарды алса деймін. Қыздарымда қазірден аспазшы, дизайнер болсам деген армандарын айтып қояды. Қандай мамандықты таңдаса да біз қарсы болмаймыз, бастысы жүректерінде иман болса болғаны, – дейді Гүлзипа Аралбекқызы.
«БАҚЫТТЫ БОЛУ, БАҚЫТТЫ ҚЫЛУ»
Анадан көрген тәрбиесін алып, келін болып өзге үйдің табалдырығын аттаған күннен ата-енесі жылы шырай танытып қыздарындай көрген Әйгерім кенже келін. Кенже болғанына қарамастан үлгілі келін бола білген. Бүгінгі күні аналарынан бөлек тұрса да күнде жағдайын сұрап, келгенде жылы шырайын танытып, бар тәтті-дәмдісін алдарына ұсынады.
— Қыз баласының басты арманы әйел бақытын сезіну, шүкір, ол бақыт менде бар. Жолдасым мен ата-анамыз маған әрқашанда қолдау көрсетіп отырады. Келін болып түскен күннен енем бір қабақ шытып қараған емес. Зейнеп Ахметова апамыздың бір сөзі бар ғой «Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болу екінің бірінің қолынан келмейді» деген. Тәубе, менің енем нағыз ана бола білді және маған ана болуды үйретті. Сол кісілердің жолымен жүріп, сол кісілердей бола алсақ ол үлкен бақыт және ең үлкен жетісітігім болар еді. Ененің мектебінен өтпеген келін – келін емес. Ә дегеннен еншісін алып, бөлек тұрғысы келетін келіндерді мен түсінбеймін. «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сиясың» деген бар, үлкенге қашанда құрмет көрсетіп, ілтипат танытып тұрсаң неге саған қызындай қарамасқа? Аналарымыздан үйренгенім көп, үйренерім де көп. Менің сүйікті кәсібім туған күн кештеріне, қуанышты жағдайларға арнап тәтті бәліштер дайындау. Екі жылдай осы жұмыспен айналысқан болатынмын. Бүгінде пісіретін пеш болмай сәл қинап тұр. Негізі еркектің жүрегіне алып баратын ең қысқа жол асқазан арқылы дейді ғой. Жолдасымыздың жәйін табу үшін қашанда тамағымыз дайын, қабағымыз ашық болып отырамыз. Сонымен қатар, үйде кішкентай балаларың болған соң ағарғанның үйден шыққаны жақсы ғой. Сиыр алып, күнделікті сүт, айранын ішіп отырғанға не жетсін. Болашақта жолдасым екеуіміз мал алып, оны көбейтсек деген жоспарымыз бар. Өзім мектепте оқып жүргенде он сиырға дейін сауатынмын. Еңбек етуден ешқашан қашқан емеспін, – дейді алтын құрсақты ана.
Өнегелі қыздың тәрбиесі тал бесіктен басталады. Сондықтан ене қанша көргенді болса да, ата-анасынан дұрыс тәрбие алмағаны қайта тәрбиелеу мүмкім емес. Шаңырақтың берекесін молайтып, мерекесін келтіретін ене мен келін. Қазақта «қызың жақсы болса бір бақыт, ұлың жақсы болса мың бақыт, келінің жақсы болса – шын бақыт» деген. Шаңырағын шаттыққа бөлеп, берекесі бола білген Гүлзипа Аралбекқызы қазіргі жас келіндерге үлгі болары сөзсіз.
Гүлзипа Бейсембекова, көпбалалы ана: Алғысым шексіз
Өзге газеттен қашанда ерек жүретін, халықпен тығыз байланыста болатын сүйікті газеттерімнің бірі «Qazaqstan dauiri». Сонымен қатар, қыздарыма жиі оқып отыратын журналдарымның бірі «Мөлдір бұлақ». Себебі, басшы болып орнында отырып қана қоймай, үнемі ел арасында жүретін Ел Анамыз Сәуле Мешітбайқызы және оның тілшілерінің осы басылымдарды рухани жағынан жоғары тұрғыда шығарып отырғандығы. Қос басылымда да ұлт, ел тағдыры, тарихы, күнделікті тіршілік тынысы шынайы жазылады. Жақында Жуалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нарымбетов Марат, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Фариза Айтбек сіңлім мен аталмыш газеттің директоры Сәуле Мешітбайқызы менің көпбалалы ана екенімді естіп, арнайы үйіме келген болатын. Ақ батасын берген Ел анасына алғысым шексіз. Елдің қамын ойлаған осындай Ел анамыз бар біз қашанда бақыттымыз. Шүкір, менің қазір жеті қызым бар, үкіметтің қамқорлығы ерекше. Алла қашанда Сәуле апайға абырой берсін. Қайда жүрсе де аман болып, дені сау болсын. Апайдың арқасында аудан әкімі Н.Ергебеков пен облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қабылдауларында болып, сыйлықтарына ие болып жатырмын. Осының барлығы бірінші Алланың, екінші Сәуле апайдың арқасы деп білемін. Сонымен қатар қазіргі таңда ауданда кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар мен кредиттер беріліп қамқорлық жасалып жатыр. Қашанда көмек қолын созып жүрген аудан әкіміне де айтар алғысым шексіз.
Фариза АЙТБЕК,
Жуалы ауданы