Бақыт қайда барасың?
— Бақыт қайда барасың?
— Ата-анасын сыйлаған,
Ұйымшылдық ойлаған,
Тату жанға барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Өсірген жақсы баласын,
Сыйлаған ата-анасын,
Көргенді ұлға барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Балбұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы серікті,
Берекелі үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Еш адамды күндемес,
Өсек отын үрлемес,
Әдепті үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Ұлы, қызы есейген,
Ауыз бірлік күшейген,
Келінді үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Шариғат сөзін тыңдаған,
0 дүниені ойлаған,
Аллалы үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Сыйлай білген молланы,
Діннің жолы қорғаны,
Бісмілләлі үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Үйінде тұрған Құраны,
Расул Аллаһ ұраны,
Тәртіпті үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі,
Ұйымшыл елге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Тарауық намаз оқыған,
Көңіліне аят тоқыған,
Ниетті елге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Сәресі, сахар ішетін,
Хақ жолына түсетін,
Сәресі ішуге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Балбыраған бесікте,
Қайыры бар есікте,
Балалы үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Келін мен қызы ибалы,
Ата-анасын сыйлайтын,
Сондай үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Туысымен татулы,
Жаман сөз жоқ шатулы
Ынтымақты үйге барамын.
— Бақыт қайда барасың?
— Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын!
©Қабан (Қаблиса) жырау Асанұлы