БАҚЫТТЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ЗАҢДАРЫ
1. Ұқсастық заңы
Біз өзіміз қандай болсақ, дәл сондай адамды өмірімізге тартамыз. Егер сізге айналаңыздағы адамдар ұнамаса, ең алдымен өз жаныңызға үңіліңіз. Ал егер сіздің жолыңыз жақсы адамдармен жиі түйіссе, бұл – сіздің өзіңіз сондай адам екеніңіздің белгісі. Сондықтан өміріңізге лайықты жанды тартқыңыз келсе, алдымен өзіңіз сондай адам болыңыз.
2. Себеп пен салдар заңы
Не ексең, соны орасың. Серігіңізге қалай қарасаңыз, ол да сізге солай қарайды. Өзіңіз қалай қарым-қатынаста болғыңыз келсе, серігіңізге дәл сондай қарым-қатынас жасаңыз.
3. Сүйіспеншілік заңы
Әр адам махаббатқа мұқтаж. Махаббат – қабылдау, шынайылық, нәзіктік, қамқорлық, жан-тәнімен берілу, жауапкершілік, сенімділік, риясыздық, жомарттық. Бұл қасиеттерді қаншалықты көп көрсетсеңіз, соншалықты көп аласыз.
Ал қорқыныш, қызғаныш, тәуелділік, манипуляция, бақылау, кінә тағу мен айыптау – қарым-қатынасты бұзады және махаббатқа еш қатысы жоқ.
4. Сөз құдіреті заңы
Сөз – емдеуші де, өлтіруші де күшке ие. Айтылған әрбір сөз жан дүниеге жара салуы мүмкін. Адам жаны – нәзік бала секілді, оны жаралау оңай, ал емдеу қиын. Сондықтан сөздеріңізге абай болыңыз. Жақындарыңызды тек жылы сөздермен, мақтау мен қолдаумен қуанта біліңіз.
5. Сенім заңы
Нағыз махаббатқа сенім ауадай қажет. Сенім болмаған жерде күмән, үрей, қорқыныш пайда болады. Күмәнданған адам өз серігін еркінен айырып, оны «қақпанға» түсіргендей күйге түсіреді. Ал қызғаныш – жалғыздықтан қорқу, өзіңді төмен бағалау және өзін-өзі сүймеудің белгісі. Шынайы махаббаттың ажырамас бөлігі – сенім.
6. Шынайылық заңы
Көпшілік махаббат болса, қарым-қатынастың өзі-ақ баянды болады деп ойлайды. Бірақ махаббат – тірі ағза секілді, ол не өседі, не солып қалады. Ал оның гүлденуі үшін шынайы қарым-қатынас қажет.
Серігіңізбен тілдесуден, сезімдеріңіз бен қажеттіліктеріңіз туралы айтудан қорықпаңыз. «Мен сені сүйемін» деген үш сөзді айтуға ұялмаңыз. Жақын адамыңыздың сіз үшін қаншалықты қымбат екенін көрсетіңіз. Сіздің шынайы мақтау сөздеріңіз – қарым-қатынасқа жаңа тыныс сыйлайтын шуақты күн секілді.
7. Сыйлау заңы
Махаббат – өзіңнің бір бөлігін ешқандай шартсыз, ақысыз беру. Егер сіз сүйіспеншілікті сезінгіңіз келсе, оны жай ғана таратыңыз. Сіз қаншалықты көп берсеңіз, соншалықты көп аласыз.
Махаббат – бумеранг секілді, ол міндетті түрде сізге қайтып келеді. Кейде оны сізге басқа адам қайтарады, бірақ бәрібір сізге оралады.
Өкінішке орай, адамдар жиі махаббатты алғысы келіп, оны бірінші болып беруге асықпайды. Бұл – от жағуға отын қоспай-ақ жылынуды күткенмен бірдей. Шынайы махаббат – ештеңе талап етпейді, ол тек беріледі.
8. Жанасу заңы
Жанасу – сүйіспеншіліктің ең күшті көрінісі. Ол адамдар арасындағы кедергілерді жойып, қарым-қатынасты нығайтады.
Жақын адамыңызды жиі құшақтаңыз, қолынан ұстаңыз. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, хирург ота алдында науқастың қолын бірнеше минут ұстағанда, олардың сауығу жылдамдығы үш есе артқан.
Жылы жанасу – стрессті азайтып, жүйке жүйесін тыныштандырып, иммунитетті нығайтады. Тіпті кейбір мамандар күніне 7-8 құшақтаспасаңыз, денсаулығыңызға кері әсер етеді дейді.
9. Еркіндік заңы
Егер біреуді сүйсеңіз, оған еркіндік беріңіз. Оның өз өмірін өз қалауы бойынша сүруіне мүмкіндік беріңіз.
Шынайы махаббат – сүйікті адамыңның таңдауына құрмет көрсету. Біреуді шектеу арқылы оны өзіңізден алыстатасыз. Бірақ шынайы еркіндік берсеңіз, ол адам сізге одан бетер жақындай түседі.