Бақытты күн
Мен тосыннан орындала салатын тілектерді жақсы көрем. Кенеттен бола салатын қуанышты құп көрем. Бір көргеннен ғашық болуға жақпын. Кей дүниеге уақыт өлтіріп, бас қатырудың қажеті шамалы. Кейде әншейін жүректі қосып, миды өшіре тұру керек. Өткен өміріңе бұрылып бір қарашы, сені шын бақытты еткен не бар? Өткен өмірің тек мүлтіксіз жоспармен өтіп пе еді?
Көңіл күй, сезім – нақты бір ингридиенттерден тұратын тағам емес қой, тоңазытқыштың есігіне іліп қойған ас мәзірі емес – дұрыстығынан айнымайтын, ішпыстырарлық, алдын ала дөп білетін дүние емес. Сезім деген таңғажайып десерт! Ішіп-жеп болып, кетейін деп дайындалып жатқан кезде аспаздың саған жасайтын тосынсыйы! Сонда екі езуің екі құлағыңда! Таң қалыс! Қуаныш! Бұл энергия ғой! Ой, бұл тым қымбат қой деп өзіңді шектеме, кінәлама. Тосыннан жеткен бақытты сәт – ғаламның өлшемінде тіпті де тосын емес. Оның есесін сен өмір жолыңда жолыққан жандарға көрсеткен адамгершілігіңмен, мейіріміңмен, адалдығыңмен, әділдігіңмен төлеп қойғансың. Кейде жалғыздықта төккен көз жасыңмен де төлеп тастайсың. Басыңа бақытты күн туғанда сен жай ғана қуан. Жай ғана рахаттан.
© Алина Ермолаева, 2022
Аударған @shinarabelda
Шынар Әбділданың фб парақшасынан